Еліміздің әр өңірінде дәстүрге айналған отбасылық сайыста Ақтау қаласы да қалыс қалмай, спорттық шараны жоғары деңгейде өткізе алды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Данияр Орал хабарлады.
Өңірдің мемлекеттік қызметшілері арасында Теннис орталығында ұйымдастырылған шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болды.
Спорттық сайыс Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойы мен «Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орайластырылған.
Спартакиада ережесіне сәйкес, жарысқа мемлекеттік қызметшінің жанұясы, яғни, ата-ана және 6-8 жас аралағындағы екі бүлдіршіннен қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Нұргүл Жанназарова сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасы аясындағы спорттық іс-шараның мақсаты мемлекеттік қызметшілердің арасында салауатты өмір-салтын насихаттап, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру екендігін атап өтті.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Жұмабай Елбасының бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамаларын жүзеге асыру шеңберінде осындай спорттық іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен одар әрі жалғасын табатындағын жеткізді.
11 ойын түрінен өткен сайыс нәтижесі бойынша бірінші жүлделі орынды «Парасат» тобы (Далабаевтар отбасы-МҚІСЖҚІА Маңғыстау облысы бойынша департаменті), екінші орынды «Аманат» тобы (Долдашевтар отбасы – МҚІСЖҚІА Маңғыстау облысы бойынша департаменті), үшінші орынды «Қырандар» тобы (Елешовтар отбасы – МҚІСЖҚІА Маңғыстау облысы бойынша департаменті) иеленді.
Сайыс қорытындысы бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізген «Құлагер» тобы (Қарабековтер отбасы-қылмыстық-атқару жүйесі департаменті) мен «Патриоттар» командасы (Кунгуровтар тобы-«Школьник» орталығы) бағалы сыйлықтармен, ал жеңімпаздар дипломдар, медальдар және кубоктармен марапатталды.
Кәмшат Ізбасарова
Ақтау қаласы