Әжемнің алтын сандығынан…

     «Әже» десе, ойымызға ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе…» атты өлеңіндегі әже бейнесі оралары сөзсіз. Тіпті, «әже» деген атау ол кісіге дүние есігін ашқан сәттен берілетіндей көрінеді. Бұл атауды ақ жаулықпен, ақ кимешекпен, оюлы қамзолмен, қолындағы асыл тасты білезікпен байланыстырамыз. Қызық… Құдды, бұл бұйымдарды жастық шағынан бері киіп жүргендей… Ойланаса қарасақ, қазіргі күннің әжелерінің де жалынды жастық шағы, өзіндік сән әлемі, стилі болғандығын аңғаруға болады.

    Ұлы Отан соғысынан кейін дүниеге келген менің ақ әжем де жас күнінен өзіне тән шаш және киім үлгісін қалыптастыра білген екен. Арнайы мақала үшін әжемнің архивтерінен сол замандағы сән үлгісінен хабар берерлік дүниелер тапқандаймын.

    1980 жылдардағы сән үлгісіне назар салсақ, бүгінде сәнге еніп жатқан жазғы көйлектерден еш айырмашылығы жоқ екен. Мұндай көйлектер ешқашан өзіндік орнын жоғалта қоймасы анық. Ыңғайлы әрі сәнді. Нағыз қазақ қызына тән стиль деп ойлаймын.

     Ал, фигаросы немесе пиджагы  бар сарафан сол жылдары брендке айналған екен. Өзі жылы әрі ыңғайлы бұл стиль түрін бүгінгі күннің ұстаздарынан, оқытушыларынан көруге болады.

     Сіз 1970 жылдағы сәнді шаш үлгілерін білесіз бе? Ол жылдары нәзік жандылар шаш үлгісіне ерекше мән беріп,  жарасымды әрі ерекше стиль қалыптастырған.

       Иә, бүгінгі күнде де осындай әдемі үлгіні кей қыздардан кездестіріп жатамыз. Бірақ, ХХІ ғасырдың қыздары қолаң шаш, қиғаш қасты аса қаламайтын сияқты… Заман ағымы әрқилы.

  Меніңше кез келген қыз бала я әйел адам шашына  түрлі өзгерістер енгізіп, ойындағы сан түрлі эксперименттерді жүзеге асырғанды   ұнатады. Алайда, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген халық мақалын жадымызда ұстағанымыз абзал.

    Бүгінде қоңыр күздің қара суығында немесе аязды қыста әдемі бас орамалдың да сәнге айналғанын байқаймыз. Егер, әдемі жарасым тауып тұрған болса, неге тақпасқа?

   Меніңше, заман ағымы қайда бұрса да, шаш және киім үлгісі ешқашан өз маңызын, ерекшелігін жоғалтпайды. Қанша уақыт өтсе де, сән үлгілері жыл мезгілдері іспетті айналып келеді.


Аружан Әлкен

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *