Биыл Ұлы дала даналарының бірі Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерейтойы. Бұл айтулы дата – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы №228 бұйрығы бойынша 2019-2021 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізілген. Аталған шараға байланысты Ұлы дала даналарының бірі Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерей тойына орай ұлттың Ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болмақ.
Халықаралық «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қайырымдылық қоры Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне ұлтымыздың Ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге биік тас тұғыр үстіндегі айбынды ескерткіштерін орнатты. Ескерткіш ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы комиссиясының шешіміне сәйкес, құзырлы органның бұйрығымен бекітілді.
Ескерткіштің ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжіліс және Сенат депутаттары, ҚР қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен облыс жұртшылығы қатысатын болды. Республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен, ұлттық спорт ойындарымен жалғасып, Ұлы билерге арналған ас беріледі.
Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп белгілегендіктен, «Жастар саябағына» ескерткішті орнату идеясын ойластырып, тұғырына қондырған белгілі ұлтжанды азамат, мемлекетшіл қайраткер, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев. Былтыр осы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне Орбұлақ шайқасы жеңісінің 375 жылдық мерейтойына орай ұлы жеңістің қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап, екеуінің ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылған болатын.
Өтетін уақыты: 2019 жыл, 27 сәуір, 10.00.
Өтетін орны: Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының 45 шақырымындағы Сарапхана ауылы.