Ұлт тарихы мен мәдени құндылығын тану мен танытудың тың жобасы

Сенбі күні Атырауда  «Сарайшық-бабалар мұрасы» жобасы аясында  мүсіншілер мен график суретшілердің симпозиумы ашылады. Онда өнер шеберлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік дәрістері мен семинарлар өткізеді.  

Қазақ тілін және сол арқылы ұлттық құндылықтар мен ұлт мәдениетін, ұлттың жаңа болмысын насихаттауды басты жұмыс бағыттарының бірі ретінде басшылыққа алған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Астана қалалық филиалы бүгінде Астана қаласында, сонымен бірге ел аймақтарында заманауи жұмыс тәсілдерін қолдану арқылы «ұлт үшін деген ұлы іске» тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында  бірнеше бастама-жобалар бойынша белсене жұмыс істеуде. Бұл ретте Филиалдың 2024 жылдың екінші жартыжылдығында  «Сарайшық-бабалар мұрасы» атты әлеуметтік жобаны іске асыру грантын жеңіп алғанын атап өтуге болады.

Атырау облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен 2024 жылдың қазан-қараша айларында бірнеше кезеңде өтеді деп жоспарланған «Сарайшық-бабалар мұрасы» атты ауқымды әлеуметтік жобаның негізгі шаралары екі бағытта өтті: Біріншісі – «Сарайшық – бабалар мұрасы» жобасы аясында  мүсінші мен графикалық суретшілердің қатысуымен пленэр ұйымдастыру; екіншісі – өз жұмыстарын таныстырып, қатысушылармен тәжірибе бөлісетін белгілі мүсіншілер мен графикалық суретшілердің қатысуымен шеберлік сыныптары, семинарлар өткізу; үшіншісі – қатысушылар тәжірибе және идеялармен алмасу, сондай-ақ өнерді ілгерілету және «Сарайшық-бабалар мұрасы» мәдени мұрасын сақтау үшін бірлескен іс-қимыл стратегиясын жасау мүмкіндігіне ие болатын екі күндік симпозиум ұйымдастыру; төртіншісі – өткізілген планэрлер, шеберлік сыныптары мен симпозиум қорытындысы бойынша Атырау облысында мүсіншілер мен графикалық суретшілердің жаңа жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру.

Филиал ағымдағы жылдың 12-20 қазан аралығында Атырау қаласында  «Сарайшық-бабалар мұрасы» жобасы аясында  мүсіншілер мен график суретшілердің симпозиумын ұйымдастырады. Симпозиум мен суретшілер пленэріне, елімізге танымал белгілі суретші мамандар өткізетін  шеберлік сыныптар мен семинарға Атырау облысының бейнелеу, мүсін саласы мамандары, ЖОО мен орта мектептегі сурет пәні оқытушыларының  қатысуы жоспарланған. Қатысушылар бейнелеу өнері мен графиканың қыр-сырларын меңгеріп, кескіндеме композицияларын жасау бойынша тәжірибелер жинақтайды деп күтілуде.

Шеберлік сағаттар барысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, “Астана қаласының қәсіпқой суретшілер одағы” ҚҚ президенті, халықаралық конкурстардың жеңімпазы

Сембіғали Смағұлов,  Суретші-график, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, әртүрлі халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Бекжан Жұмабаев, сонымен қатар жас талант, «Шабыт» университетінің 4 курс студенті, халықаралық, республикалық конкурстар жеңімпазы Мұстафа Нарбек  дәріс оқып, шеберлік сағаттарын өткізеді, бейнелеу өнерінің түрлі жанрындағы  тәжірибелерімен бөліседі.

Атырау қаласы «Urpaq» қол өнер академиясында (Құбаш Медеубаев көшесі, 32а)  өтуі  жоспарланған симпозиум іс-шараларының негізгі тақырыптары:

  • “Бейнелеу өнеріндегі композиция құру мәселелері” (семинар).
  • “Бейнелеу өнеріндегі композиция құру мәселелері” (шеберлік сағат).
  • “Бедерлеу заңдылықтары” (шеберлік сағат)
  • “Ұлттық киімдегі қыз бейнесін кескіндеу” (шеберлік сағат)
  • “Алтын қайық” графикалық композициясын құру (шеберлік сағат)
  • “Көне Сарайшық қаласының композициясы” (шеберлік сағат)
  • “Ерікті авторлық графика” (шеберлік сағат)

“Сарайшық – бабалар мұрасы” жобасы мазмұны мен өту әдісінің сонылығымен ерекшеленеді. Жоба мақсаты – «төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар Сарайшық» (Қ.Тоқаев) тарихын тану мен танытуда, тарихи мұраны насихаттауда  өнердің, соның ішінде   көркем сурет, бейнелеу мен мүсін өнерінің  мүмкіндіктерін барынша пайдаланудағы тың ізденістерге жол ашу, өнер туындыларын жас ұрпаққа патриоттық, эстетикалық тәрбие беру ісінде қолдану, жергілікті суретшілердің шеберліктері мен кәсіби біліктілігін арттыру ісіне үлес қосу. Сөз жоқ, осындай кешенді бағытталған шара өнер саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, ең бастысы, бай тарихи мұрамызды таныту, насихаттау ісіне тың серпін беретіні анық. Сондықтан да жобаны ұйымдастырушылар  “Сарайшық – бабалар мұрасы” әлеуметтік жобасына үлкен үміт артып отыр және жобаның  нәтижелі болатынына сенімді.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *