ҰЛТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

«Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біріне көңіл аудармау – үлкен қылмыс. Этика, эстетика дегендердің тым нәзік сырларын әр халық өз тілінде ғана еркін түсінсе керек»

Ғабит МҮСІРЕПОВ

Адамзат баласының ең асыл байлығы, ұлттың ұлы мұрасы, мемлекеттің текті тегершігі, руханияттың нілі мен тілі тіл екенін ұлы жазушыларымыз бен ақындарымыздың, арда тұлғаларымыздың шығармаларынан асқақтата оқып танысақ, оның қасиетін ана сүтімен бойымызға дарыттық. Жалпы, тіл – адамзат баласының қоғамдық-әлеуметтік дамуының бірден-бір көрсеткіші әрі ұлттың негізгі қасиеттерінің ең ұлысы саналады. Өзіндік ана тілі болмаса, ұлт та болмайтыны, мұрадан мұрат пен асқақ арман жолының мұнартатыны айшықталмайтыны ақиқат. Тіл мен ұлт ажырамас бірлікте деудің заңды екені де шындық. Осы орайда облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс ЖОЛДЫБАЙМЕН сұхбат жүргіздік.

– Жеңіс Хамитұлы, адамзат баласының ең асыл құндылығы саналар тілдің тағдыры әр халықты, әр мемлекетті толғандырары хақ. Қазақ тілінің ең бай тіл екенін ұлыларымыз рухты сөздерімен дәлелдеп кетті. Осы орайда елдің ұлы құндылықтарын дәріптеу жолында еселі еңбек атқарып келе жатқан Тіл орталығы туралы айтып берсеңіз. Аталмыш мекеме қашан, қалай құрылды?

– Жалпы, тіл орталығы 2006 жылы сол кездегі өңір басшысы Серік Үмбетовтің бастамасымен жер жаннаты Жетісудің орталығында Алматы облысы бойынша тұңғыш тіл орталығын ашу туралы қаулы шықты. Бұл игі бастама 2007 жылы 13 қаңтарда жүзеге асты. 2013 жылдың 13 ақпанында ТМД елдерінде алғаш рет Тіл сарайы ғимараты керегесін керіп, босағасын бекемдеді. Бүгінгі таңда біздің мақтанышпен айтатын дүниеміз де осы. Талдықорғаннан өзге өңірде, жалпы елімізде мұндай Тіл сарайы жоқ.

2006-2013 жылға дейін мемлекеттік және орыс тілі курстары жүргізілді. Ол бастауыш жалғастырушы және дамытушы деңгей негізде жүзеге асты. Ал, 2012 жылдан бастап осы курсқа Қазтест бағдарламасы енгізіліп, А1-А2, В1-В2 деңгейлерімен оқыту игілікті ісі жыл сайын өріс алып келеді. Айта кету керек мемлекеттік және орыс тілінен басқа, ағылшын тілін үйрету де қолға алынды. Бұрын облыс бойынша 10 филиал жұмыс істесе, 2019 жылдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен қалған тоғыз ауданда филиал ашылды. Бүгінгі таңда өңірімізде 20 тіл оқыту орталығы жұмыс атқаруда.

Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы көп. Бізге жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласынан республикалық ұлттық тестілеу орталығының өкілдері келіп, мемлекеттік қызметшілерді, бюджеттік сала қызметкерлерін және жеке тұлғаларды сертификаттық және диагностикалық тестілеуден өткізуді жоспарлы ұйымдастырып отырады.

– Толайым істер атқарылған жерде жетістіктер де көптеп болатыны анық. Осы тұрғыдан термелеп өтсеңіз?

– Мен бұл қызметке өткен жылдың маусым айында келген едім. Одан бері көптеген игілікті жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз білесіздер екі жылға созылған пандемия кезінде де онлайн форматта жұмыс жасадық. Осы жылдың басынан бастап толық офлайн форматқа өттік. Бір жағынан пандемияның жеңілдеуіне байланысты, екіншіден тыңдаушылармыз өздері де офлайн форматтың әсерлі әрі тиімді екенін айтты. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы» байқауы өтеді. 2021 жылы біз соған қатысып, бірінші орын иелендік. Бүкіл ел болып Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын тойлағалы жатырмыз. Қазір соған орай дайындығымызды да бастап кеттік. Үшінші мамыр күні облыстық «Үздік оқытушы» байқауын өткіземіз. Жеңімпазымыз бұйырса республикалық байқауға қатыспақ. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына 30 іс-шара жоспарлап отырмыз. Екі әдеби кеш, екі дөңгелек үстел, тоғыз танымдық сабақ, бір эссе байқауы және он алты ашық сабақ өткізсек пе деген жоспарда бар.

Ақпан айынан бастап ақпараттық-коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісін ықпалдастыру бағытында білім жетілдіру курсын ұйымдастырдық. Білім жетілдіру курсында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық практикалық орталығы ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы дәріс оқып, заманауи ақпарттық технологияның маңыздылығын және оқыту курстарында тиімді пайдалану жолдарын түсіндіріп, іс-тәжірибесімен бөлісті. 16 сағаттан тұратын екі күндік курсқа барлығы 50-ге жуық мұғалім қатысты. Ақпараттық-коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісін ықпалдастыру бойынша курс соңында сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар тілге байланысты мемлекеттік тілді насихаттауға арналған бейнероликтер түсірмек ойымыз бар. Сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін арттыруда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарын шақырып, курс өткізу және «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасындағы облыстық байқау өткізсек пе деген жоспар бар. Сонымен қатар «Тіл үйретудің заманауи әдіс-тәсілдері» атты аймақтық іс-тәжірибе алмасу екі күндік семинар өткізу, тілге жауапты мамандар мен тіл орталығының қызметкерлерін шақырып сабақтар өткізу жоспарланды. Оқыту орталықтарының жұмыстарын жүйелендіру мақсатында жыл аяғында «Жылдың үздік оқытушысы», «Жылдың үздік меңгерушісі», «Жылдың үздік филиалы» атты байқауымыз бар. Марапат, сыйлықтарымызды сол кезде табыстаймыз. Одан бөлек тіл оқыту орталықтарында Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасына қарасты болғаннан кейін қандай шара болсын білек сыбана кірісеміз. Басқарма тарапынан ұйымдастырылатын шараларға қатысамыз. Басты міндетіміз әдістемелік көмек көрсету және оқыту. «Тіл – Қазына» ұлттық практикалық орталықтың шаралары мен семинарларына онлайн режимінде еш жібермей барлығымыз дерлік қатысып отырамыз, әрдайым тығыз байланыстамыз.

– БАҚ өкілдері ұлттық руханият бағытында, тілдің саясатын жүзеге асыру мақсатында түрлі шаралар өткізіп жатқандарыңызды басылым беттерінде жиі жазылады. Осы шаралар туралы айта өтсеңіз?

– Жылдың басынан атқарған шаралар былтырғы жылы 5196 тыңдаушымен аяқтаған болатынбыз. Қазір «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы құрамында жетпіс сегіз штат бар. Оның ішінде екі бөлім, тілдерді оқыту талдау, мониторинг бөлімі және латын әліпбиіне көшу, оқыту әдістемелік жұмыс бөлімі бар. 17 аудандық 2 қалалық филиалымыз бар. Сонымен қатар, 2020-2021 жылдардағы тыңдаушылардың жалпы оқыту процесінің жұмыс регламенті (онлайн оқыту, оқыту мерзімі алты ай және үш ай) қайта қаралып бекітілді. Бір топта он үш тыңдаушы. Оқыту деңгейі қарапайым А1, базалық А2, орта В1, жоғары В2 бойынша оқытылып жатыр. 2020 жылы 4475 тыңдаушы болса 2021 жылы 5196 тыңдаушымен аяқтадық. Оның ішінде мемлекеттік тіл бойынша 2020 жылы 3792 тыңдаушы болса, 2021 жылы 4097 тыңдаушыға өсті. Ағылшын тілі бойынша 2020 жылы 655 тыңдаушы болса, 2021 жылы 986 тыңдаушыға артты. Орыс тілі курсы бойынша 2020 жылы 28 тыңдаушы болса, 2021 жылы 131 тыңдаушыға өсті. Ағылшын тілі курсы 8 ауданда бар. Ал, орыс тілі курстары біздің орталықта бар және Кербұлақ ауданында ғана жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар іс жүргізу курсы да бізде оқытылады. 2022 жылы 1193 мемлекеттік қызметкерлер,  2383 бюджеттік сала қызметкерлері, 521 жеке тұлға тіл үйренуде. Этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау үшін 2021 жылы 261 адам Қазтест тапсырды.

– Көшедегі жарымжан жарнамалар, қате аударылған аудармаларға Тіл орталығының құзыреттілігі қандай?

– Бұл бағыттағы жұмыстар Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірлесе атқарылады. Көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауатты жазылуы бойынша әдістемелік көмек көрсетіп көмектесеміз.

– Еңбектеріңізге табыс тілеймін!

– Рақмет!

 Алматы облыстық «Жетісу» газетінің аға тілшісі

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *