Ұлттық кітапханадағы бір күн

Өткен аптада Еуразия ұлттық университеті, журналистика және саясаттану факультеті баспа ісі – 31 тобы «Кітап дизайны» пәні бойынша жетекшісі Бейбітгүл Тоқабаеваның бастамасымен Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасы мен қолжазбалар және сирек кітаптар қорына барып қайтты.

 

Кітап – сан ғасыр бойы адамзат әлемін өркениетке бастаушы. Білім-ғылыммен сусындатып, өмірлік азық болған адал дос, ұлы ұстаз. Уақыт ілгерілесе де, тарих пен бүгінді жалғаған кітап пен оның маңыздылығы еш өзгермеді. Қарыштап дамыған технология, сағат сайын құбылған нарық заманында да адам баласы іздеп жүріп оқитын, қолдан-қолға ілікпейтін асыл мұра , құдіретті сөз елеусіз қалған жоқ. Қазақ даласына ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында келген кітап шығару үрдісі бүгінде өз жалғасын тапқан. Ресми мәлімет көздеріне сүйенсек қазіргі таңда елімізде 300-ден астап баспалар мен баспаханалар бар. Баспа саласының мамандарын республикамыздың екі ұлттық оқу орнында дайындайды. Жылына онға жуық грант бөлінетін бұл сала мамандарына деген сұраныс ерекше.

Осыдан 3 жыл бұрын аузымызды ашып, қай салаға тап болғанымызды түсінбей дал болып жүрген де біздер едік. Арада уақыт өткен сайын мамандығымыздың қыр-сырымен терең таныса бастадық. Интернет дүниеге келгенде «Енді кітап пен газет-журнал оқылмайды. Бұл саланың болашағы бұлыңғыр» деген болжам жасалғаны естеріңізде ме? Бұл сәуегейлік қате болып шықты. Адамзат баласы рухани ұстаздан бастартпады. Ғаламтордың әлеуетімен бірге кітап таралымы да арта түсті.

Астана – болашақтың қаласы. Жыл сайын халықаралық деңгейде өтетін кітап көрмелері мен ең ірі кітап қоры шоғырланған ҚР Ұлттық кітапханасы бұл жақта да баспа саласының дамып келе жатқандығының айғағы. Сыртқы архитектурасы жұмыртқа пішіндес осы ғимараттың қасынан сан мәрте өтіп жүрсек те, топтың бірде-бір студенті кіріп көрмепті. Қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры айтса айтқандай ерекше әсер сыйлады. Қазақ тіліндегі араб, латын, кириллица қаріптерімен басылып шыққан көне дәуір кітаптарымен қатар шетел әдебиеттері де жақсы сақталған. Алақанға сыйып кететін кішкене кітаптардан бастап, ғұмыры ғасырға жеткен адам, бұзау терісінен жасалған көне кітап та осы жерде. Электронды оқу залының есігі аптаның кез келген күні ашық. Барып, көріп, ізденіп жаңа ақпаратпен таныс болмақ ниетіңіз болса, мархабат!

Сабағымыз бұдан ары Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасында жалғасты. Кіргеннен шыққанға дейін даналыққа толы сөздермен көмкерілген ерекше нысан өз әсерін қалдырмай қоймады. Көне Күлтегін ескерткіші, орта ғасырдағы ғұламалардың қолжазбалары,  ағартушылық дәуірдегі әдебиеттердің түп нұсқада көрдік. Осылайша, қызыққа толы сабағымызда жаңа ақпараттармен қанығып, жаңа ортамен таныстық.

Көктем Қарқын

ЕҰУ студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *