Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – ортақ міндет

«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар қазақта. Сөздің басы бесіктен бастау алуында үлкен мән бар. Жалпы соңғы кездері мектепке дейінгі ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіттейтін стендтер ілініп тұрғанын көрсеңіз, таң қалмаңыз. Себебі қай заманда да білім саласында осындай алдын-алу жұмыстарын жүргізу маңыздылығын жоғалтқан емес.

Бесіктен соң балабақша, ал балабақшадан соң бала тәрбиесі мектепте жалғасады. Ал осы мектептер балаларға қандай тәрбие беруде? Бұл сұрақ алдымен ата-ана көкейінде жиі қойылатыны белгілі. Рас, сапалы білім беру, түрлі пәндік олимпиадаларға қатыстыру, спорттық сайыстарға тарту сияқты білім беру орындарының берері көп.

Тіпті, соңғы жылдары мектеп оқушыларын сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға шақыратын шаралардың көбейе түскендігі де жасырын емес. Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын екендігін ескерсек, болашағынан зор үміт күттіретіндер қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Мәселен, өңірімізде «Адал ұрпақ» атты ерікті мектеп клубтары құрылып, жасөспірімдерге жемқорлық, парақорлық сынды жағымсыз әдеттердің зиянын ұғындыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде және еріктілер клубтарының қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Бүгінгі күні облыстағы 134 клубтың 60.000-ға жуық мүшесі бар.

Бұл ұйымдар өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттық сезімге тәрбиелеп, олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау әрі нығайту, оқушылардың заң талаптарын сақтауға ынтасын қалыптастыру заман талабынан туындап отырған үрдіс екендігі үнемі айтылады.

Жалпы, жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға шақыратын шаралардың өтуінің кемі жоқ. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта «Жайдарман» ойындары, эссе жазу, дебат сайысы, пікірталас, семинар-тренингтер, театрландырылған қойылымдар, ашық сабақтар, сурет салу және т.б. байқаулар ұйымдастырылды.

Агенттіктің аумақтық департаменті жастармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп отырады. Ал кездесудің мақсаты мемлекеттік қызметтің ерекшелігі мен қоғамда алатын орнын насихаттау, әдеп ережелері мен міндеттері жайында толық түсінік беру, елге еңбегі сіңген мемлекеттік қызметшілерді үлгі етіп, жастарды білімділікке, қызметке адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Сонымен қатар, бұл шаралар тек мектептерде ғана емес, жоғарғы оқу орындарында да жүргізілуде. Мәселен, Ақтауда екі жоғарғы оқу орыны бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Қазақстан теңіз университетімен бірге «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасы бойынша фронт-офисі және «Адалдық дүкені» ашылды.

Сонымен қатар «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесімен тағы бір «Адалдық дүкені» Агенттіктің аппарат басшысы Саян Ахметжановтың қатысуымен «Yessenov University»-де ашылған болатын.

«Sanaly urpaq» — білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің қысқаруына, болашақ ұрпақтың ой-өрісін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыруға бағытталған жоба.

Ал «Адалдық дүкені» жұмысы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша ұйымдастырылған. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болады. Мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдықты тәрбиелейді.

Уәкілетті органның көздегені жастарды өздерінің жарқын болашағын «Жемқорлыққа жол жоқ!» ұранымен сыбайластықты болдырмайтын және парақорлыққа мүлде төзбейтін мәдениетті қалыптастыра білетін ел болуға тәрбиелеу.

Сыбайлас жемқорлық ел экономикасына, саясатына, әлеуметтік саласына кері әсерін тигізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретіндігі туралы жастарға үнемі айтылып жүр.

Болашақ бүгін­нен баста­ла­ды. Олай болса, жас ұрпақты білімді де саналы етіп тәрбиелеу және сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға шақыру баршаға парыз.

Елдің болашағы, халқымыздың келешегі осы жастарға тікелей байланысты екендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып жүр. Ал, болашаққа бағдар әлбетте жас ұрпақтан бастау алатынын ескерсек, олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Сингапур мен Грузия жеңе алған сыбайлас жемқорлықты Қазақстанның да тойтарыс беруге қауқары жетеді. Қорыта айтқанда сыбайлас жемқорлықтан арылатын күн алыс емес, ол үшін әрбір қазақстандық азамат өз үлесін қосуы аса маңызды.

Нұргүл Жанназарова,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің

басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *