Қаржы пирамидасы немесе алаяқтықтың ақыры

Мына экономикалық нарық заманда ақша табудың түрлі жолдары пайда болды. Бірі адал жолмен, келесі біреулер алаяқтықпен табыс табады. Екі қолын қимылдатпай-ақ  тез байығысы келетін адамдар қауымы көп. Ол үшін нарықта түрлі жұмыс орындары да пайда болған. Әлбетте оны нарықтық сұраныс деп қабылдайық. Соның бірі экономикада «қаржы пирамидасы» деген атаумен белгілі компаниялар. Бұлардың қарапайым компаниялардан айырмашылығы сол, бастапқы капиталдары немесе құрбандары ол қарапайым халық. Толығырақ айтар болсақ бұл компанияларда өзгелер тәрізді нарыққа өздерінің құнды қағаздарын шығарады. Кейін оларды жарнамалар арқылы халыққа ұсынады. Ал валютаның тұрақсыз уақытында ақшаны құнды қағазға айналдырғысы келетіндері көп. Оның үстіне әлбетте «инвестор» атануда жаман емес. Бастысы ол ақшаны пайыздық үстемемен қайтарып аламыз деген сенім. Ал сіз өзіңізге ілестіре тағы да адам жинасаңыз –үстеме ақша қосылады. Дәл осылай пирамида құрастырылады. Ең бастысы, уақыт бойынша жылдам әрі тез табыс табады. Олар ақшадан қысылып айлығы шайлығына жетпей жүрген адамдар мен жұмыссыздарға құтқарушы періштедей көрінері  анық.

Біреулер осы бизнес үшін үйлерін сатады, кредит алады, жинап тергендерін көзсіз ерлікке барып бір күнде салады да жібереді. Ал мұндай пирамидалар өз жұмыстары шегіне жеткен соң банкрот болып құлайды. Компания құлдырайды барлық құнды қағаздар күйіп кетеді. Артында қарызға белшесінен батып, сан соғып инвесторлар қалады. Ал пирамиданың ең басында тұрған адам олда бірге құлайды, бірақ ол кейін осы ақшаға тағы бір компания құрады. Тағы да халықты  тонайды, кейін тағы да құлайды. Ол ешқашан опық жемейтін адам. Себебі оның басқаларға қарағанда қаржылық сауаттылығы мықты және бұлар нағыз психологтар. Қарапайым халықтың қаржылай қиындықтарын, ішкі жан дүниесін дәл аңғарады.

Бұл дүниенің бастамашысы францияның қаржыгері Джон Ло еді. Кезінде оның алаяқтығынан Франция мемлекетінің жарты бөлігі мен сол елдің экономикасы да айтарлықтай зардап шеккен болатын. Кезінде Ресейде пайда болған «МММ» компаниясы да 15 миллион салымшыны  сазға отырғызып, жер сипатып кеткен. Өзіміздегі жағдай да көңіл қуантарлық емес.  Қазіргі таңда оңай олжамен ашықтан-ашық айналысып жүрген «Questra Holdings Ins» компаниясының өкілдері біздің елде де жұмыстарын жүргізуде. Бұл бір ғана мысал. Дамушы мемлекеттерге бұл жүйе енді келіп жатыр.  Қазіргі таңда бұлардың жарнамасы әлеуметтік желілерде кеңінен етек жайған. Бұлардың өндіретін өнімдері тауар, құнды қағаз немесе бос қауашақ болуы да мүмкін.

Иә, бізде қаржылық сауаттылық өте төмен. Маңдай термен тапқан ақшамызды қайда, кімге, не үшін беріп жатқанымызды түсінбестен саламыз. Тіпті олардың арнайы лицензиялары мен тіркелген орындарын да тексерместен сенеміз. Қазіргі таңда халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру мақсатында түрлі курстар ашылған. Екінің бірі мұндай жерлерге бармайды. Көбіне  курстарды қолданушылар алаяқтарға алданған адамдар екен. Себебі қарапайым адамадарды экономикалық және қаржы нарығындағы жаңалықтар аса қызықтыра қоймайды.

Қалилаева Әсемгүл

ЕҰУ студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *