Қандай электронды ресурстар коронавирустан қорғануға көмектеді?

Денсаулық сақтау вице-министрі өз кеңесін берді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріпке берген сұхбатында коронавирус туралы ақпараттар ағынын реттеу, ақпараттық гигиена және індеттен сақтануда пайдасы тиетін электронды ресурстар жайлы әңгіме қозғап, дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сатып алмаудың жолын айтты.

Диас Ахметшәріп: – Сіз Денсаулық сақтау министрлігінде цифрландыру жүйесі мен ақпараттық қауіпсіздікке жауаптысыз. Осы жайлы әңгіме қозғайық. Қазір интернетте коронавирус тақырыбы төңірегінде көптеген ақпарат көзі бар. Қайсысына сенуіміз керек? Ресми сайт қайсысы?

Олжас Әбішев: – Халық арасына ресми және бейресми ақпарат тарайтыны белгілі. Адамдар үйінде отырып тарататын ақпарат – бейресми. Әр түрлі сайттар, чат-боттар тарататын ақпараттың дереккөзі кім екенін біле алмаймыз. Сол себепті, кез келген жағдайда тек ресми мәліметке жүгіну керек. www.coronavirus2020.kz/kz мемлекеттің ресми сайты. Коронавируске қатысты барлық соңғы ақпарат алдымен осы сайтқа орналастырылады. Сайт ақпаратына толығымен сенуге болады.

– Чат-бот туралы сөз қозғап отырсыз. Telegram бот жайлы айтып өтсеңіз.

– Қазір көбіміздің смартфонымызда Telegram мобильді қосымшасы бар. Біз Денсаулық сақтау министрлігі атынан ұлттық денсаулық сақтау орталығы жүйесінде @kz_hls_bot атты Telegram боттын іске қостық. Оның негізгі мақсаты – халыққа қажетті мәліметтер тарату. Мысалы, онда коронавирустың не екені түсіндіріледі. Сондай-ақ, инфекциядан қалай сақтануға болатыны, бетперде кию мәселесі, науқастарға көмектесетін дәрілер жайлы бүкіл мәліметті бот арқылы азаматтарымызға жеткізе аламыз. Мәліметтерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе отырып жинаймыз. Бот арқылы тек дәлелденген ақпаратты ғана таратамыз. Чат-ботқа азаматтар кірсе, күнделікті мазалайтын сұрақтарына жауап ала алады. Жауаптың барлығы ғылыми түрде негізделген, бекітілген әрі ұлттық денсаулық сақтау ұйымында расталған.

– Коронавирус індетінің белгілерін анықтайтын онлайн сауалнама бар екен. Бұл қандай сауалнама екенін түсіндіріп кетсеңіз.

– Денсаулық сақтау министрлігі Семей медицина университетімен бірлесе отырып онлайн сауалнама жасады. Кейде адамдарда өзіне коронавирус жұқтырғаны туралы күдік пайда болуы мүмкін. Сондай кезде 103 немесе 1406 телефонына қоңырау шалмастан бұрын сайтқа кіріп, 3-4 сұраққа жауап берсе, біз оған ары қарай не істеу керектігі туралы нұсқау береміз. Сауалнама толықтай құпия түрде жүреді. Аты-жөніңізді жазудың қажеті жоқ. Тек өзіңізді не мазалап тұрғаны жайлы сұраққа жауап берсеңіз жеткілікті, 2 секундтта жауап аласыз.

– Сауалнама демекші, қазіргі таңда ұшақтармен көптеген отандасымыз шетелден келіп жатыр. Жолаушылар ұшақта сауалнама толтырады. Елге кіріп-шыққан азаматтарды тіркейтін электронды ресурстар бар ма?

– Елге келушілер қаңтар айынан бері қағаз бетінде сауалнама толтыратын. Қазір мобильді қосымша арқылы толтырса, қағаз толтырудың қажеті жоқ. Бұрын қағаз ақпарат біздің базаға түскенше 24 сағат кететін, қазір бұны 3 сағатқа дейін қысқарттық. Мамандардың қолына 2465 планшет беріп, техникалық жағын толық үйреттік. Біздің орталыққа келіп түскен деректер арқылы сырттан келген азаматтарды науқастармен қарым-қатынасқа түскен-түспегенін, оны оқшаулауға жатқызу керек пе әлде үйіндегі карантинге жіберуге бола ма анықтаймыз.

– Еліміздің қалаларында, жергілікті жерлерде коронавирус жұқтырған азаматтармен тікелей қарым-қатынаста болған адамдардың үйлеріне дейін белгіленген карта жасалып, интернетке шығып жатыр. Бұл не? Осындай карта қаншалықты қажет? Ондағы ақпарат шындыққа қаншалықты жанасады?

– Бұл жобаны іске қосар алдында біз дүниежүзілік тәжірибені зерттедік. Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай сынды 11 ел осындай картаны қолданысқа енгізген. Сол елдерге қарайтын болсақ, коронавирус індетінің халық арасына таралуын толығымен тоқтатып, қазір бақылауында ұстап отыр. Олар инфекция жұқтырған адамдарды, науқастармен қарым-қатынаста болғандарды электронды түрде бақылап отыруға қол жеткізді. Осы тәжірибені біз де алып отырмыз. Себебі коронавирус адамнан адамға ғана емес, адамның ұстаған телефонынан, есіктің тұтқасынан, үйдің баспалдағынан, лифтің түймесінен де жұғады. Инфекция ағашта да, бетонда да 2 сағаттан 24 сағатқа дейін қала береді. Картаны іске қосқандағы негізгі мақсатымыз – белгіленген үйге баратын адамдарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, абай болуға шақыру. Картада нүктемен белгіленген үйдегі адамның 14 күндік карантин мерзімі бітіп, ешқандай ауру нышаны байқалмаса, белгі автоматты түрде жойылып кетеді.

– Крантинге байланысты Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына көлік тасымалы жабылды немесе шектелді. Осының кестесін реттеп отыратын тағы бір сайт ашылды дедіңіз.

– Иә. https://www.ismet.kz/kk жобасында әуе, теміржол рейстерінің қалаға кіру-кірмеуі, блок-бекеттер туралы толық мәлімет алуға болады. Ол да ресми сайт, мәліметтері жаңартылып тұрады. Жоғарыда айтылған электронды ресурстардың барлығы жұмыс істеп тұр.

– Осы індетпен күресіп жүрген 11 мыңдай дәрігерлеріміз 90 күн тегін ғаламторға кіре алады және 90 күн тегін ұялы байланыспен қамтамасыз етіліп отыр екен.

– Цифрлық даму министрлігі барлық ұялы байланыс орераторларымызды медициналық қызметкерлерге жәрдем беруге шақырды. Ұсынысты ұялы байланыс операторларымыз толығымен қолдап, 11 мың медициналық қызметкерге 90 күнге интернет пен ұялы байланыс қызметін тегін беріп отыр. Цифрлық даму министрлігі мен байланыс операторлары қолдаса, тегін байланыс алатындардың тізімі кеңейеді.

– Сонмен қатар, дәріханаларда бағаларды реттеп, бақылап отыратын мобильді қосымша енгізген екенсіздер.

– Өткен жылы тамыз айында дәріханаларда сатылатын дәрілердің жоғарғы бағасын реттеу туралы бұйрық шықты. Сол бұйрықты орындау мақсатында darikz деген қосымша жасадық. Кез келген дәріханаға барғанда сатып алушы дәрінің қорабын телефон камерасымен түсіру арқылы дәрінің қандай бағадан аспау керектігін біле алады. Егер дәріхана дәрінің бағасын шекті мөлшерден асырса, оның жұмысын шектейміз.

– Маман ретінде айта кетіңізші, осындай қиын-қыстау кезеңде кейбір адамдар не үшін жалған ақпарат таратады? Не мақсаты көздейді?

– Бұл жерде фейк жіберушілерді саналы және санасыз түрде таратушылар деп екіге бөліп қарастыруға болады. Адамдар бір-бірінен ақпарат сұрағаннан кейін, көмектеспек оймен шын-өтірігін тексерместен, басқа біреуден естігенін айтып жібереді. Олардың арам ойы болмағанымен, саналы түрде жалған ақпарат таратады. Ал санасыз түрде фейк тарататындар қазіргі қоршаған көп ақпараттың ара жігін ажыратып, шын-өтірігіне көз жеткізбестен басқаларға жолдайды. Ол адам жалған ақпараты үшін тек мемлекет алдында ғана емес, жанұясы, туған-туысқандары, дос-жарандары мен әріптестері алдында жауапкершілігін сезінуі тиіс. Қазір «цифрлық гигиена», «ақпараттық гигиена» деген термин пайда болды. Бүгінгі күні бүкіл әлем ақпараттық гигиенаны қолға алуда. Жалған ақпараттың алдын алу үшін екі түрлі кеңес беремін. Бірінші – гаджеттерді тазартып отыру керек. Екіншісі – келген мәліметті тексеріп алу керек. Егер ресми болса, ары қарай таратуға болады. Ал бейресми мәлімет таратсаңыз, өзіңіз де қателесіп, басқалар да сеніп қалады. Сол үшін мәлімет алған кезде ойланып, тексеріп барып шешім қабылдау керек.

– Көп рахмет!

Сұхбатты жазып алған Нұржан Жеңіс

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *