Мемлекет арнасы – ұлттың айнасы. Сол айна ұлттың ұлттық кодын жасай алып жүр ме?
Ақпараттандыру заманында өсіп келе жатқан жас ұрпақты көгілдір экран тәрбиелеп жатқандығы белгілі. Қазақ елі дамыған елдер қатарына қосылуы үшін жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Осынау ұлы мақсатқа жетудің басты құралы – төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасына дұрыс сіңіру. Сол себепті қазіргі таңда «көк жәшікке» телмірген көрермен қандай ақпараттан нәр алып, дүниетанымын қалай қалыптастырып жатыр деген өзекті мәселе мемлекеттік маңызға ие болып отыр.
Ұлттың айнасына айналып отырған мемлекеттік арналар идеология мәселесін қаншалықты игеріп отыр? Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалар рейтингісі көңіл көтеруші шоулардың көрсеткішіне қарағанда төмендеу. Көрсеткіш қуалаған арналарымыз ұлттық құндылықтарымызды паш етуді ығыстырып, оның орнына ойын-сауық, әзілкеш жеңіл дүниелерді көрермен назарына көптеп ұсынып жатыр.
Мемлекеттік арналардың басты мақсаты ақпарат беру, ағарту, құндылықтарымызды дәріптеу, көңіл көтеру болуы тиіс. Осы аталғандардың барлығы да маңызды. Алайда ақпарат беру мен ағартуға басымдық беріп, одан кейін ғана көңіл көтеру функциясына мән берген жөн. Бүгінгі күнде көк жәшіктен берілетін телеөнімдердің бос кеңістігін ойын-сауық пен шетелдің сериалдары ғана толықтырып тұр.
Әлемдегі тенденцияларда қалай? Оларда мақсатты түрде адамды азғындық, жеңілжүріс, таяз ойға тәрбиелейтін тележобалардың рейтингісі жоғары. Сол үрдіске отандық, тіпті мемлекеттік арналарымыз да еліктеп, көшірме де жасап алады. Керісінше, қазақтың қазақ болуына септігін тигізетін рухани-мәдени бағдарламалардың рейтингісі өте төмен. Әрине, мұндай телеөнімдерді қарайды, бірақ аз адам және сирек көреді.
Телевизияның басты мақсаты не: ақпараттандыру ма, ағарту ма әлде көңіл аулау ма?
Егер арна басшылығы рейтинг қуалап, арзан күлкіге құрылған бағдарламаларды беретін болса, онда, құндылықтарды дәріптейтін, тіпті, керемет сараптамалық телетуындылар аудиториясыз қалуы әбден мүмкін.
Неге кәріс пен түріктің, Ресейдің сериалы қаптап кетті? Неге бүкіл арнаның беті КВН-щикке толды? Неге атыс-шабысты көрсету, эстрада әншілері мен актерлерді тележүргізуші жасау сәнге айналды? Мұның бәріне себеп – рейтинг.
Телевизия – идеологиялық құрал. Цифрлық дәуірде телевизияның осы сипаты еселеп өсті. Шетелдік сериалдар мен бағдарламаларды мемлекеттік тілге аударып та, аудармай да күндіз-түні беретін телеарналардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп барады. Атап айтсақ, «НТК», «СТВ», «31-телеарна», «Жетінші» канал бар. Мысалы, «НТК» арнасында ұлт болмысын ашатын бағдарламалар мүлдем жоқ. Ресей елінен көшірілген «Такси», «Ревю» сияқты тағылымы жоқ дүниелерден өзге айтары да, берері де тым аз.
Бүгінгі телеарналар отандық көрермендердің сұранысын толығымен қанағаттандыра алмай отыр. Еліміздің БАҚ туралы заңында отандық телеарналардың шетелдік арналардан қайталайтын бағдарламаларының үлесін жыл сайын кемітіп, отандық өнімдерді арттырып отыруы керектігі жайлы арнайы бап бар. Бірақ аталған бап орындалып отырған жоқ, себебі бізде көрермен санын кемітпей ұстап тұрарлық сапалы әрі шын мәнінде қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтитын қазақша бағдарламалар аз, барының өзі — пост-прайм таймда. Мысалы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілетін тағылымы мол «Парасат майданы» бағдарламасы пост-прайм таймда берілуі ішімізді қынжылтады. Жастар да, үлкендер де асыға күтетін бағдарламаға прайм тайм уақытынан орын жетпегені өкінішті. Ел орынға отырған уақытта, яғни сағат 19:00-22:00 аралығында көптеген телеарналарымыз шетел сериалдарын үздіксіз беруді және қайталап беріп отыруды әдетке айналдырды. Бүгінде халқымызды басқа емес, түрік, кәріс телесериалдары өз бетінше тәрбиелеп жатыр. Көрермен сұранысын бағдарламамен емес, сериалмен қанағаттандырып отырғаны жасырын емес. Себебі бағдарламалар қоры өте аз.
Қазаққа жаны ашитын қазақ қана. Ұлттық болмысымызды ашатын, құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалар көптеп берілсе екен дейміз. Оларды прайм тайм уақытынан көргіміз келеді. Бағдарламалар жоқ емес, бар. Бірақ оларға ұлттық жаңаша бояу жетіңкіремейді. Бағдарламаларды арзан әзіл-күлкімен бояуға болмайды. Көрермендерді ондай жеңіл дүниелерден алыс ұстаған жөн. Ұлттық бояуы қанық телеөнімдер үздіксіз көптеп, беріле берсе, мәдени-рухани дүниелерге деген көрерменнің талғамы қалыптасады. Мемлекеттік арналарымыз көрсеткіш қуаламай, осы мәселеге көңіл бөлгені дұрыс. Рейтинг ұлт руханиятын байытпайтынын ұмытпаған жөн. Көрерменім, саған айтамын, «көк жәшігім», сен тыңда!
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ,
Журналистика және саясаттану факультеті,
қауымдастырылған профессор,
ф.ғ.к. Есенбекова Ұлбосын Мейірбекқызының жетекшілігімен
1 курс магистранты Алтынбек Аяулым