Сіз де үлкендердің суретінен басы үшкір каблуктарды (лодочка) көріп, «мынадай қылып қалай киген»- деп ойлап, қазір өзіңіз де киіп жүрсіз бе? Иә, сән жаңашылдық болса да, жылдар өткен сайын белгілі бір ерекшелігі қайталанып, трендке айналып жатады.
2018 жылы 80 -жылдарда хит болған рок стиліндегі түрлі-түсті көзілдіріктерді кисеңіз сәннің ауылынан алыс еместігіңізді байқатасыз. Және бетіңнің тең жартысын жауып тұратын көзілдіріктер де трендте екенін қаперіңізге береміз.
Ерінді қыздардың осал жері десек те болады-ау. Себебі соңғы жылдары ернін үлкейтіп алатындардың саны көбейіп кетіп еді. Ал биыл кішкентай еріндер сәнде екен. Неге екенін қайдам, бірақ үлкен көзілдіріктердің сәнге қайта оралғандығынан болар. Әйтпесе адамдардың жүзі ерін мен көзілдіріктен ғана тұратын болар ма еді…
Қас. Биыл барынша табиғи көрінетін, жұлынбаған қастар сәнде.
Белден жоғары, кең тұратын, яғни банан-шалбарлардың сәнге келгеніне бірнеше жыл болғанымен, әлі де сұраныста. Оның басты себебі сәнділігенен бөлек ыңғайлығында да болар. Көз жүгіртіп қарасаңыз, банан-шалбарлардың ертеректе атқа мінгенге ыңғайлы болуы үшін, балағын етікке салып алып киетін ата – бабаларымызда да болғандығын байқаймыз. Яғни, бағзыдан жеткен киім үлгілері қайтып оралды.
Шалбар демекші, осы уақытқа дейін галифе, кала- кала, жыртық, жамалған шалбарлар да сәнде болды. Ал биыл алдыңғы түймесін жаппай кию сәнде дейді. Қызық, мұндай сән үлгісін ойлап табу үшін анық бір апта ойлану керек шығар а? Не де болса еріншек адам -ау ойлап тапқан. Демек, биыл тіпті шалбарының түймесі үзіліп қалған адамның өзі трендте.
Шынар Жұмасат