Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті, Ғылым комитеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен жария талқылауға (ашық нормативтік құқытық актілер порталы, egov.kz) ұсынылған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президенті жарлығының жобасына байланысты 2021 жылдың 30 сәуір күні «ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ РЕФОРМАСЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ӘЛІПБИ» атты онлайн форматтағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция әліпби реформасының барысын қалың көпшілік, сарапшы қауымға таныстыру, жүзеге асыру барысын талқылау, талдау, түсіндіру, тиімді шешімдерді анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы Каринова қатысып сөз сөйледі.
Іс-шараны Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба жүргізіп отырды.
Конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Алдаш Айман Мырзалықызы «Әліпби жобалары: салыстырмалы талдау», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Күдеринова Құралай Бимолдақызы «Жаңа әліпбидегі и мен у әріптері», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы «Жаңа әліпбидегі кірме сөздердің жазылуы», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Рысберген Қыздархан Құрмашқызы «Ономастикалық атаулардың жазылуы» тақырыптарында ғылыми баяндамалар жасады. Конференцияға қатысушылар осы баяндамалар мен жалпы әліпби нұсқасы бойынша өзара пікір алмасты.
Іс-шара барысында конференцияға қатысушылардан блиц-сауалнама алынып, нәтижесі шығарылды. Оған жасы жағынан әрқилы, сонымен бірге әртүрлі әлеуметтік мәртебеге ие 473 адам қатысқанына қарасмастан, «Жетілдірілген әліпбиге көзқарасыңыз?» деген сауалға 61,5 пайызы қолдап бір кісідей қызу қолдау білдірді. Жалпы мұндай ынтымақтастықты көзқарас конференция барысында айқын салтанат құрды деуге болады. Пікірталасқа түскендердің дені ұсынылған жобаға сыни ұсыныстан гөрі, өз кәсіби ойларын ортаға ашық сала отырып: «Заңдық тұрғыдан қабылдаудың осы күнге дейін созылып келе жатқаны несі?» деген сауал төңірегінде топтасты.
Бұдан әрі әліпби жобасының әдіснамалық тұрғыдағы ерекшеліктері мен артықшылықтары, оқу-жазу дағдысына ыңғайлығы және ІТ-технологиялардағы қолданылу мүмкіндіктері жөнінде сөз болды. Осы бағыт бойынша «ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ филиалы ҚР Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру республикалық институтының әдіскері Мәдиева Айсұлу Талғарбекқызы, «Жас Ұлан» оқушылар үйінің әдіскер-педагогі Қасымбек Айсұлу Асылханқызы, Техникалық сүйемелдеу тобының мүшесі, ІТ-маманы Рымбек Ізғали сияқты кәсіби маман сөйлеп, әліпбидің осы нұсқасының тиімділігін атап өтті.
Онлайн конференцияға мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, филологтар мен тілтанушы-ғалымдар, ЖОО оқытушылары, зерттеушілер, баспа қызметкерлері, қазақ тілі мен әдебиеті және басқа пәндердің мұғалімдері, студенттер, магистранттар мен докторанттар, БАҚ, әлеуметтік медиа өкілдері қатысты. Ордалы пікір мен оңтайлы тәжірибені ұштастырған республикалық онлайн ісшара үш сағатқа жуық уақытқа созылды.
Модератор Әділбек Қаба күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой білдіремін деушілерге еркін мінбер ұсынды. Әрі айшықты ойдың бәрі сол жердегі аудитория көлемімен шектелмей, арнаулы әлеуметтік желілер арқылы қалың көпшілік назарына берілді.
Салиқалы ой қозғаған республикалық ғылыми конференция қорытындысында қатысушылар талқыланған әліпби жобасын бір кісідей қолдады.
Жалпы халықтық талқылаудан өткен әліби жобасы Ұлттық коммисия отырысына ұсынылады