Қазақ радиосының дамуы: жаңа мүмкіндіктер

Профессор Намазалы Омашев өз оқулықтарының бірінде Қазақ радиохабарының дамуын  төмендегі кезеңдерге бөліп қарастырған:

  1. Қазақ жеріндегі радиоландыру ісі                       1921-1927 жж.
  2. Радиохабарының жаппай дамуы                          1927- 1941 жж.
  3. Отан соғысы жылдарындағы кеңестік радио    1941-1945 жж.
  4. Соғыстан кейінгі жылдардағы радио                   1946-1950 жж.
  5. Тоталитарлық мемлекет тұсындағы радио        1950-1985 жж.
  6. Қайта құру және жариялылық радиосы              1985-1991 жж.
  7. Жаңа кезең радиосы                                                   1991- 2009 жж.

Әрине, қазақ радиосы бүгінгі күні де заман талабынан қалмай дамуын жалғастыруда: Интернет – редакциялар, әлеуметтік желілерге шығу, бейне контенттер жариялау, әр-түрлі мобильді қосымшалардың жасалуы, халықаралық қатынастардың нығаюы еліміздің радио саласының әлемдік тренттардан қалыспай дамып келе жатқандығының айғағы.

Радионың пайда болу уақыты жайлы сөз қозғаған кезде, әйгілі физик, математик, әрі механик Джеймс Клерк Максвелл туралы айтамыз. Ол 1864 жылы теориялық және математикалық түрде электромагниттік толқындардың бос кеңістікте таралуы мүмкін екенін көрсеткен еді.

Электромагниттік толқындар арқылы сигналды мақсатты түрде таратуды алғашқы рет 1880 жылдары Дэвид Эдвард Хьюздің экспериментінде орындалған. Ал, неміс физигі Генрих Рудольф Герц 1886 жылы электр күшінің жылдам өзгеруін жарық пен жылу тәрізді радио толқындар түрінде кеңістікке шығаруға болатындығын дәлелдеген еді.

Радионың атасы Попов па?

Сымсыз байланыс үшін берілген бірінші патентті 1872 жылы америкалық тіс дәрігері, радио әуесқой Мэлон Люмис алды, ол 1866 жылы сымсыз байланыс әдісін өзім ойлап таптым деп жариялаған-ды. Дегенмен де, АҚШ-та радионы алғаш жасап шығарған Дэвид Хьюз (1878), Томас Эдисон (1875; патентті 1885 ж. алған) және Никола Тесла (1891 жылы резонансты трансформаторлық таратушы құрылғыға патент алған) деп саналады. Германияда – Генрих Герц (1888); Францияда – Эдуард Бранли (1890); Құрама Штаттар тәрізді бірқатар Балқан елдерінде – Никола Тесла (1891); Бразилияда Ландель де Мур (1893-1894); Англияда – Оливер Джозеф Лодж (1894); Үндістанда – Джагадиш Чандра Бос (1894 немесе 1895); Ресейде – Попов (1895) пен Яков Наркевич-Иодко (1890).

Батыста радиотолқындар (радиотелеграфия) арқылы ақпарат алмасудың ең сәтті жүйесін итальяндық инженер Гульельмо Маркони (1895) жасап шығарды деп есептеледі.

Кеңес кезіндегі радио тынысы

Ал қазақ жеріне радио тарала бастаған кез – еліміз Қазақ АССР аталып, патшалық Ресейден советтік Ресейдің құрамына енген өтпелі кезең еді. Сол себепті, кеңестік дәуірде «радионың атасы – Попов» деген түсінік қалыптасты. Қазіргі кездің өзінде Поповты пір тұтатындар баршылық. Қалай дегенмен де, радио біздің елге Ресей арқылы келгені анық.

Қазақ жерінде Ақтау қаласындағы (бұрынғы Шевченко, ФортАлександровск) радиостанцияның 1912 жылдан жұмыс істеуі де отарлау саясатын жүзеге асыру жолындағы шаралардың бірі екендігі айқын. Қазақ телерадио журналистикасының тарихын зерттеуші ғалымдар – М.Барманқұлов, Р. Сағымбеков, С. Қозыбаев пікірлеріне сүйене отырып, қазақ жеріндегі радиостанциялардың 1913 жылдан емес, 1912 жылдан бастап жұмыс істегендігін радиожурналистика саласы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы академик Намазалы Омашұлы Омашев нақтылады.

Қазақ радиосы Совет дәуінде ел өмірінің маңызды бөлшегіне айналып, қоғам, саясат, мәдениет, экономика, білім, ғылым және тағы басқа тақырыптардағы жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізуші қызметін атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде радио хабарларда қазақстандықтардың майданға көмегі, ерлердің ерлігі туралы жиі айтып, халықтың жігерін жалындатуға атсалысты. Әлия мен Мәншүк, батыр Бауыржан немесе Рақымжан Қошқарбаев жайлы жүректі тебірентер радиохабарлар соғыс уақытында да, кейін де жиі берілумен болды. Сонымен қатар, еңбек адамдарын дәріптеу де басты назарда еді.

Тәуелсіз елдің радиосы

Тәуелсіздік жылдарында да радио өз дамуын үдете түсті. Кабельдік, спутниктік теледидар, интернет пайда болған кездерде радионың болашағына сенімсіз қараған адамдар болған еді, алайда жаңа технологиялардың, интернеттің кең таралуы жалпы радио бизнесінің өркендей түсуіне әсер етті.

Қазіргі кездегі барлық автокөліктерде, смартфондарда радио қабылдағыш құралдар бар. Радио сапалы түрде әркімге де қол жетімді. Смартфондарға арналған TuneIn Radio, Audials Radio, PCRADIO және тағы басқа көптеген қосымшаларды жүктеп алып, әлемнің кез келген түкпірінен радио тыңдауға болады. Тіптен кейбіреулерінің офлайн-функциясы да бар. Әрине, Елордамызда орналасқан заман талабына сай «Қазмедиа орталығы» ғимаратына 2012 жылы көшіп келген Қазақ радиосы да әрқашанда қол жетімділігімен қуантады.

Смартфондар, әлеуметтік желілер, әр-түрлі месенджерлер радио қызметінің кең қанат жаюына өз септігін тигізуде. Мысалы, тікелей эфирде отырып жүргізушілер WhatsApp арқылы тыңдармандардың үлкен аудиториясымен кері байланысқа түсе алады. Интерактивтілік – қазіргі таңдағы жаңа медианың негізгі ерекшеліктерінің бірі екені белгілі.

БАҚ зарттеуші TNS Central Asia компаниясының бас директоры Татьяна Старцеваның келтірген соңғы деректеріне назар аударар болсақ, радио әрқашанда өзінің тұрақты аудиториясы бар бұқаралық ақпарат құралы. Радио толқынының тыңдармандары радио эфирін қосқаннан кейін кемінде 2 сағат тыңдайды екен.

Биылғы жылдың мамыр айынан бері «Қазақ радиолары» ЖШС радио толқынын визуализациялау мақсатында тікелей эфир өтетін студияға 360 градустық озық үлгідегі робот-камералар орнатты. Осылайша еліміздің бас радиосы Instagram, Facebook, YouTube тәрізді әлеуметтік желілер мен eqazradio.fm веб-сайтында тікелей эфир арқылы тестік режимде жұмыс істеп, цифрлық әлеуетін арттыруда.

Кейбір деректерге сүйенсек, qazradio.fm ресми сайтын тұрақты түрде 2016 жылы 2 000 адам оқып тұрған екен, ал қазір оқырмандары саны 11 000 межесінен асқан екен. Осы радионың веб-сайтына өткен жылы бір ай арасында 2 000 адам кірген болса, қазір бір-ақ күн ішінде 2 000 рет қаралады екен. «Қазақ радиоларының» әлеуметтік желілердегі көрсеткіші (4 радионы алғанда): Facebook – 30 027 жазылушы (былтырмен салыстырғанда 42% артты!); Instagram – 39 566 жазылушы (былтырғы жылмен салыстырғанда 16 есе өсті!). Әр радионың өз сайты бар: «Қазақ» радиосы – qazradio.fm, «Шалқар» радиосы – shalqar.fm, «Астана» радиосы – astana.fm, «Классик» радиосы – classicfm.kz. Қазақ радиоларының «Qazaqstan» құрамында мобильді қосымшасы жұмыс істейді, жақында подкасты бар зерделі мобильді қосымшасын ашу да жоспарда бар екен.

Тұрақтылығымен танылған радио кез келген уақыт сынынан сүрінбей өтіп, радио тыңдармандарын заман талабына сай технологияларды қолдана отырып қуантуда.

Нұржан Көшкін

Дерек: qazradio.fm

Омашев Н. Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *