Ілеспе аудармашылар біліктілігін арттырды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында қазақ тілінен ағылшын, ағылшын тілінен қазақ тіліне ілеспе аударма жүргізуді үйрету курсын өткізді.

Ұлттар Лигасы, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың дүниеге келуімен байланысты аударманың жаңа түрінің қажеттілігі айқын сезіле бастады. Бұл мәселедегі қиындықтың бірі: уақытпен байланысты еді;                  американдық кәсіпкер Эдуард Филейн ілеспе аударма туралы идеясын ұсынды. Ол бойынша, сөйлеп жатқан шешенді еш бөгеместен, бөлек кабинада отырған аудармашы телефонмен тыңдап отырып, микрофон арқылы қажет тілде аудиторияға жедел жеткізеді.

Бұл күнде Тәуелсіз Қазақстан ілеспе аудармашыларының үлкен шоғыры қалыптасты, олар халықаралық деңгейде қызмет көрсетіп келеді.

Курс барысында аударма теориясы, жазбаша аударма мен ауызша аударманың ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық үлгілері, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәрістер оқылды.

Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасы, аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма саласындағы ғалым мамандар озық тәжірибесімен бөлісті.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарының сала мамандары қатысқан курсты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аударма теориясы мен практикасы кафедрасының доценті, PhD докторы Ақнұр Мұхитқызы Төлеубаева жүргізді.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Әлібек Асқар бұған дейін қазақ-орыс, орыс-қазақ тілдеріне аударушыларға арналған курстар ұйымдастырылса, бұл жолғы шара, тұңғыш рет, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында қазақ-ағылшын ағылшын-қазақ тілдері мамандарына арналып отырғанын айтып, қатысушыларға біліктілік сертификатын табыстады.

Ақнұр Төлеубаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аударма теориясы мен практикасы кафедрасының доценті, PhD докторы: «Мамандықтың мәртебесі деген ұғым бар. Соңғы он жылдың ішінде осы бағытта көптеген жұмыстар жүзеге асты. Бұл шара мемлекеттік қамқорлықтың нақты көрінісі болып табылады. Өте жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін».

Әбілқайыр Болатбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: «Бұрын ілеспе аударманың практикалық жағымен ғана ұшырасушы едім. Күнделікті тәжірибедегі машығыңды теориялық біліммен толықтыру, психологиялық дайындық сияқты мәселелердің қыр-сырына үңілу өте қызықты болды. Қызмет бабында кәдеге асатын көп дүние алдық».

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *