ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН НҰСҚАУЛЫҒЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР

Қаламқас Байтенова

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы

«Білім беру бағдарламалары орталығы»

Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімі бастығы

Гүлфар Мамырбек 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы

«Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері

Ыбырай Алтынсарин мектептің басты мақсаты – баланың дұрыс тәрбие алып шығуы болуы керек деген принципті ұстанды. Бұл ағартушының губернаторларға, оқу инспекторларына жазған хаттары мен есептерінен айқын аңғарылады. Сол кезеңдегі орыс билігінің қазақ жерінен мектеп ашудағы басты мақсаты – қазақ балаларына білім беруден гөрі қазақ қоғамын орыстандыру және орыс жазуын енгізу арқылы отарлау саясаты болғаны мәлім. Ал Ы.Алтынсарин мектептің «қазақ арасында ғылыммен қаруланған, дұрыс көзқарасы бар адамдардың көбеюіне» ықпал етуі керектігін басты назарда ұстап, мектепке сауатты мұғалімдер тартуға талпынады. 1882 жылы Торғай облысы мектептеріндегі оқу жұмысына қатысты тапсырған есебінде: «Қазақтарға білім енді беріле бастаған кезде ең әуелі қабілетті оқытушылар болуы керек екенін еске алып, Торғай облысының мектептеріне педагогикалық қызмет жөнінде қабілеті бар және тәжірибесі мол адамдарды тартуға талай әрекет жасаған едім», – дейді.

Ұлы ағартушы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тұрған кезіндегі 1883 жылы 12 ақпанда шығарған нұсқау хатында білім беру мен тәрбие жұмыстарына қатысты мұғалімдерге жол сілтейді. Әсіресе мұғалім біліктілігінің оқыту мен тәрбие жұмыстарына зор ықпал ететінін, сондықтан білім беруде жүйелі талаптың болу керектігін айтады. Атап айтқанда:

1) Оқыту жұмыстары «әрбір мектепте күнілгері белгіленген бір жүйемен, оқу құралымен жүргізілуі керек».

2) Оқыту әдістерін өзгерте берудің оқу сапасына кері әсері. Мұны ағартушы былайша талдаған: «Оқыту, тәрбиелеу жұмысына дәйекті көзқарасы бекіп болмаған кейбір жас оқытушылар оқу құралдарын беталды өзгерте береді… өтілетін пәндердің оқыту әдістері мен тәртіптерінің өзін де өзгерте береді… ондай оқытушылар оқушыларды адастырады, сонан кейін қойылған сұраққа оқушылардың жауап бере білмегеніне ренжіп, өздері де ашулана бастайды, тіпті оқушыларға өшігуге дейін барады».

3) Мұғалімдердің оқулықпен ғана шектеліп, сол пән аясына қатысты білімдері мен біліктерін жетілдіріп отырмауы және оқу-тәрбие жұмыстарын дұрыс түсінбеуі білім беруде кері әсер ететіні. Мұны ағартушы былай түсіндіреді: «Менің тәжірибемде мұндай оқытушылар педагогтер ұсынып отырған оқу құралдарымен еш уақытта дұрыс танысып алмайды, олардың ешбіреуін аяғына дейін оқып шықпайды, оқушылардың жалпы мінез-құлқына, ақыл-парасатына, сонымен қатар орыс балаларына қарағанда қазақ балаларының ана тілінде өзгешеліктер болатынына зер салмайды, осылардың бәрін еске ала отырып шындап еңбек сіңірмейді».

4) Мұғалімнің тақырыпты оқушыға дұрыс меңгерту шеберлігінің білім берудегі маңызы. Бұл туралы ағартушы былай дейді: «Оқытушы кіммен істес болып отырғанын еш уақытта да ұмытпауы керек екенін осы арада ескертпей кете алмаймын. Ол балалармен істес болып отыр, егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кіналауға тиіс».

5) Мұғалімнің баламен дұрыс қарым-қатынас жасау және өзін-өзі ұстау этикасы. Бұл туралы Ы.Алтынсарин былай дейді: «Балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен, түсінікті етіп түсіндіруі керек. Мәнерлі сөз, орынсыз терминдерді қолданбау керек, мұндай сөздер оқушыларға ғана түсініксіз болып қоймайды, басқа тыңдап отырған адамдардың құлағына да жақпайды, ондай шет тыңдаушылар бұл оқытушының терең білімі не ойы жоқ екенін, ол тек ғылыми терминдермен, сөздермен ғана мақтанғысы келетінін көрсетеді».

6) Мұғалімнің оқытушылық пен педагогтік әдісті қатар меңгеруінің білім сапасы үшін маңыздылығы. Ағартшуы мұны «Оқытудың бәрі де оқыту әдістерінің түсініктілігіне, оқытушылардың түсіндірулерінің ұтымдылығына негізделуі керек» екенін айта отырып, педагогтік, оқытушылық әдістерге екінші қатардағы бір нәрсе деп қарауға болмайтындығын қатаң ескерткен.

7) Мұғалімдерді білімді шәкірт тәрбиелеп шығарудағы еңбегі арқылы бағалау. Бұл туралы Ы.Алтынсарин: «Оқытушыларды бағалағанда олардың іске мәнді қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне» яғни, оқушыларына қарап бағалу керектігін ұсынады.

Ы.Алтынсариннің мінсіз педагог, көреген басшы (инспектор) болғандығы, балаға білім беру жолында мұғалімдерге жолбасшы бола білгендігі ағартушы туралы жазылған естелік хаттардан айқын аңғарылады. Мысалы, мұғалім А.А.Мазохиннің 1889 жылы 28 қыркүйекте жазған хатында: «Алтынсарин мұғалімдер үшін бастық қана емес, әке де, ниеттес қайырымды дос та еді. Оның мектепке келуі ұлы мерекедей қуаныш еді, оған барлығын да айуға болатын», – дейді.  Мұғалім Ф.Д.Соколовтың 1889 жылы 6 қаңтарда және 9 тамызда жазған хаттарында: «Оның біздермен, мұғалімдермен өткізген әңгімелері жүрекке жылы тиіп, таң қалдырарлықтай әсерлі болатын, ісіңе деген қайрат-жігеріңді тасытатын, мектепті шын ниетіңмен ұнатуыңа, өз міндетіңді мінсіз атқару үшін бар күшіңді салуыңа ұмтылдыратын. Жалпы онымен бірге болып әңгімелескен адам, одан шыққанда дем алып, қуаттанып шығатын. … Марқұмның бүкіл өмірі өзінің сүйікті қырғыз (қазақ) халқының оқу-ағарту ісіне арналды. Ол халқының өмірін қырағы бақылап, терең түсінді. Оқу ісін өзі қандай жақсы көрсе, қарауындағы мұғалімдердің де сондай ұнатуын талап ететін. Ол өзінің сырға толы тартымды әңгімесімен мұғалімдерді оқу ісіне ынталандырып отыратын. Ол мұғалімдердің арасында өте беделді болатын», – деп жазған.

Қорыта айтқанда, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өзі жазған нұсқау хатында талдап көрсеткен жоғарыдағы жеті мәселесі бүгінгі таңда да өз маңызын жоймағаны анық.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *