«Шырайлы Шымкент!» фотокөрмеcі өтуде

Нұр-Сұлтан қаласында «Keruenсity» сауда және ойын-сауық орталығында Шымкент қаласы әкімдігі мен «National Geographic Qazaqstan» журналы бірлесе ұйымдастырған «Шырайлы Шымкент!» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараның ашылу рәсіміне Шымкент қалалық Туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов, National Geographic редакциясының мүшелері, қалалық маслихаттың депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен сала ардагерлері қатысты.

Көрме мақсаты – көпшілік арасында Шымкент қаласының ішкі туризм әлеуетін жан-жақты көрсете отырып, әкімдік тарапынан алдағы уақытта қолға алынғалы отырған жобаларды фотосурет тілімен жеткізу.

Халықаралық экспедиция құрамында археолог, географ, журналистерден бөлек, тайландтық 2 фотографпен бірге әр салада машықтанған онға жуық қазақстандық фотосурет өнерінің мамандары қатысты.

«National Geographic Qazaqstan» журналының 13 қызметкерінен құралған топ мүшелері биыл мамыр айында Шымкент қаласы мен қала маңындағы қырыққа жуық тарихи-мәдени орындар мен киелі жерлерді аралап шығып, 1,5 мың шақырымдық жол жүрді.

Олар қаланың ескі бөлігіндегі көне ғимараттар, Ақмешіт үңгірі, Сайрамдағы кесенелер шоғырын және Қасқасу шатқалы секілді табиғаты әсем жерлердің таңғажайып көріністерін таспаға тартып алуға мүмкіндік алды. Ол фотосуреттердің бірнешеуі журнал арқылы әлем халқының назарына ұсынылатын болады.

Көрмеге келушілер Шымкент қаласы мен оның айналасындағы көрікті жерлер, киелі орындар, табиғи ескерткіштер мен қарапайым қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігін баяндайтын фотосуреттерді тамашалай алады.

Фотокөрме Шымкент қаласының күніне орайластырылған.

Көрме 20 күнге созылады.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *