Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған «Жаһандану кезеңіндегі заманауи телерадио журналистиканың даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.
Конференция жұмысына ұлттық университеттің Ректоры академик Ерлан Сыдықов, бірінші проректор Серік Мақыш, проректорлар Жанна Құрманғалиева мен Лязат Нұрқатова, профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Халықаралық конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Ректоры Ерлан Сыдықов кіріспе сөзбен ашып, жаңа ақпараттық ортадағы медианың, оның ішінде, телевизияның маңызын атап өтті. Жаһандану заманында жан-жақтан ақпараттарды сұрыптап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде телевизияның орны ерекше екеніне тоқталды. Қазақ телевизиясын басқарған тұлғалардың еңбегін, ұлттық телевизияның іргесін қалауға қосқан үлестерін еске алды.
Конференцияның негізгі баяндамасын белгілі тележурналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Шабыт» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері, цифрлық медиа мен жасанды интеллектің адам мен қоғамға ықпалын, олардан туындайтын этикалық проблемаларды зерттеуші айналысатын филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Есенбекова жасады.
Ғалымның айтуынша, Қазақ телевизиясының қара шаңырағының иесі – бүгінгі «Қазақстан» ұлттық арнасы болса, қалған телеарналар қара шаңырақтан еншісін алып, көрерменге қызмет етіп келеді. Ұлттық телеарна да өзінің өмір сүрген дәуірімен бірге эволюциялық қозғалыстың барлық сатыларынан өтуде.
Цифрлық дәуірдің жаңа телевизиясы мен радиосын жасауға бет бұрған қоғамның алдында бір-бірімен байланысты бірнеше мәселелерді шешу қажеттігі туындайды. Бұл проблемаларды профессор Есенбекова тұтынушы ерекшелігі, экономикалық үрдістер мен технологиялық жаңарулар деп 3 топқа бөліп қарауды ұсынды. Бірінші, аудиторияның ерекшелігі. Қазіргі аудитория мол ақпараттық массивтердің ортасында өмір сүруде. Ақпарат тасқыны көп, олар үзіліссіз, толассыз қоршап алған. Адамдар «ақпаратқа тұншығу» сезімін бастарынан кешіруде. Екінші, экономикалық үрдістер. Инфо-коммуникациялық технологиялардың таралуы халықаралық сипат алды. Үшінші. технологиялық жаңарулар. Технологиялардың дамылсыз жаңаруы ақпараттық-коммуникациялық секторға ерекше серпіліс берді. Дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғаларды кросс-платформалық технологиялардың көмегімен бірнеше секундта көріп, білеміз. Бұл – ғажайып эволюция!
Баяндамасын қорыта келе Ұлбосын Есенбекова ұлттық мүдде мен мемлекеттік саясатты түсіндіру, бейтарап ақпараттық сүйемелдеу, тәрбиелік-ағартушылық функциялар – мемлекеттік телеарналардан жаңашыл, кәсіби және ұдайы ізденісте болуды талап ететінін айтты.
Жиынға қатысқан Қазақстан Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, Қазақ ұлттық университетінің беделді профессорлары Клара Қабылғазина, Жидегүл Әбдіжәділқызы негізгі баяндаманы жасаушы Ұлбосын Есенбекованың ғылыми тұжырымдарын қолдап, цифрлық дәуірдегі телевизияның қызметін талдаған зерттеуіне жоғары бағаларын берді.
Халықаралық жиынға отандық ғалымдардан басқа шетелдік медиа зерттеушілер де қатысып, сөз сөйледі. Халықаралық конференцияны жүргізген ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған жиынның мақсатын түсіндіріп, ғылыми жиынға онлайн қатысқан шетелдік ғалымдарға алғыс айтты.
Конференция төрт секцияда жалғасты. Конференцияны ұйымдастыруға жауапты Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, осы кафедраның аға оқытушылары Римма Шакуова, Айжан Пернебекова және басқа оқытушылар секция жұмысында модератор болып, конференцияның қорытынды ұсыныстарын жасады.
«Жаһандану кезеңіндегі заманауи телерадио
журналистиканың даму тенденциялары» атты
Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі баяндамасын жасаған
ЕҰУ профессоры Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова