Мәдениет және спорт министрлігінің «ONLINEda bol» жобасы аясында Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ: ТІЛ, ӘДІСТЕМЕ, НӘТИЖЕ» тақырыбындағы халықаралық онлайн семинардың алғашқы күні үш спикер өз әдістемелік тәжірибесін ортаға салды.
Ең алдымен Назарбаев зияткерлік мектебі «Лингвистикалық бағыттағы пәндер» бөлімінің аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Жүзбайқызы Дәулеткереева сөйледі. Ол «Лексиканы меңгерту – тілдік дағдыларды қалыптастырудың негізі» тақырыбы аясында әлемдік тәжірибеде танылып жүрген әдіскер ғалымдар, атап айтсақ, Marry Sprat, Alan Pulverness, Melanie Williams және тағы басқа әдіскерлердің еңбектеріндегі әдістемелік идеяларымен, тілді үйрету тәжірибесімен бөлісті.
Спикер тілді үйретуде лексиканы меңгерту қаншалықты маңызды екендігіне, жаңа сөздердің санада ұзақ мерзімді сақталуына әсер ететін факторлары, сөздің қолданыстағы үлгілері мен сөздерді аңғарымсыз қабылдап жаттату амалдары жайлы пайдалы әдістемелік кеңестер, қызықты тапсырмалар түрлерін ұсынды.
Тілді оқытуда болатын қиындықты алдын алу жолдарын түсіндірді.
Екінші спикер – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының әдіскері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Сымбат Нұрдәулетқызы Мұхаметжанова «Қазақ тілі сабағында жетістікке жету жағдаятын туғызу жолдары» тақырыбында сөйледі. Ол тіл үйретуде жетістікке жету жағдаятын туғызу үшін компьютерлік технологияны ұтымды қолданудың маңыздылығына тоқталды.
Интернет жүйесіндегі quizizz.com, edmodo.com, memrise.com, trello.com және т.б. түрлі бағдарламалар мен мобильді қосымшалардың тілді үйретудегі тиімділігін айтып, жаттығу жинағын әзірлеу мүмкіндіктері, оқу материалдарын көркемдеп түрлендіру, көркем фильмдерден тілді үйретуге арналған үзінділер дайындау жолдарын қатысушыларға ұсынды.
Үшінші спикер – Ұлыбританиядағы «Unicorn Language Sсhool» мектебінің директоры Роберт Сим «Шотландияның білім беру жүйесіндегі тілдерді оқыту тәжірибесі» тақырыбы аясында өзінің тілді үйретіп жүрген ұтымды әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Шотландтық маман қоғамдық ортадағы тілдің басымдылығына қарай екінші тілдің қолданылу аясының тарылуы жайлы мәселеге тоқталды.
Ол оқытуда шынайы қарым-қатынасты туғызу үшін коммуникативтік әдісті қолданудың тиімділігі, тіл үйренушілердің сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған тапсырмаларды үш кезеңге бөліп оқыту, объективті бағалау арқылы тіл үйренушінің қызығушылығын арттыру туралы кеңінен сөз қозғады.
Тіл мамандары өздеріне қажетті де пайдалы мағлұмат алды.
Семинарға Zoom сервисі бойынша 255 оқытушы қатысты.
Фейсбук желісіндегі «ONLINEda bol» парақшасы арқылы көптеген маман тыңдады.
Халықаралық семинар 27,28 тамыз күндері жалғасады.