Филология аруы

Қазақ xалқы әрдайым қыз баланы құрметтеп, төрден орын беріп, көзінің қарашығындай қорғап, ерекше сыйлаған. Қыз бала – болашақ ана.”Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі” деп бекер айтылмаса керек. Қалың қар мен мұзды ерітіп, күн сәулесінің жылы нұрын әкелген көктем мезгілінің сәуір айының бірінші жұлдызында “Филология аруы” атты байқауы өтті.

Филология факультеті “Жас Отан” жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен байқау көрермендер мен қатысушыларға ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз. Үш кезеңнен құралған байқаудың басты мақсаты тек сұлулықпен шектелмейді. Қыз баланың сыртқы келбеті де, ішкі жан дүниесі де сұлу болуына, өнеріне, қазақ қызына сай қасиеттерінің болуына қарай бағаланған бұл байқаудың жеңімпазы болу үшін алты қыз бақ сынасты.

Тәтті қылығымен көзге түскен Шыршықбаева Камила, Мұқағалидің 250-ге жуық өлеңін жатқа білетін ақын Мүслім Фариза, “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”,- деп, ұлттық аспабымызбен өнер көрсеткен Тастыбай Айым, актерлік шеберлігімен таң қалдырған Серікжанова Еркежан, өзінің сұлулығымен баурап алған Берліқожа Жанерке қыздарымыз бір-бірінен асып түспесе, кем болмағаны анық.

Сұрақ-жауап кезеңінде қазақ xалқының ұлттық салт-дәртүрлеріне байланысты сұрақтарға қатысушы қыздар қателеспей жауап бергені – көбісіне үлгі боларлық дүние. Өйткені, сұлу болу – барлығының қолынан келеді. Ал, өзіміздің қай ұлттан шығып,  атадан балаға тараған әдет-ғұрыпты, мәдениет пен құндылығымызды жатқа білуге қиынсынатынымыз өтірік емес.

Алты қыздың ішінен өзінің өнерімен барша жиылған қауымның көзіне ибалығымен, қазақилығымен көзге түскен “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының III курс студенті Еркін Айгерім жеңімпаз атанды.

Барлық байқау қатысушылары мадақтау қағаздары мен бағалы сыйлақтармен марапатталды. Бұл – еңбектің ақталғандығының дәлелі, сонымен қатар, келесі жолы қатысуға деген мотивация. Осындай керемет іс-шаралар болашақта тоқтап қалмай, керісінше жалғасын тауып, қарқынды дамыса дейміз. Барша жеңімпаздарды жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, талай белестерді бағындыруларыңызды тілейміз!

Аружан СЕРІК

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *