Университеттің «Күлтегін» декадасы аясында ағымдағы жылдың 17 мамырында Журналистика және саясаттану факультетінің салтанатты түрде кеңейтілген Кеңесінің мәжілісі өтті.
Факультет Кеңесінің мәжілісіне университет Ғылыми Кеңесінің мүшелері: ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Есім пен университет кәсіподағының Төрағасы Талғат Жанайдаров қатысты.
Факультет басшысы Қ.Ө. Сақ төрағалық ететін Кеңес мәжілісі өз жұмысын дәстүрлі түрде факультетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларын бір ай аралығында қол жеткізген жетістіктерімен құттықтаудан және марапаттаудан бастады.
Атап айтсақ, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті М.Б. Тоқтағазинге ҚР Білім және ғылым министрлігінің қауымдастырылған профессор дипломы табысталды. Осынау қуанышымен академик Ғарифолла Есім құттықтап, ғылыми қарыштау тіледі.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Ұ.М. Есенбекке білім беру саласында атқарған еңбегі үшін берілген грамотасын профессор Н.О. Омашев табыстады.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Шаңырақ» театрының студенттері (9 студент, оның 5-еуі журналистика мамандығының студенттері) 18-19 сәуір аралығында Сочи қаласында өткен халықаралық байқауда I орынды иеленіп оралды. Осы орайда факультет деканы Қ.Ө. Сақ Журналистика мамандығының 4 курс студенттері Нұрсұлтан Қабылбековты, Әділет Канафинді, Айкүміс Қанатты, Маржан Нұртазинаны, Гүлзат Қайыркелдіні құттықтау үшін сөзді профессор Н.Омашевқа берді.
Саясаттану мамандығының 1 курс магистранттары Н.Болатұлы мен А.Кусанованы Новосібір қаласында Қоғамдық дипломатия мен халықаралық қатынастың Еуразиялық мектебіне қатысуы нәтижесінде алған сертификаттарымен Кеңес төрағасы Қ.Ө. Сақ құттықтады.
Сондай-ақ, Кеңес Төрағасы профессор Қ.Ө. Сақ ЕҰУ хабаршысының журналистика саласы бойынша журналдың ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тіркелгені жөніндегі ресми құжатпен Кеңес мүшелерін құттықтап, болашақта аталған журнал сапасын талапқа сай жарыққа шығару арқылы халықаралық рейтингісі жоғары басылымдар қатарына енгізу жөнінде жұмыс жасау керек екенін айтты.
Әрі қарай Қайрат Өмірбайұлы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін маңызды құжат екенін айта келе, рухани жаңғыру – кемел келешек кілті екеніне терең тоқталды. Елбасымыздың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзін тілге тиек еткен академик табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін баса айтты. Білім салтанат құрған заманда білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Академик Ғарифолла Есім Кеңеске шақырылғаны үшін ризашылығын білдіріп, факультет жетістіктерімен құттықтай келе, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретін ұлттық кодты құрайтын ұлттық тарихымыз, ұлттық мәденитіміз, салт-дәстүріміз және әдет-ғұрпымыз хақында да кеңірек әңгімелей келе, мақалада көрініс тапқан Елбасының келелі ойы, салиқалы пікірі бірінші кезекте жас ұрпаққа арналатынын және жаһандық бәсекеге төтеп беру жолында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сананы жаңғыру, патриот азаматтарды тәрбиелеу бағытында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді әрбір жастың жүрегіне жеткізу – кезек күттірмес міндет екенін атап өтті.
Профессор Н.О. Омашев Рухани жаңғырудағы БАҚ-тың рөлі мен маңызына және қоғамдық пікірді қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Кеңес мүшелері Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарламаның бір тармағы – латын әліпбиі мәселесіне де тарихқа шегініс жасау арқылы өз пікірлерін білдірді.
Кеңейтілген Ғылыми Кеңес жұмысы әрі қарай күн тәртібінде қарастырылатынан мәселелермен өрбіді.