Төртінші өнеркәсіптік революция – қазақтың өркендеу дәуірі

Ұлттық қасиеттерімізді сақтап, ті­ліміз бен ұлттық рухымызды бола­шақ ұрпақтарға аманат етіп тапсыру – Мәңгілік ел боламын деген халықтың басты мұраты екенін жиі айтамыз. Бұл туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарқатып түсіндіріп берді.

Бүгінде жиі айтылатын өнер­кә­сіптік революцияның әрбір кезеңінде өндіруші күштер ғана емес, өндіріс пен ғылымның тығыз ықпалдасуы туындап, дамуға жаңа серпін беріп отыр. Қазіргі тілмен айтқанда, өнеркәсіпке енгізілген инновациялық технологиялар тауардың өзіндік құнын төмендетіп, экономикалық тиімділікті еселеп өсірді.

Давостағы Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның президенті Клаус Шваб «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабында экономика мен технология салаларында аттары танылған сарапшылардың, трансұлттық корпорация басшыларының тәжірибесі мен көзқарастарын қорытып, «инно­вациялық қызмет әлемдегі мемлекеттер мен мыңдаған компаниялардың бәсекелесу алаңына айналды» деген тұжырым жасайды.

Бірінші ӨР (өнеркәсіптік революция) кезеңі 1760-1840 жылдардың аралығында индустрияландыру, темір жол салу, бу двигателін ойлап табумен, жіп иіру машиналарының пайда болуымен сипатталды. Осы кезеңде Ұлыбританияда механикалық өндіріс дамып, аграрлық қоғамдар индустриялық қоғамға трансформацияланды. Бұл үрдіс АҚШ пен Еуропаның басқа мемлекеттеріне тез тарады. Өндірісте машиналар қолданылды, жұмыс күші дамыды, урбанизация жылдам жүрді, еңбек өнімділігі артты, экономикалық өсім жоғарылады.

Екінші ӨР XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басын қамтыды. Электр энергиясын қол­дану, конвейердің пайда болуы, темір жолдың таралуы, химия өндірісіндегі инновациялар нағыз технологиялық революцияға негізделіп жасалынды. Бұл кезеңдегі экономикалық дамуға ғылымның жетістіктері ерекше серпін берді. 1960-жылдан бастап компьютер мен дербес компьютерлер, өнеркә­сіптік роботтар, цифрлық технология­лар мен интернет өмірге ене бастады.

Үшінші ӨР-дің дәуірі осылайша басталып, өндірістегі басты процестер түпкі тауар өндіретін зауыт пен фабрикалардың цехтарынан бағдарлама жазатын IT-мамандар, инженерлер мен дизайнерлер отырған офистерге көшіп жатыр. Ал, адамы жоқ цехтарда үнсіз өнеркәсіптік роботтар арнайы алгоритм бойынша тауар жасаумен айналысады.

Соңғы екі ғасырда негізгі пайда тауарды өндіру мен сату кезеңінде жиналса, жаңа дәуірдің ерекшелігі – басты пайда өнімді зерттеу мен жобалау кезеңінде жинақталады. Яғни, бүгін ресурстың басым бөлігі түпкі өнімді шығаруға емес, оны ойлап табуға, өндіріске дайындауға жұмсалады. Энергетикалық революция мен ком­му­никациялық серпіліс сәйкес кел­генде ғана керемет технология­лық жаңалықтар ашылып, жаңа экономикалық модельдер жасауға мүмкіндік туады.

Үшінші ӨР бұ­рын­ғы өнеркәсіптік революциялармен салыстырғанда ауқымы мен табиғаты мүлдем өзгеше болып дамып келеді. Интернет-коммуникация адамның өмір сүру ортасын ғана емес адамның дағдылары мен мәдениетін, таным-түйсігін өзгертіп жіберді. Адамды өзгерткен интернеттің сая­сатқа да, экономикалық парадиг­мала­рға да ықпалы үлкен. Әсіресе, әлемдегі барлық жастардың бойын­да ешқандай саяси партияларға қосыл­майтын, капитализм немесе социализмге қызықпайтын, ешбір идеоло­гияны ұнатпайтын көңіл-күй үдеп барады. Каир мен Мәскеуде, Париж алаң­дары мен Уолл-стритке шыққан жастар: «Біз бүгінгі экономикалық жүйеден үміт күтпейміз. Жұмыс жоқ, энергия қымбат, экологиялық, таби­ғи апаттар мен қатерлер көп. Өзі­міз үшін ешқандай экономикалық мүм­кіндіктер көріп тұрған жоқпыз» дейді.

Интернет кеңістігіндегі қағидалар мен құбылыстар, мінездер де қазақ жастарына әсер етпей қоймайды. Ұлт алдындағы борышын түсін­бей­тін, мәдениеті мен рухани сұра­нысы жұтаң, тек экономикалық табыс қызықтыратын ұрпақтың қолына сая­си билік тисе елдің тәуелсіздігі мен мемлекет тағдыры қандай болатыны да ойландыратын мәселе. Бүгінгі 15-20-дағы жастарымыз өздерін ертеңгі цифрлы дәуірдің байырғы тұрғыны санатына қосып, жауапсыздық пен толық еркіндікке бой алдырып ала ма деген үрейдің арты қалыңдап барады.

Елдегі сауаттылық көрсеткіші 99,8 пайыз, еліміздің 127 жоғары оқу орындарында 463 мың студент оқиды, 10 мыңдай қазақстандық дүниежүзінің беделді университеттерінде білім алып, елге қызмет етуде. Республика тұрғындарының 73 пайызы интернетті күнделікті қолданады, олар кемінде 2 құралмен ғаламдық желіге орташа алғанда секундына 19,3 мегабит жылдамдықпен қосылған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 28 500 шақырым оптикалық-талшықтық кабельдер жүргізіліп, 3,5 млн ауыл тұрғыны кең жолақты интернет желісіне қосылатын болады. Мұның бәріне біз адами капиталды дамытып, ой еңбегінің, ғылым мен білімдегі жетістіктеріміздің, жо­ға­ры технологияларды игеруге де­ген қабілетіміздің және қазақ жері­нің байлығының көмегімен жеттік.

Ең озық технологияларды жасау (гене­ра­циялау) мүмкіндігіміздің әзірше шек­теулі болуын кемшілік, шешілмейтін проблема деп айтуға болмас. Мұның бәрі әлемдік еңбек бөлісіне байланыс­ты туындаған шындық. Қазіргі цифрлы технологияларға сүйенген дәуірде жеке адамға, мәде­ниетке, тіл мен ұлттық өнерге төнген қа­уіптің жойқындығын әлемдік ойдың шыңына көтерілген тұлғалар жарыса айтуда. Өмірі мен қызметі цифрлы ортаға тәуелді қауымды интернет арқылы жаппай аңду технологиялары адамзаттың болашағына алаңдаған мамандардың наразылығын тудыруда.

Бүгіннен бастап қауіпсіздік жағы­нан сенімді технологияларды таңдау арқылы ұлттың болашағын анықтап алудың қажеттігі мемлекетіміздің цифрлы күн тәртібіндегі ең басты проблемасы болып белгіленгені жөн. Елдегі қабылданып жатқан цифр­лы бағдарламалардың да басты ны­саны – ақпараттық жүйелердің жоға­ры дәрежеде қорғалуы болғаны абзал.

Енді 5-7 жылда қазір тек теория­лық тұрғыда жобаланып жат­қан квант-компьютерлер қолданыс­та­ғы классикалық үлгідегі компью­тер­лердің орнына келеді. Осыдан 25 жыл ғана бұрын квант-компьютер жасау идеясын ғылыми ортаның өзі де қабылдамаған болатын. 1994 жылы ғылымда 2 революциялық жаңалық ашылды. Оның бірі америкалық математик Питер Шордың есімімен байланысты болса, екіншісі физикада ашылған жаңалық. Шор өзінің кванттық алгоритмін жасап қазіргі криптографияның негізін құрайтын факторлау тәсілін жаңартса, экспериментальды физикада атомды суыту, қарапайым бөл­шектерді оқшаулау әдістері табылды.

Айтылған 2 жаңалықтың арқа­сында 1994 жылы кванттық компьютер жасауға болады деген тұжырым тео­риялық тұрғыда дәлелденді. Енді ғалымдар оны нақты жүзеге асырып, алғашқы прототиптер де жасалуда. Тіпті Қытай мемлекеті 11,5 млрд АҚШ долларын бөліп жаңа кванттық орталық ашуға қадамдар жасауда. Соның көмегімен олар ең керемет қорғалған компьютерлік жүйелерді бірнеше секундта бұзып, ақпаратты көшіріп немесе өшіріп, өз мүдделеріне пайдалана алады. Міне, ғылыми жаңалықты деструктивті бағытта да қолдануға болатынының тағы бір дәлелі осы.

Америкалық RAND корпорация­сы «форсайт» технологиясының көмегімен стратегиялық болжау мен жоспарлау әдістерін ауыстырып, кез келген ұлтты суверенитетінен айырып, даму траекториясын қауіпті жолға бұрып жіберуге болатын іс-әрекеттердің жиынтық технология­сын ұсынды. Бұл технологиялар қоғамдық формацияларды қиратып, мемлекетті күйрету үшін бірнеше елде қолданылып жүр. Сондықтан да қабылданған әрбір цифрлық бағдарламада адам, қоғам және мемлекет үшін туындайтын сын-қатерлер мен қауіптерді түгендеп, олардан келетін зиянға тосқауыл қою тетіктерін қатарлас жүзеге асырған дұрыс.

Тұтастай цифрлы экожүйенің жеке тұлға мен мемлекеттің суве­ре­­­ни­тетіне төндіретін қатерлерін сарап­тау, бағалау болашақта ұлттық қауіп­сіз­діктің ең басты мәселесі болары анық. Тарихтағы эволюциялық өзге­ріс­тер – адамның өз өмірін, тұрмыс-тіршілігін жеңілдету, оңтайландыру мақ­сатымен жасалады. Адамзат өрке­ниеті осылайша, өмірі мен тұрмысын жеңілдетемін деп санасы мен рухын, Жаратушы сыйлаған адамдық қасиеттерін жоғалтып, жансыз, ойсыз, сезімсіз темір роботқа ұқсап кетуі де адами құндылықтар ұмытылып, қатыгездік пен рухани құлазу осылайша басталуы да мүмкін. Цифрлық технологиялардың дамуындағы келеңсіз құбылыстар соны көрсетуде.

Төртінші ӨР-дің алдыңғы 3 кезең­нен айырмашылығы оның ауқы­мын­да. Сонымен бірге төртінші ӨР адамзат тарихын жылдам және мүлдем күт­пеген бағытқа бұрып жіберу қау­пін де жоққа шығара алмаймыз. Цифрлы эволюцияның барар жерін дұрыс болжау арқылы Қазақ елінің даму бағыттарын ұлттық мүд­деге сәйкестендіріп жасау үшін мемлекет пен қоғамның біріккен жігері қажет.

Өйткені өзін-өзі жетілдіруге қабі­летті жасанды интеллектпен қоршал­ған адам өзі жасаған роботқа тәуелд­і болып, оған бағынышты болу қаупі де қиял-ғажайыптан шындыққа айна­лу ықтималдығын ғалымдар да жоққа шығара алмауда.

Міне, дүниеде болып жатқан тех­но­логиялық өзгерістердің қары­мы, күштілігі жағынан, адамзат тари­хын­дағы дәуірлерде ешуақытта болма­ған. Цифрлы әлемнің берер мүмкін­діктері де керемет, ықтимал қауіптері де жойқын. Бұл қауіптерден сақтанудың бас­ты иммунитеті – Елбасы айтқандай «ақылды ұлт өзінің ұлттық рухынан, тілі мен дінінен ажырамай цифрлы ортаға бейімделуі». Сонда ғана Төр­тінші ӨР қазақтың бағын ашып, өр­кен­деу дәуіріне айналады.

Ұлбосын ЕСЕНБЕКОВА, қауымдастырылған профессор,

мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты

Түптұсқа: egemen.kz

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *