Тұғыры биік Тәуелсіздік

Ел Тәуелсіздігінің  27  жылдығына  орай,  Журналистика және саясаттану факультетінің  ұйымдастыруымен Сәулет-құрылыс және Экономика факультеттерімен бірлескен негізде үлкен іс-шара болып  өтті. Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары  Болатова Гүлжауһардың ұйытқы болуымен аталған факультеттің биылғы түлектері журналистика мамандығының 1-курс магистранттары Маржан Нұртазина, Гүлзат Қайыргелді, Айкүміс Қанат мерекелік кештің өз деңгейінде мазмұнды өтуіне барынша атсалысты.

Жиын  желтоқсанда жапа шеккен, халқымыздың  аяулы қызы Ләззаттың  бейнесі сомдалған прологпен ашылды. Журналистика мамандығының 1-курс магистранты Айкүміс Қанат Ләззат Асанованың бейнесін шебер орындағаны сондай, көпшілік көзіне жас алып, бір сәтке көңілдері босады. Шара барысында Тәуелсіздіктің  27 жетістігі – тәуелсіз  еліміздің тарихындағы айтулы  оқиғалары айтылды.  «Дала сазы» халық аспаптар оркестрінің  домбырашылар квартеті  домбыра  үнімен сахнаны жаңғыртты.  Үш факультеттің  студенттері әнмен шашу шашып, патриоттық  тақырыптардағы әндер  орындады. Концертте  жас ақындар Тәуелсіздікке арнаған  өлең- жырларын  оқып, терме де айтылды.  Күллі  қазақстандықтар  мен әлемнің  барлық  қиырындағы бауырларымыз  үшін ұлы мереке  саналатын тәуелсіздік  күніне  жас айтыскер  ақындар, Журналистика  және саясаттану факультетінің  бірінші  курс студенттері Ерасыл  Байментаев пен Қайрат Рыспанбетов сахнада домбырамен суырып салып,  арнау айтты:

«Шабытым  сарғаймаса  сары майдай

Құлагер  күн  шапса  да арымайды-ай,

Журфагым, міне, бүгін тойлап  жатыр

Дүркіреп  асы  өткен  Сағынайдай.

Қонаққа  қос факультет  шақырыпты

Бөлінбей, бірігудің жолын  ойлай» –  деп бірлікті ту еткенін Ерасыл, үш факультеттің  жарасымды достығын сөзге тиек ете  келіп,

Бәріне Гүлжауһар апай бас болып жүр,

Жанарынан нұр төгіп жарық айдай.

Заты әйел болса да теңейінші:

(Мақтады демеңдер өз қамын ойлай)

Үш факультетті қосқан апайымыз

Үш жүздің басын қосқан Абылайдай!- деп

жырдан шашу шашқан ақын Ерасыл Байментаев бүгінгі салтанатты шараның мәнді де мазмұнды өтуіне зор үлес қосқан Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Жамбылқызының еңбегіне баға бере кетуді де ұмыт қалдырған жоқ.

«Киелі  бұл орында білім алған,

Қазақта талай мықты тау  мүсін  бар.

Мысалы, Аманжол мен Дәулеткерей

Айтыста  қол жетпейтін  қарлы шыңдар.

ЖСФ-ты  көтеріп келе  жатқан

Сақ  Қайраттай ағама алғысым бар.

Осында оқығанның арманы  жоқ

Бақытты  студенттер, бармысыңдар!

Ассалаумағалейкум, сәлем бердім

Арманы жоқ  адамдар,  армысыңдар!» – деп

ақын Қайрат  Рыспанбетов батыр  еңселі  Елордамызда бой көтерген университетте білім алып жатқан,  тәуелсіз елде  қанат жайып  келе  жатқан бақытты жастар  екенімізді  еске салды.

Шара соңында мерекелік  құттықтау сөз кезегі Журналистика  және  саясаттану  факультетінің  деканы Сақ  Қайрат  Өмірбайұлына, Сәулет-құрылыс факультетінің  деканы   Баймұханов Серіктай Кәкенұлына, Экономика  факультетінің  деканы  Мақыш  Серік  Биханұлына, Тарих факультетінің  деканы   Тілеген Садықұлына және талай жылдар бойы университетіміздің кәсіподақ ұйымына төраға болған Талғатбек Жанайдарұлына берілді.

Әсем ән, жүрекжарды  арнау, төгілген  өлең-жыр, журналистика мамандығының 1-курс магистранттары арнайы дайындаған бейне материал,  әсем би мен рухтандыратын домбыраның үні…   Мерекелік көңіл-күй.  Тәуелсіздік күні  университет  қабырғасында осылай  тойланды.  Баршамыз үшін  орны ерекше,  тұғыры  биік  Тәуелсіздік  мерекесі құтты болсын!

Сымбат Келдібек

«Көзқарас» баспасөз клубының мүшесі,

Журналистика және саясаттану факультетінің                         

2- курс студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *