ТІЛ ҮЙРЕТУДІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСНАМАСЫ

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ тілін үйретудің заманауи әдіснамасы» тақырыбы аясында онлайн режімде әдістемелік семинар өткізді.  

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында  тілді оқытудың базалық әдіснамасының негіздері мен әлемдік тәжірибелерді басшылыққа ала отырып,  балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары, магистратура мен мемлекеттік құрылымдарда қазақ тілін  деңгейлеп үйрету жүйесінің  жаңа жолдарын іздеу, әдіснамасын қалыптастыруға бағытталған іс-шараны Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөз сөйлеп ашты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарауына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйлестіру ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді»,– деп тапсырған болатын. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі ел азаматтарының, әсіресе жастардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін әдістемелік базаны жетілдіру, озық әлемдік тәжірибеге негізделген оқу және оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу міндетін алдымызға қойып отыр. Бүгінгі бас қосудың мақсаты да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  қазақ тілін үйрету процесін жаңаша ұйымдастыру, деңгейлеп оқытудың жаңа жолдарын іздеу, әдістемесін жетілдіру  мәселесін әдіскер ғалымдармен алқалы түрде ақылдасып қарап, тиісті құжат жобасын әзірлеуде ортақ бір шешім қалыптастыру»,– деді ол.

Онлайн бас қосуда қазақ тілін оқытудың қалыптасқан әдіснамасының   артықшылықтары мен кемшіліктері сөз болып, қазақ тілін меңгертуде шет тілін үйретудің жалпыеуропалық құзыреттіліктерін басшылыққа алу мәселесі сараланды. Сондай-ақ қоғамның түрлі саласында  қазақ тілін  оқыту жағдайы талданып, Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекеттік тілді деңгейлеп  меңгерту  жүйесінің   стратегиясы мен оны іске асыру тетіктері жайлы мәселе қозғалды.

Семинарда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филол.ғ.к. Ербол Тілешов қазақ тілінің әдіснамалық стратегиясы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы Филология кафедрасының профессоры, пед.ғ.д. Несібелі Құрман қазақ тілін оқытып-үйретудің ХХІ ғасырдағы әдіснаманың негіздеріне тоқталып,   функционалдық-грамматикалық, коммуникативтік-грамматикалық, психодидактикалық, ақпараттық-коммуникациялық теориялық тұғырларын қалыптастыру жайлы нақты, батыл ұсыныстарымен бөлісті.

Ноттингем университетінің (Ұлыбритания) докторанты, филол.ғ.к. Еділбай Оспан қазақ тілін  академиялық бағытта оқытудың өзектілігін,  нәтиже беретін әдіс-тәсілдерді жан-жақты талдап берді.  

Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық  орталығының директоры, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Манара Адамова мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі қазақ тілін оқыту негіздері, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім  академиясы Орта білім орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филол.ғ.к. Алмагүл Мұқышева жаңартылған білім мазмұны аясында «Қазақ тілі және әдебиеті» пәндерін оқытудың өзекті мәселелеріне тоқталып, жалпы білім беру деңгейінде шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттерін   негізге алу керектігі жайлы тұщымды пікір айтты.

Назарбаев зияткерлік мектебі «Лингвистикалық бағыттағы пәндер» бөлімінің аға менеджері, филол.ғ.к. Нұрлыгүл Дәулеткереева Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі қазақ тілін үйретудің кешенді бағыттары, бағдарламаларды жетілдіру жайлы айтса,  М.S. Narıkbaev atyndaģy КАZGUU Unıversıtetiniń доценті, филол.ғ.к.  Қарлығаш Дүсіпбаева жоғары оқу орнында қазақ тілін меңгертудің талаптары, студенттерді оқыту және сертификаттау тәжірибелерімен бөлісті.

       ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Қазтест жүйесін дамыту жөніндегі басқарма басшысы, пед.ғ.к. Мәншүк Мұқаметқали  тілдік білімді бағалаудағы «ҚазТест» жүйесінің рөлі, болашақта оны дамыту жолдары, білім беру саласына енгізу механизмдері жайлы маңызды ақпараттарымен бөлісті.

Республикалық семинар ZООМ платформасындағы тікелей эфирден басқа, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының фейсбук, инстаграм желісіндегі парақшасы арқылы ашық көрсетілді. Сөйтіп бұл шараға «Мектепте дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының мамандары,  орта, техникалық және кәсіби,   жоғары білім беру саласының қызметкерлері, Тілдерді дамыту басқармасы мен оқыту орталықтарының әдіскер-оқытушыларымен бірге қалың көпшілік қатысты.

Семинар соңында спикерлер мен қатысушылардың ұсыныстары негізінде қазақ тілін үйрету әдіснамасын жетілдіру бойынша қарар қабылданды.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *