Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының тура бір ай көлемінде ұйымдастырған «Тілді үйретудегі отандық әдістемелердің тәжірибесі» онлайн семинары өз мәресіне жетті. 2022 жылғы 15 сәуірдегі қорытынды іс-шарада UIB доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Шырынхан Абдиева қазақ тіліндегі мәтіндерді түсінуге бағытталған заманауи тәсілдерге тоқталса, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Балдырған Доскеева қазақ тілін өз бетінше оқып үйренуге арналған «Қазақша сөйлейміз» оқу құралының әдістемесі туралы әңгімеледі.
Шырынхан Дүйсенбекқызы мәтінмен жұмыстың маңызы жөнінде жан-жақты сөз қозғады. Тіл үйретудегі негізгі де маңызды элементердің бірі – мәтінмен жұмыс жасау. Мәтінде тілдік бірліктер бір-бірімен байланысқа түсіп, мазмұндық, коммуникативтік, құрылымдық жағынан біртұтас композицияға айналады. Қазақтың әрбір сөзінің астарында ата-бабамыздың салт-дәстүрі, керек десеңіз, тұтас дүниетанымы жатыр.
«Сондықтан қазіргі гаджеттер жайлаған күрделі кезеңде мәтінді түсініп оқу, мағынасына мән беріп қолдану мәселесі өткір тұр. Кей кездері жалындаған жастарымыздың бойынан жағымсыз қылық байқап қалсақ, тіл байлығын тал бойына сіңіре алмай жатырмыз-ау деп қынжыласың», – деді ол.
Тіл байлығының ең басты белгісі – сөз байлығы. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуіне, түсінісуіне, сөйлесуіне қызмет қылса, сөз – тілдік қарым-қатынастың негізгі элементі. Бірақ тіл байлығы сөздердің жалаң санымен ғана емес, оның сапасымен, мазмұнымен, әсерлі қуатымен де өлшенуі тиіс. Баяндамашы тіл үйренушіге осы қасиеттерді дарытудың тәжірибедегі тәсілдерінің нақты мысалдарына жүгінді.
Балдырған Жармұхаметқызы өз қаламынан туған еңбегін тілге тиек етті. Автордың айтуынша, аталмыш кітапта грамматиканы түсіндіру, тіл конструкцияларының үлгілері мен тәжірибелік жаттығулар секілді көптеген тақырыптар қамтылған. Тұрмыста жиі кездесетін қазақша-орысша сөздік қоса беріліпті. Жұмыс барысында мамандар мен оқырман сұранысынан кейін мынадай ерекшеліктерге ие болған екен:
- тақырыптар жүйеленген, логикалық байланысы ескерілген;
- үйренушіге тек қана өзіне түсініксіз, қиындық тудыратын тақырыптарды тыңдап оқуына да мүмкіндік берілген;
- басқа кітаптарда кездеспейтін, бірақ тілімізде жиі қолданылатын көптеген керекті және маңызды тақырыптар қамтылған;
- материалды виртуалды түрде қабылдау қарастырылған.
Орталықтың Бас директоры Е.Тілешов іс-шараға белсене қатысқан тіл жанашырларына Алғыс хат табыстап, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де өз жалғасын табады деп ой қорытты.
Яғни тіл шаруасында толас болмайды.