Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясында 2020 жылғы 26 қарашада «Мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстар мен көрнекі ақпараттағы қолданысы» тақырыбында республикалық онлайн семинар өтті.
Республикалық семинардың жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың жауапты мамандары, жоғары оқу орындары мен банктердің қызметкерлері қатысты.
Республикалық онлайн семинарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің (бұдан әрі – Комитет) төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзбен ашып, аталған іс-шараның маңыздылығына және республика бойынша «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының орындалу барысына, мониторинг кезінде орын алған кемшіліктерге де кеңінен тоқталды.
«Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасын Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы іске асырды.
Мониторингтің мақсаты – көрнекі ақпараттардың сауатты әрі дұрыс ресімделуіне ықпал етіп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен акционерліқ қоғамдардың, оқу орындарының ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысы мен оның тіл заңдылықтарының талаптарына сәйкес дұрыс жүргізілуін қадағалау.
Жоба аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау қалаларында көрнекі ақпараттарда және бұқаралақ ақпарат құралдарының, сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың және жоғары оқу орындары ресми сайттарының мемлекеттік тілде жүргізілу барысы тексерілді.
Көрнекі ақпараттардағы тілдік ахуалға талдау жүргізу үшін өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары мен тіл орталықтарынан 8 сарапшы маман, ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу үшін 2 сарапшы маман тартылып, қазіргі таңда 125 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізілді. Осы тексерістің қорытындысы бойынша ескерту хат жолданған 98 мекеменің 41-і өздерінің ресми сайтына түзету енгізді.
Семинарда Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбуталиұлы, «Тәй-Тәй Star» ЖШС директоры, Нұр-Сұлтан қаласы Архив ісі және тілдерді дамыту басқармасы жанындағы «Тілге қолдау» жұмысшы кеңес тобының мүшесі, тіл жанашыры Баян Орынбасарқызы, Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Смағұлова Мөлдір Құсайынқызы баяндама жасады. Баяндамашылар мемлекеттік тілдің көрнекі ақпараттарда, сыртқы көрнекі жарнамаларда қолданылу жайына, оларда орын алған өрескел қателіктерге (орфографиялық, стилистикалық) кеңінен тоқталып, өз ұсыныстарын білдірді.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жоғары оқу орындары мен ұлттық компаниялардың ресми интернет-ресурстарында жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысымен М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университеті, Жоғары гуманитарлық мектебінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Төлегенова Мөлдір Елжанқызы таныстырды. Ресми сайттардағы қателерге, атап айтқанда, сайттардың бірден мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде ашылуына, қазақ тіліндегі бөлімдерге орыс тіліндегі ақпараттардың орналасауы, мемлекеттік тілдегі маңызды ақпараттардың сайтқа бірден жүктелемеуі және т.б. мәселелерге тоқталды.
Семинардың қорытындысы бойынша бірауыздан қарар қабылданды. Қарар барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарға, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдарға, жоғары оқу орындары мен банктерге жолданатын болады.
Мемлекеттік тілді ресми интернет-ресурстарда кеңінен қолдануға үлес қосқаны үшін бірқатар мекемелер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің алғысхатымен марапатталды.