Ақпараттық ғасырдағы көз ілеспейтін даму жылдамдығының нәтижесінде интернет желісінің сапасы мен жылдамдығы бірқалыпқа түсті. Осының ықпалымен ақпараттық қоғамның негізгі потенциалды күші шексіз мүмкіндіктерге жол ашқан жаңа медиаға қарай ойысты. Кез келген хабарды өзге бұқаралық ақпарат құралдарының жылдам әрі кең көлемде тарататын құзыретке ие, цифрлық жаңа технологиялармен жасақталған электронды БАҚ-тың дәл бүгінгі күні қоғамдағы орны айрықша. Соған қарамастан, өзінің қалың аудитория жинау қалпын өзгертпеген, ақпараттық құралдарының ішінде хабар таратудағы рөлі зор басымдыққа ие көгілдір экран айнасы – телевизияның да құдіреті әлі ешкімнен кем емес.
Басты ақпарат тарату құралы ретінде біздің өмірімізге өткен ғасырдың ортасында енген телевизия тарихына биыл 60 жыл толып отыр. Қоғамдық-саяси құбылыстардың әсеріне қарай телевизия бүгінге дейін үгіт-насихаттық, көпшілікке үндеу жолдайтын, өнерге жанашырлықты туындататын құрал ретінде түрлі функцияларды атқарып келді. Қай қырынан алсақ та, телевизия бұқараның санасын өзгертуге пәрменді, жаңа көзқарастың қалыптасуына түрткі бола алады немесе керісінше ескі көзқарасты заманауи үрдістерге алмастыра алуға қабілетті. Бәрінен бұрын, догмаларды түсіндіріп, элитаны да іріктейтін – осы сиқырлы сандықша. Енді жоғарыда атап өткен қасиеттер мен қағидаттар жиынтығы біздің еліміздегі мемлекеттік және коммерциялық телеарналардың ішкі саясатында қолданылады ма және олардың бір-бірімен ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай, соған кеңірек тоқталайық.
Алғашында бәсекелестік орта деген түсінік қалыптаспаған, таңдау жоқ тұста ел жұртшылығы мемлекеттік арналарға ғана назар салатын және онда айтылған фактілерге мөрмен бекітілген құжаттай иланатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдағы барлық салалардың бойына қан жүгіріп, дамуға бет алды. Оның ішінде, біз сөз етіп журналистика саласы да бар. Мемлекеттік телерадиокомпаниялар нарықтағы орнын кеңейту мақсатында телеарналардың қосымша арнасын жарыққа шығарды, сонымен қатар жаңадан тәуелсіз телеарналар ашылды. Ал ақпарат және коммуникация саласындағы телеарналардың өзара бәсекелесуі, бір-бірінен ерекшеленуге тырысқан сәті жаңа ХХ ғасырдың басталған тұсында.
Мемлекеттік «Қазақстан», «Хабар» телеарналары мен оның құрамдас каналдары бүгінде мемлекеттік саясаттың оң имиджін қалыптастырып, толеранттылықты насихаттап келеді. Еліміздің басты арналары саналатын бұл арналар ақпараттық-сараптамалық хабар таратуға өзінен жоғары тұрған күшке жалтақ және белгіленген шеңберден шыға алмайды. Мемлекеттік дәрежедегі зор күшке ие бола тұра, сенсация жасайтын журналистік зерттеулерге бармайды, қоғамдық талқылауға негіз болатын репортаждар жасамайды. Өкініштісі, ашық ойын ішінде бүгіп қалатын журналистер шоғыры осындай мемлекеттік арналардың ішінде. Бұл сөзімізге күнделікті өмірдегі сансыз оқиғалар себеп. Өйткені мемлекеттік арналар мен әлеуметтік желілерде айтылатын дүниелер бір болғанмен, мазмұнында алшақтық бар. Ал әлеуметтік желінің басым көпшілігін, білесіздер, қарапайым жұрт құрайды. Бір жағынан, бұл арналардың қаржыландырылуы мемлекетке тікелей тәуелді болғандықтан, осындай саясатты ұстануы мүмкін. Ал аудитория тартудағы басты әдісі – шетелдік телехикаяларды көрсету. Соңғы жылдары бұл әдіс мемлекеттік тапсырыс бойынша қазақ телехикаяларын көрсетумен толықты. Сонымен қатар көңіл көтеретін ойын-сауықтық бағдарламалар және эстрада әншілерінің жеке концерттері мемлекеттік арналардың рейтинг жинайтын басты көрсеткіштеріне айналды.
Ал «КТК», «31 арна», «Бірінші арна – Еуразия» секілді тәуелсіз арналар, керісінше, ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларға, жаңалықтар топтамасына ерекше көңіл аударып, мазмұнын мемлекеттік телеарналарға қарама-қайшы бағытта береді. Алайда олар да рейтингті көтеру үшін шетелдік телехикаяларды көрсетеді, өнер адамдарының жеке өміріне көбірек тоқталады, мазмұны жеңіл форматтағы бағдарламаларға әуес.Мақсат біреу, қалайда аудиторияны жинау, көпшілік көретін телеөнімдер шығару.
Мемлекеттік телеарналарды біржақты ақпарат таратады деп айыптағанымызбен, олар телевизияның жаны болып саналатын жаңалықтардың грамматикалық-стильдік талаптарын көп бұза қоймайды әрі кәсібилікке баса назар аударады. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен 25 жыл бойы түспеген «Таңшолпан» бағдарламасын алып қарайық. Бағдарламаның хронометражы – 3 сағат. Осы 3 сағат уақыттың ішінде 5-6 секунд сайын кадр жаңарып, түрленіп отырады. Бұл режиссердің өз қызметіне деген мұқияттылығы мен көрермен талғамынан шығу үшін жұмыс істеп жатқандығының көрінісі. Ал кейбір таңғы бағдарламалардың ұзақтығы бір сағаттан аспайды, алайда бір кадрді 3 минут ұстап тұратын уақыттары болады, осыдан-ақ телеарналар айырмашылығын аңғаруға болады. Ал коммерциялық телеарналардың көрермендер санын көбейту үшін кейде түймедей нәрсені түйедей етіп көрсететіні, қоғам теріс деп қабылдайтын, алайда эфирден өткізгенде жоғары нәтижеге қол жеткізетін бағдарламаларды беретіні жасырын емес. Айталық, «1 канал Еуразия» каналынан берілетін «Қалаулым» бағдарламасы. Дәл осы хабарға қатысты сыни пікірлер жиі айтылады, өнер адамдары қарсы шығып, қазақы менталитетке жат екендігіне тоқталып, дабыл қағуда. Нағыз рейтинг көтеру үшін жасалған бағдарлама екені анық, бүгінгі таңда қоғамдық талқылаудан түспей отырған бағдарламаның бірі.
Жалпы, арналардың өзара бәсекелестігі жұмыс өнімділігін арттырады, тек осы дода болашақта танымдық-мазмұндық бағытқа ойысса, қоғамды одан әрі ілгеріленуіне күш салған болар еді. Оның үстіне, бұл бағыт – нағыз кәсібилікті айқындайтын жол.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бәсекеге қабілеттілік төңірегінде: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деді. Ал бұл ретте, бүтіндей бұқараны бәсекеге қабілетті болуға насихаттайтын телевизияның даму тенденциялары барлық саладан озық болуы тиіс. Сондай-ақ халықтың басым көпшілігінің адами капитал сапасы артып, өмір сүруіне қолайлы жағдай туындағанда, телевизия соны өзгерістерді қабылдап, ақпараттық шабуылдарға төтеп бере алмаса, өзіндік құнын жоғалтып алады.
Қазіргі заман ақпараттық ғасыр, барлық адамзат ақпараттың тұтынушысы. Сондықтан еліміздегі өндіріс орындары, зауыттардың жаңа инновациялық технологиялармен жабдықталуы, ақпарат қауіпсіздік мәселесі – ІТ саласының жетілуіне ерекше мән беріліп, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қолға алынып жатқандығының мемлекеттің стратегиялық дамуына зор ықпалы болса, күн сайын жаңарып отыратын толассыз ақпараттардың салмағы одан екі есе басым түседі.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Журналистика және саясаттану факультеті,
қауымдастырылған профессор,
ф.ғ.к. Есенбекова Ұлбосын Мейірбекқызының жетекшілігімен
1 курс магистранты Гауһарай Есімова
yessimova.gaukharai@gmail.com