Тағдыры талауға түскен кітапхана

25.10.2020ж. сағат 11:00-де ZOOM бағдарламасында Нұр-Сұлтан қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастыруымен《Тағдыры талауға түскен кітапхана》атты онлайн кездесу өткізілді.

Онлайн кездесуде 70-тен астам адам қатысып, белсенді түрде өз ойларын жеткізді. Онлайн кездесуге түрткі болған жағдай маслихат депутаты Мирас Шекеновтың《кітапханаларды қысқартып, мұрағатқа қосу керек. Бұл-ескілік, кітапханаларды қысқарту арқылы өкімет қаржысын үнемдеп, мемлекттік қызметкерлерді қысқарту саясатын іске асырамыз》деп мінбеден сөйлеуі себеп болды.

Аталмыш сөзден кейін әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, зиялы қауымның наразылығын тудырды. Онлайн кездесуде қатысушылар қазіргі заманда кітап пен кітапхана ісі кезек күттірмейтін іс екенін, оны дамытып, заманға сай жасақтап дамытуды қолға алмаса рухани құрдымға құлдырайтынымызды, кітапхана – мәңгілік елдің болашағының кепілі екенін ескертіп, қадау қадау өткір пікірлер айтты.

Атап айтқанда алғаш сөз алып, суырылып шыққан белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдрайым өз сөздерінде:《Өздеріңізге мәлім, көрдік, білдік, естідік. Бірер күн бұрын әлеуметтік желіден Нұр-Сұлтан қаласы мәлихатының депутаты Мирас Шекенов деген азаматтың қалалық Орталықтандырылған кітапханлар жүйесіне қарасты кітапханаларды қысқарту жөнінде ұсыныстарын естіп таң қалдым. Осының алдында ғана парламент сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің《Кітап оқымайтын қоғам қалай кемелденбек?》деген мәселе көтеріп, бұл сауалды премьер- министр Асқар Маминның атына жолдағаны, кітап оқуды қолдау және дамыту жалпы ұлттық міндет болуы тиіс екенін, бұған мемлекет те, қоғам да бірінші кезекте мүдделі болмайынша алға өрлей алмайтынымыз, ұлттың жаңа болмысын білімді, көзі ашық, парасатты іскер, қайратты қазақ жастары қалыптастыратынын қадап айтқан болатын. Енді мынандай одағай іске куә болдық. Әлеуметтік желі жақсы-ақ, уақыт талабы. Бірақ, кітапты ешқандай техника алмастыра алмайды. Кітап оқу тіл үйренудің, білім алудың үлкен жолы, үлкен мектебі. Кітапханаларды қысқартуға қарсымын》деп кеңінен өз ойын қадап айтты.

Ал, ақын жазушы, драматург, жыршы Баянғали Әлімжанов《Кейде адам баласын ақылының аутқығанда жететін жеріне қайран қаласың. Мен мұндай жиналысқа құмар емес едім,《кітапханаларды қысқартқалы жатыр》дегенді естіп, қаным қайнап тыныш жата алмадым. Депутат басымен бұл сөзді қалай айтады, оданда сол депутаттардың өзін қысқарту керек. Экономикалық қиындықты кітапхананың есебінен түзетем деп айтқаны ақылыма сыймайды. Қаншама құрылыстарың бос қалды қаңырап, шетелден шұбыртып жұлдыз жалдайсың миллиондарды шашып, сол кезде қайда қалдыңдар үнемшіл болсаңдар. Енді кеп кітапхананы бірдеңеге тіркемексіңдер. .. Қарағым райыңнан қайт, наразымыз біз》деп өткір пікірімен көптің көкейіндегі шерді қозғады.

Абыз жазушымыз Әбіш Кекілбаев《Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана》дейді. Ал, Шекспир《Кітап маған тақтан да қымбат》десе, Горький《Мен бай болсам тек кітап сатып алар едім》дейді. Осы сынды ұлағатты сөздерді қазір теріп тауыса алмаймыз. Кітап пен кітапхананың қажеттілігі мен пайдасы турасында айтылған даналық сөздері қатысушыларымыздың жан айғайының мәнін ұғындырса керек.

Қатысушылардың қызу сөз арасында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қоғаммен байланыс және көпшілік іс-шараларды үйымдастыру бөлім басшысы Сағыныш Дүйсенқызы: Кітапхананы қолдау керек. Материалдық жағынан қолдау керек, кеңейту керек, өсіру керек, заман талабына сай жабдықтау керек. Жағдайын жасаса кітапханашылар аз ғана жалақысына қарамай, кітапханаға деген махаббатымен жұмыс істейді, халыққа рухани дем береді. Кітапхана жұмыс істемесе халық рухани азықты қайдан алады?! Ертеңгі елдің болашағы не болады?!》деп өз пікірін қосты.

Сонымен қоса Т.Саттарқызы, Қ. Қалекетқызы, Ү.Қуанышова, М.Валиулина, Б.Рүстемов, А.Қуантай сынды белгілі қатысушылар өзекті мәселелерді қозғады. Қарағанды облысының кітапханаларлы, Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханашылары да белсенділік көрсетті.

Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапхана директоры Б.Әсеталы өз ойын қорытындылай келе: М.Шекенов мырза өз қателігін мойындамай отыр. Әлі шығып халықтан кешірім сұраған жоқ. Бұл баршамызға сигнал. Біз өзімізге лайықты орнымызды алуымыз керек. Кітапхана көп мәселерді шеше алады. Айталық тіл мәселесін, рухани меншік. Біз осы мәселе жөнінде Нұр Отанға бірлесіп хат жазуымыз керек》деп өз ойларын ортаға салды.

Жігер Нұрдәулетұлы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *