Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!
Қоныс Мансура Жамбылқызы