Сән индустриясындағы үздік кино топтамалар

                Сән әлемі – өзгермелі де құбылмалы әлем. Сән – киім кию мәдениеті, өмірдің әр түрлі сферасында жеке талғамның уақытша үстемдік етуі. Назарларыңызға көптеген картиналардың ішінде сән индустриясымен байланысты ең қызықты көркем фильмдер топтамасын ұсынамыз.

       1. «Коко до Chanel»

«Шанель»  – француз сән үйі. Оның негізін қалаушысын, әрине, бәрі біледі. Әйгілі әйел, заманауи сән үлгісін өмірге әкелген Коко Шанель – әр қыздың талғамынан орын табатын кішкентай қара көйлекті, «Tweed» сәнді жакетін ойлап тапқан  танымал дизайнер.  Энн Фонтейннің режиссерлігімен түсірілген кино туындының басты рөліндегі Одри Тоту – XX ғасырдың ең талантты дизайнерінің сән әлеміндегі танымал болғанға дейінгі өмірін сомдайды. Коко Шанельдің фанаты болсаңыз, онда бұл фильм дәл сізге арналған.

          2. «Дьявол носит Prada»

Көрермендерді алғашқы сәттен бастап-ақ баурап алар аталмыш кино туындыда – Андреа есімді журналист қыздың өмірі сыр шертіледі. Нью-Йорктағы танымал журналдардың бірінде редактор қызметінің көмекшісі болып жұмыс атқаратын Андреаның сән индустриясындағы журналистік ізденісі, сән әлемінің қыр-сырлары, фэшн журналдарды шығару  үрдісінің барлығы – осы фильмде көркем түрде көрермен назарына ұсынылады.

             3. «Валентино: Последний Император»

Итальяндық сән әлемі – Валентино есімді әйгілі дизайнердің есімімен байланысты. Себебі, дәл осы дизайнер алғашқылардың бірі болып Италиядағы сән индустриясының дамуына үлес қосқан адамдардың бірі.   Бұл деректі фильмде – танымал Валентиноның сән әлеміндегі қызығушылықтары, еңбек жолындағы қиындықтары, жалпы айтқанда, сіз біліп, үйренгіңіз келген жаңашылдықтың барлығы – дәл осы кино картинада көрсетіледі.

Индира Жұмагелді

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *