Студент миссиясы

Бүгінде кез келген ортаға бару үшін белгілі бір киім кию этикасы, жазылмаған ережелер бар. Әсіресе, студенттер арасында, оқу-ғимараттарына байланысты өзіндік бір сән формасы сақталған. ЕҰУ студенттері, оның ішінде «ФСН», «АСФ», «Бас ғимараттарының» дресс-кодын зерттеп көрдім. Олай болса құрметті оқырман,  өзіңізбен бірге бақылап көрейік.

«Аустралия» материгі секілді басқа ғимараттардан бөлек орналасқан «ФСН» корпусының студенттері өздерін ешкім байқамайды деп ойлайтын сияқты. Бұл корпустың нақты «дресс-коды» бар деп айту қиын. Бір күннің ішінде студенттерді спорттық киімде, «casual», «suit» стилінде де көре аласыз. Әр түрлі көзқарастағы жандардың тоғысқан ортасы десе де болады. Дегенмен, журналистика факультеті болғандықтан түрлі жаңашыл, батыл стильді киінгендерді көре аламыз. Мәселен, шаш түсін әр апта сайын өзгерту, өзгелер сияқты емес, басқа көкжиектен қарай білу, креативті түрде киімдерді үйлестіру де бұл корпустың студенттеріне тән екенін атап өткім келеді.

«Бас ғимараттың» студенттерін тек классикалық үлгідегі «business attire», «semi-formal» стилінде ғана көруге болады. Тіпті, студенттерге классикалық киім үлгісінен басқа ешбір стиль жараспайтын сияқты болып көрініп тұрады. Әсіресе, «Заң» факультетінің студенттері аптаның алты күнінде де костюм киеді. Оның құпиясы, бас ғимаратқа спорттық киіммен кіргізбейді екен. Ал сабаққа джинсы, жейдемен келу мүғалімді сыйламау, мәдениетсіздік көрсетумен тең. Дегенмен, бұл ережені қатты сынауға болмайды, университеттің бас корпусы бізге деген көзқарасты, стереотипті қалыптастырады. Толығымен «suit» стилінде киінудің өзі салмақты пікір тудырып, бас ғимарат атануына лайықты екенін сөзсіз жеткізеді.

Университетіміздегі жаңадан ашылған «АСФ» корпусы авангардтық стиль әкелді деп нық сеніммен айта аламын. Бұл корпуста білім алатын архитектор, дизайн мамандықтарының студенттері стильге қатты назар аударады. Мәселен, қарапайым «casual» стилінде киініп, оған бір деталь (орамал, бандана, түрлі түсті шұлық, жарқын түсті аяқ-киім) қосу арқылы толығымен образын өзгертеді. Соңғы тенденциялардағы сән үлгілері бірінші сол жақтан бастау алатын секілді.

Қорытындылай келе, университетіміздің студенттері өзіндік талғам мен жеке дара стильді қалыптастыруға дайын екеніне көз жеткізуге болады. Стиль – сіздің ішкі жан-дүниеңіздің көрінісі. Бұл миссияны – біз бүгінде сәтті орындадық деген сенімдемін.

Аружан Дәрібай

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *