Биыл университетімізде Пушкин көшесінің бойында орын тепкен су жаңа студенттер үйі пайдалануға берілді. Бүгінде №7 студенттер үйінде журналистика және саясаттану факультетінің 50-ден астам 1-курс студенттері тұрады.
Қыркүйек айының 28 күні факультет деканының студенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлжауһар Болатова студенттермен кездесу өткізді. Оқу залында ұйымдастырылған кездесуге факультет студенттері қатысты.
Студенттер үйінде тұру ережесі кеңінен сөз болып, білім алушылардың ереже талаптарын ұдайы орындаулары керек екендігі ескертілді. Студенттер үйінде негізінен бірінші курс студенттері орналасқандықтан, ішкі тәртіп ережесіне қатысты жан-жақты, толық мағлұматтар берілді. Қауіпсіздік шаралары мен оларды сақтау, қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениеті мен азаматтық парыздар мәселесі тілге тиек етілді.
Сонымен қатар, журналистика және саясаттану факультетінен тағайындалған студенттік кеңес мүшелері таныстырылды. Факультеттің алты студенті студенттік кеңестің құрамында. Гүлжауһар Жамбылқызы студенттердің жағдайымен танысып, университет өміріне белсенді араласуға шақырды. Өз тәжірибесінде кездескен қызықты оқиғалармен бөлісті. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесуге келген студенттер мол тағылым алып, көкейдегі сұрақтарына жауап тауып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.
Сымбат Келдібек
ЕҰУ, 2-курс студенті