Посткеңестік елдердегі мемлекеттік басқару саласындағы көшбасшылық мәселелері мен перспективалары Америка мемлекеттік басқару қоғамының (ASPA) жыл сайынғы конференциясы аясында Астана мемлекеттік қызмет хабының (Хаб) панельдік сессиясында талқыланды.
Сессияға 20 әлемнің елінен мемлекеттік басқару саласының ғалымдары, сарапшылары мен практиктері қатысты. Панелдік сессияның ашылу рәсімінде Басқарушы комитеттің төрағасы Әлихан Байменов: «Басқару жүйелері бүкіл әлемде жаңа жағдайларға белсенді түрде бейімделуде, бұл тек заманауи технологиялар қолдануға қатысты айтылып отырған жоқ. Құндылықтар, корпоративтік мәдениет және көшбасшылық маңызы одан сайын арта түсуде», – деді. Ол, сондай-ақ, аймақтағы әрбір елдің мемлекеттік басқаруы өзіндік тарихи, мәдени, геосаяси және әлеуметтік-экономикалық факторлар әсерінен қалыптасқанына тоқталды. Ал бастапқыда ұқсас позицияда болған немесе тарихи дамуы ортақ елдермен жүріп өткен жолды бірге саралау, «келісе отырып, тон пішу» маңызды екенін атап өтті.
ASPA атқарушы директоры Уильям Шилдс Хаб пен ASPA арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына 5 жыл толғандығымен құттықтады. «Хаб мемлекеттік басқару саласында тәжірибе мен білім алмасу бойынша мемлекеттерге қолдау көрсету миссиясын табысты іске асыруда және осы тұрғыда ASPA-мен күшті әрі айрықша бір туыстық байланыс сезіледі» деді.
ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сулейменов қазіргі кезде халықтың үкіметке деген сенімі үлкен қысымға ұшырап отырғанын айтты. Осыған орай пандемиямен күресте, кәсіпорындарды қолдауда, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғауда мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің атқаратын рөлінің аса зор екендігін айтты.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Мемлекеттік басқару директораты басшысы Эльза Пиличовски мемлекеттік сектор үшін, оның ішінде оның басшыларына күрделі қоғамдық мәселелерді шеше алатындай жаһандық құзыреттерді дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ Хабқа ынтымақтастықты нығайтқаны және ЭЫДҰ елдері мен аймақ арасында тәжірибе алмасуға көмектескені үшін алғысын білдірді. Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Латвия, Литва және Украина үкіметтерінің өкілдері мен сарапшылары мемлекеттік басқару саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар басқа факторлармен қатар өсу, дағдарыс немесе белгісіздік кезеңінде басқаларға ықпал етіп, оларды іс-әрекетке жігерлендіру, алысты межелеп, икемді әрекет ету көшбасшылық үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Пікірталасқа мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру теориясының негізін қалаушы профессор Джеймс Л.Перри, ASPA-ның бұрынғы президенті доктор Стивен Кондри, Виржиния достастық университетінің профессоры Салтанат Либерт және Бельгия федералды мемлекеттік қызметі департаментінің (BOSA) басшысы Питер Ванденбруайене сияқты белгілі ғалымдар мен мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар қатысты. Олар тәжірибелеріне сүйене отырып, мемлекеттік басқарудағы көшбасшылықтың әдістері, стилі мен құндылықтарына қатысты ойлары және ұсыныстарымен бөлісті. Сессия барысында мамандар мен ғалымдар көшбасшылықтың басқа да өзекті аспектілері туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, Хаб ауқымында Palgrave Macmillan баспасынан посткеңестіктік 15 елде соңғы 30 жыл ішінде мемлекеттік басқарудың дамуы талданатын кітап баспаға дайындалып жатқандығы мәлім болды.