Позитивті ойлау – психологиялық мәдениетті меңгеру

Позитивті ойлау – психологиялық мәдениетті меңгеру

 

Кейбір адамдар өмірде күліп жүріп, кез-келген қиыншылықтан сүрінбей өте шығады. Сырт көзге олар жүйкесіне сызат түспейтін, асыл тас – алмастай берік, әрі сүйкімді көрінеді. Әркімді де өзіне тартып, баурап алады. Мансабы да тамаша, жанында достары да толып жүреді. Достарының әр-қайсысы жеке-жеке оны «менің ғана жан досым» деп есептейді. Ал ол болса айналасындағылардың барлығына бірдей позитивті энергия шашып тұрады. Өйткені ондай адам – психологиялық мәдениетті меңгерген адам.

Мәдениеттің адам психологиясына әсерін зерттеуші Д. Мацумото психологиялық мәдениетке мынадай анықтама береді: «Мәдениет – күрделі әрі жалпы ұғым, ол ұрпақтан-ұрпаққа салт-дәстүр, материалдық мирас және мінез-құлық түрінде беріледі. Бұлардың барлығы  біздің өмірімізді түсіндіріп бере алады». Ал ресейлік психолог В.В. Семикин: «Мәдениет – жеке адамдарды біртұтас қауымдастыққа біріктіріп, әрбір тұлғаны қоғаммен байланыстырады және адам психологиясының ішкі әлемін көрсетеді. Бұл ұғымды «мәдениет-тұлға-мәдениет» өлшемімен қарастырған жөн»,- деп ой түйеді.

Яғни, мәдениет – біздің өміріміздің көрінісі, таным-түсінігіміз. Қиыншылықтарға мойымай, өмірге күле қарайтын, белсенді де, бекем адамдардың табысты, беделді болуы – оның отбасылық дәстүрлері, ата-бабасынан қалған мұрасы мен қан арқылы берілетін мінез-құлқының ерекшелігінен болса керек. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген қазақ нақылы осыны айғақтай түседі. Психологиялық мәдениеттің  тірегі – адамзаттың рухани, ізгілік және адамгершілік қағидалары.

Психологиялық мәдениетке қалайша қол жеткізуге болады?

Позитивті ойлау арқылы психологиялық мәдениетті игеру жолында үш сатыдан өту керек. Психологиялық мәдениетке апарар баспалдақтың алғашқы сатысы – психологиялық сауаттылық. Бұл туралы профессор Ж.Ы.Намазбаева «…адам психикасының негізгі заңдылықтары мен мазмұнын білу әрқайсысымыздың психологиялық құзырымызды өсіруге, өз мәселелерімізге сауатты қарауға, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға және тұлғалық қалыптасуға мүмкіндік береді. Күнделікті өмірдегі сәтсіздіктер мен уайымдар, дау-дамайлар, көбінесе психологиялық сауатсыздықтың салдарынан пайда болады» және «…Сіз айналаңыздағы ақиқатқа, ең бастысы, өзіңізге немқұрайлы емес, белсенді қарайтын боласыз»,- деп түсіндіреді. Яғни өзіңізге ендігәрі белсенді қарауыңыз қажет.

Екінші сатысы – құзіреттілікті ғалым М.А.Холодная былайша анықтайды: «Құзіреттілік – іс-әрекеттің сәйкес саласында тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретін арнайы білімдердің ерекше топтасқан типі». Психологиялық құзірет психологиялық сауатты, яғни меңгерілген білім мен дағдының орнымен, тиімді қолданылуын білдіреді. Олай болса, психологиялық құзірет – тұлғаның өмірінде, іс-әрекетінде, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, сондай-ақ өзінің міндеттері мен мәселелеріне белсенді қарап қана қоймай, нәтижелі шешуді қарастырады.

Психологиялық сауатты ашып, құзіретті жетілдіру процесінің жалғасы, әрі ең жоғарғы сатысы – психологиялық мәдениетке келер болсақ, ресейлік психолог О.И. Мотковтың анықтамасы бойынша «психологиялық мәдениет – өзін-өзі түсіне білу, қарым-қатынас, эмоциялары мен әрекеттері өздігінен басқарылуы, шығармашылық ізденістермен, іскерлікпен айналысу және өзін-өзі дамытудағы тұлғаның машықтанған әрі бірізділікке түскен конструктивті тәсілдер жүйесінің болуы». Демек, жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, ары қарай іздену, іскерлік көрсетіп, тұрақты дамуға ұмтылу маңызды.

Гуманистік психологияның негізін қалаушылар Абрахам Маслоу, Карл Роджерс,  Гордон Олпорт және осы бағытта зерттеу жүргізген көптеген ғалымдар өз еңбектерінде тұлғаның өзін-өзі өзектендіруі, шығармашылық, сүйіспеншілік, еркіндік, жақсы психикалық денсаулық, тұлға аралық қарым-қатынас мәселелеріне тоқталған. Олар психикалық ауыруларды емдегеннен бұрын патологиялардың алдын алу мен жақсы психикалық денсаулық қалыптастыру шараларын жөн санайды. Батыстық ғалымдардың тұжырымдамалары отандық психологтардың ойларымен үндеседі.

Л.Н.Лумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры, психолог-ғалым А.Р. Ерментаеваның «Жоғары мектеп психологиясы» оқулығында мынадай жолдар кездеседі: «Психологиялық мәдениет – психологиялық даярлықтың ең жоғарғы даму деңгейі», «Психологиялық мәдениет темірқазық іспетті – қарым-қатынас, даму және іс-әрекет оның төңірегінде айналып жүреді». Сондай-ақ, А.Р. Ерментаева еңбектерінде позитивті ойлау мен психологиялық мәдениеттің байланысын көрсететін мынадай пікірлер бар: «Басқалар қуанған кезде қуана білу – психологиялық мәдениет», «Тиімді педагогикалық қарым-қатынас – тұлға табыстылығының себепшісі».

Бұл ретте қазіргі қоғамдағы орны ерекше, әлемдік дәрежедегі зор тұлғалар жайында сөз қозғауға болады. Олар жетістіктің шыңына шығып, табыс пен байлықтың символына айналып, маңайына миллиардтаған адамдарды үйіріп, әлемге танымал атануда. Әрине, ол тұлғалар да негізінен позитивті ойлап, жақсы көңіл-күйде жүруді маңызды санайды. Мысалы, алпауыт Билл Гейтстің «Әрдайым көңіл-күйіңіз көтеріңкі болсын!», «Істеген ісіңізден ләззат алыңыз, сонда сіз ешқашан жұмыс істемейсіз», – деген қанатты сөздері мен қаржы әлемінің көсемдерінің бірі –Уоррен Баффет қарияның сүйіспеншілікке, махаббатқа шақырған үндеулері әлемнің түпкір-түпкірлерінде күніне жүз мың мәрте қайталанып айтылатын шығар, сірә. Қалай дегенмен де, әлемдік мәдениеттегі психологиялық трендтерді Кремний алқабы мен Уолл стриттің осындай алыптары жасай алады.

Позитивті көңіл-күйде ойлаудың баламасы ретінде қазіргі заман ғұламаларының бірі Илон Маск сыни пікірге мән беру қажет деп есептейді. SpaceX, Tesla Motors пен SolarCity тәрізді теңдесіз компаниялардың негізін қалаушы әрі басшысы Илон Масктің айтуынша, «Сыншыл көзқараспен қарап, теріс пікір білдірушілердің сөздеріне әрдайым құлақ асқан абзал. Әдетте адамдар келеңсіз эмоцияларға душар болмау үшін жағымсыз пікірлерден қашқақтайды, алайда бұл өте үлкен қателік». Сыншыл көзқарасқа тайсалмай тікке қарау, сындарлы сынды қабылдап, қажетті қорытынды жасай білу де позитивті ойлай отырып, психологиялық мәдениетке жетудің бір қыры болса керек.

Қиыншылықтар мен түрлі сынақтарға толы осы өмірде қалайша позитивті ойлауға болады?

Америкалық автор, миллионер-бизнесмен Т.Харв Экер «Миллионерше ойла» кітабында негативті ойлау мен позитивті ойлауды «кедейше ойлау» және «миллионерше ойлау» деп қарастырған. Авторының негізгі тұжырымдары қысқаша кесте түрінде:

Кедейше ойлау Миллионерше ойлау
Материалдық мақсаты төмен.

Тауар сатып алған кезде 50 теңге үнемдеу үшін бір сағат уақыт жұмсасаңыз – өміріңіздің 1 сағаты 50 теңге тұрады деген сөз!

Материалдық мақсаты жоғары.

Сол 1 сағат ішінде 2000 теңге немесе 20 000 теңге ақша таба алатынын жақсы түсінеді. Сондықтан, уақытын басқа пайдалы іспен айналысуға немесе қандай-да бір қажетті білім алуға жұмсайды.

 

Проблемаларға аса көп назар аударады:

«Бизнесім жүріп кетсе, бір «дөкей» келіп, қысым көрсетіп, тартып алады. Оның үстіне бәсекелестік те өте жоғары, нарықта маған орын жоқ».

Ал егер, нарықтың ол бөлігі бос тұрса: «Бұл істен пайда жоқ. Өйткені, пайда болса, бәрі осымен айналысушы еді…» – дейді.

Бай адам алдында тұрған мүмкіндіктер туралы, проблемаларды шешу жолдарын ойлайды.

«Қысым жасаушылар келген кезге дейін ақшам да көбейіп, аяғымнан нық тұрып кетемін. Егер бизнестің осы саласында бәсекелестік жоғары болса, демек, клиенттер де көп! Мен осы нарықтың бір бөлігін алып қалуым үшін не істесем екен?».

Ал егер, нарықтың ол бөлігі бос тұрса, зерттеу жасайды: «Маған дейінгілер қандай қателік жіберді екен? Ал егер шынымен бос болса – керемет мүмкіндік!»- дейді.

Жетістікке жеткен адамдарды күндейді, сыртынан ғайбаттайды: «Мынау қымбат машинаны қалай сатып алды? Бұл жерде бір шикілік бар. Мен оны мектептен білемін, бір жүрген нағыз ақымақ…» Басқалардың жетістіктеріне қуанады.

Өйткені табысқа жетудің қаншалықты қиын екендігін түсінеді.

Өзін «дүниедегінің бәрін білем» деп есептейді

Сыра ішіп отырып немесе әлеуметтік желілерге кіріп алып, әлемдік  саясатқа  5 минутта «талдау» жасап береді. Тіпті «бұл әлемді қандай күштер билеп тұрғанынанда»  хабардар-мыс. Басқалардың қателіктерін жек көрінішпен айтып, жарыса табалайды.

Өз жетістіктері туралы сұрасаңыз – «жетістікке жеткен адамдар түк бітірмесе де құдай бұйырып, жолдары болып кетті» – дейді. Өз сәтсіздіктеріне «құдай бермеді», «жолым болмады», «бай-шенеунік көкем жоқ» тәрізді көптеген сылтаулар айтып, алдында тұрған шынайы мүмкіндіктерді байқай алмайды.

Жаңа білім алу мақсатында әрқашанда ізденісте болады.

Жеткен жетістіктерімен шектеліп қалмайды.

Бұл мысалдардан түйетініміз – негативті ой адамды кері тартатын тежеуіш күш болса, позитивті ойлап, мүмкіндіктерді көре білу – жетістіктерге жету мен адамның тұлға ретіндегі дамуының кілті.

Осы орайда Ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде де жақсылыққа, ізгі ілімге ұмтылу мен жамандықтан жирену адам дамуының негізі көздері ретінде көрсетіледі:

 

…Егер түзу көрінсе,

Ойлап-ойлап, құлаққа іл.

Ақымақ көп, ақылды аз,

Деме көптің сөзі бұл.

Жақынның сөзі тәтті деп,

Жақыным айтты дей көрме.

 

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме,

Сізге айтамын, қаупім – бұл.

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл…

Психолог ғалымдар, ойшылдар және бизнесте ерен жетістіктерге жеткен тұлғалардың пайымдамалары мен қазақ халқының ұлттық танымынан психологиялық мәдениетті қалыптастыруда үш маңызды фактор айқындалады: ата-бабадан тәрбие түрінде мирас болып қалған табиғи жағымды мінез-құлық, үлкен-кіші жетістіктерге жетіп, тұлға ретінде қалыптасу тәжрибесі және ешқандай сыннан қашпай, керісінше сол сынға мән беріп, сабақ алу дағдысы.

Бұл тұжырымдамалар қазіргі жаһандану заманындағы әлемдік мәдениетті қалыптастырушы тұлғалардың жан-дүниесін аша түсіп, ұлттық түсінігімізге де сәйкес келеді, әрі психология ғылымының танымал мамандарымен де үндестік табады. Жоғарыда келтірілген мысалдарда жетістікке жетудегі басты әрекеттер – позитивті ойлау мен еңбектенудің «психологиялық мәдениетпен» байланысы анық байқалады.  Сондай-ақ, позитивті тұрғыда ойлау арқылы психологиялық мәдениетті меңгеру мүмкін екендігіне де көз жеткізуге болады. Демек, «психологиялық мәдениет – тұлғаның позитивті оймен әрекет етуі».

Нұржан Жеңісұлы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *