А.С.Нұржанова
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы
Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығы соңғы үш жылда тілдерді оқыту үдерісін қажетті электронды орта және мобильді қосымшамен қамтамасыз ету мақсатында келесі өнімдерді әзірлеп, құрастырып шығарды:
– «Қазақ тілі presentation» қазақ тілінің А1, А2, В1 деңгейлеріне арналған электронды орта;
– «English time» ағылшын тілінің бастапқы А1, А2 деңгейлеріне арналған электронды орта;
– «Aqyldy álipbı» латыннегізді қазақ әліпбиін үйрететін мобильді қосымшасы.
Мобильді оқытудың артықшылықтары: мүмкіндіктерді кеңейту және қолжетілімдікті қамтамасыз ету, кез-келген уақытта және кез-келген жерде оқыту, үздіксіз оқытуды дамыту, жедел кері байланыс және оқу нәтижелерін бағалау.
«Қазақ тілі presentation» қазақ тілінің А1, А2, В1 деңгейлеріне арналған электронды ортасы – мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлерге, жеке тұлғаларға (ересектерге) деңгейлер бойынша меңгертуге арналған өнім. Электронды ортаның мақсаты: тіл үйренушілердің күнделікті – тұрмыстық, тұрмыстық – кәсіби, әлеуметтік – мәдени салаларда еркін диалогке түсу қабілеттерін дамыту. Электронды ортада сөздік қорларын қалыптастыра отырып, одан әрі жетілдіру бағытындағы аудиотапсырмалар, барлығы 60 слайд-презентациялар жинақталған. Электронды ортаны құрастырушы-авторлары орталық оқытушылары Г.Н.Төлегенова, А.Ө.Тәңірбергенова, дизайнері М.Төлебаев.
«English time» ағылшын тілінің бастапқы А1, А2 деңгейлеріне арналған электронды ортасы өз бетінше ағылшын тілін үйренушілерге арналған. «Сабақтар», «Грамматика», «Оқылым», «Тыңдалым» бөліктерінен тұрады. Электронды ортаны құрастырушы-автор орталық оқытушысы Ә.Қ.Темірова, дизайнері М.Төлебаев.
«Aqyldy álipbı» латыннегізді қазақ әліпбиін үйрететін мобильді қосымшасы 2019 жарыққа шықты. Бұл қосымшаның шығарудағы мақсат: қашықтан оқыту арқылы қазақ тілінің жаңа графикасын меңгеруге, жаңа әліпби негізінде оқу, жазу сауаттылығын арттыруға ықпал ету. Өз бетімен латыннегізді қазақ әліпбиін үйренемін дейтін тұлғалар үшін «Aqyldy álipbı» таптырмайтын көмекші. Ол үшін Google Play-ден «Aqyldy álipbı» қосымшасын тауып, тегін жүктеп алуға болады. Қосымша жүктелгеннен кейін пайдаланушы жүйеге кіру талаптарын орындайды.
«Мәзір» арқылы «Әліпби» тарауына өтіп, латыннегізді әліпбидің 32 таңбасының дыбысталуын тыңдайды, танысады, есте сақтайды. Келесі қадамда «Байқау сынағы» тарауына өтіп, 4 кезең бойынша 200 сөз және сөз тіркестерін жаңа графикада жазып дағдыланады. Әр кезеңде тілдік-коммуникативтік мақсатты көздейтін 50 сөз және сөз тіркестері берілген. Қосымшаның сөздік қоры амандасу, сандар, туыстық атаулар, елдер мен ұлттар, ай, күн атаулары, жыл мезгілдері және т.б. қарапайым сөздерден басталып, күрделі сөз орамдарын қамтиды. Әр кезеңді аяқтаған соң қате жазылған сөздерді дұрыс жазу мүмкіндігі берілген.
Деңгей соңында жиынтық ұпай беріледі. Әр кезең тапсырмасын толық орындалған жағдайда ғана келесі кезеңге өту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, «Мәзірден» қолданушылар статистикасын да көруге болады. 5 топ қолданушы аймақтар: Алматы облысы, Атырау облысы,Ақтөбе облыстары бар. Қазіргі таңда мобильді қосымша өз жұмысын тоқтатып тұр. Мобильді қосымша «Акутты-диграфты» нұсқамен шыққан болатын. Жетілдірілген латын графикалы қазақ әліпби бекітілген соң, қайта жаңартылатын болады.