Сәуірдің соңғы аптасында Журналистика және саясаттану факультетіне Украинаның астанасы Киев қаласынан арнайы қонақ келді. «Publ.Science – Научные публикации» компаниясының бас директоры Денис Пелипенко факультетіміздің оқытушылық-профессорлық құрамы мен докторанттарына арнап семинар өткізді.
Бүгінгі таңда ЖОО-дағы ғылым үшін өзекті болып отырған әлемдік дәрежеде мойындалған халықаралық ақпараттық Web of science және Scopus базаларында мақала шығару хақында ой өрбіткен Денис мырза көптеген түйіткілді сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, журналдардың квартилі мен процентиліне қатысты білуге тиіс ақпараттар, жалған журналдардан сақтану жолдары, Хирш индексін көтеру мүмкіндіктері туралы ой өрбітті. «Болашақта бұл аталған базаларда мақала шығару талабы күшеймесе, азаймайды. Сондықтан да оның қыр-сырын меңгеріп, кейбір жалған компаниялар мен журналдарға алданып қалмай, дұрыс жолды таңдай білу аса маңызды», деді осы салада 5 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан компания басшысы.
Әлемдік дәрежедегі ғалымдарды салыстырудың жалғыз өлшемі болып отырған осы көрсеткіш арқылы барлық ірі университеттер рейтингі анықталатыны да мәлім дүние. Семинар қатысушылары уақыт пен жоспарды дұрыс құрып, тақырыпқа ортақ авторлардың дұрыс жасақталуы, сауатты аударма да мақаланың тезірек шығуына себепкер екенін білді. Еуразия ұлттық университетінің ғылыми хабаршыларын 40 мың журналдың басын қосып отырған Скопусқа енгізуге қатысты да ықпалдастық мүмкіндіктері айтылды.
Алма Сайлауқызы