Отандық өнім сұранысты қанағаттандыра ала ма?

                   Әлемді қайдам,  Қазақстандық  қыздардың арасында  «жігіттерге киіну оңай, шашын қайырып, шалбар мен жейде кие салса болды» деген таптаурын бар. Бірақ… Ер азамматтардың да талғаммен киіне білгенін қалап тұрамыз. «Ал бұрын-соңды    қазақ жігіттердің бастан-аяқ отандық өніммен киінуіне мүмкіндік бар ма?» – деген сұраққа ойланып көріп пе едіңіз? 

                Бағамдап көрейік.

Әрине, киімге келгенде Қазақстандық брендтер жетерлік. Атап  айтқанда, «Берік Ысмаилов», «Aida KaumeNOVA», «JADO» сынды әлемге танымал дизайнерлерлер де  ер адамдарға арнап  киім тігеді. Тіпті, көпшілікке  танымал болмаса да, өзіндік бизнеспен айналысып жүргендер де бар. Мысалы, естеріңізде болса Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бірнеше жыл бойы Айжан Нұрланова атты  отандық  дизайнер тіккен костюмдерді киіп жүргенін мақтанышпен айтқан болатын.

Классикалық киімдерден бөлек, күнделікті киюге ыңғайлы  киімдер топтамасын «SA» Сабыржан Айрин сән үйінен  таба аласыз. Тіпті,  ел арасында  әнші Қайрат Нұртастың «KN»,  «Тоқсан бір»  тобының «QGshop» деп аталатын бренді де аса танымалдыққа ие.

Ал, ерлерге арнап шұлық  өндіретін Қарағанды облысында  «Тэгам» деп аталатын фирма бар.

Қазақстанда  аяқ киім өндірісі де артта қалмаған. Табиғи және жасанды  теріден тігілген сәнді аяқ киіімдерді «ТаразКожОбувь»  компаниясы  өндіреді. Және қазақы нақышта тігілген  «Жанат Бақыт сән  үйінің» аяқ киімдері де көпшілікке белгілі.

Ер адамдардардың киген киіміне орайластырып әшекей таңдай білуі де үлкен өнер. Олардың галстугының, сағатының, тіпті портмонесінің де  киген киімімен жарасымдылығы қыздардың қырағы көздерінен  тыс қалған емес. Ал, ер адамдар әшекейлерін шығаратын  компаниялар көп болмаса да бар. Алғашында әмиян және қаламымен танымал «Арғымақ», қазіргі таңда ұлттық  нақышта тігілген галстуктерімен таң қалдырып жүр. Ал «Тұмар»  брендінің сағаттарын тағудың өзі сізді талғампаз жігіттердің қатарына «автоматты түрде» өткізіп жіберетін секілді.

Міне, тізбелей берсең көп-ақ. Бастан-аяқ отандық өніммен киінуге мүмкіндігіңіз бар. Сөреңіздегі  Түркия, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінде өндірілетін киімдеріңізді  «Made in KZ»  деген  жазуы бар киімдерге алмастырып көріңізші. Тым құрығанда, «ел экономикасына пайдам тиюде»- деп айтып жүре алатын боласыз. Отандық өнімді жетімсіретпейік.

Шынар Жұмасат

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *