ОА, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттік қызметшілері мемлекеттік басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізудегі мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің рөлін талқылады.

Самарқандта Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінен 40-тан астам мемлекеттік қызметші БҰҰ Мемлекеттік қызмет форумы аясында «Цифрлық трансформация стратегияларын іске асыру және жасанды интеллектті (ЖИ) қолданудағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі» атты өңіраралық семинарға жиналды.

Семинар өңіраралық диалог алаңына айналды. Жиналған мемлекет өкілдері өзара тәжірибе алмасып, ортақ тәсілдерді талқылады, сондай-ақ инновациялық, инклюзивті және азаматтардың сұраныстарын ескеретін цифрлы мемлекеттік қызметтерге көшуді жеделдетудегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) әлеуетін қарастырды.

Семинарды ашқан Өзбекстан Цифрлық технологиялар министрі орынбасары Жамол Махсудов: «Семинар азаматтардың мейлінше тиімдірек, ашығырақ және адамға орайластырылған мемлекеттік қызметтерге деген талабы артып отырған аса маңызды кезеңде өтуде. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті енгізу мемлекеттік сектордағы инновацияларды дамытудың негізгі бағыттарына айналуда. Мұндай ауқымды өзгерістерді үкіметтер жалғыз жүзеге асыра алмайтыны анық – жеке сектормен серіктестік прогресті жеделдету және тұрақты нәтижелерге қол жеткізуде шешуші мәнге ие».

Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі Цифрлық үкімет саласындағы халықаралық ынтымақтастық департаменті директоры Пак Бёнчжун жасанды интеллект бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктермен қатар елеулі сын-қатерлер де алып келетінін атап өтті. «Жасанды интеллект адамзатқа қызмет етуі үшін біз ұлттық шекаралар ауқымынан шығып, күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», – деді ол. Сондай-ақ ол Корея Республикасы Үкіметі, БҰҰДБ және Астана мемлекеттік қызмет хабы қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба тәжірибе алмасып, цифрлы теңсіздік болмайтын, цифрлық болашақты қалыптастыруға арналған құнды платформа екенін атап өтті.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер жай ғана қаржыландыру құралы емес, қоғамдық құндылықтарды бірлесіп қалыптастыруға арналған платформа екенін атап өтті. Ол адамды бағдар тұтатын, құқықтар мен тұрақты болашаққа негізделген БҰҰ Ддаму Баңдарламасы Стратегиялық жоспары мен Цифрлық стратегиясын іске асыруда серіктестіктердің маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов жасанды интеллект пен жаңа технологиялар басқару жүйесін трансформациялап жатқан тұста стратегиялық және инклюзивті мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі (МЖС) ерекше маңызға ие болатынын айтты. «Мемлекеттік сектор – даму бағыттарын, құқықтық негізді айқындап, қоғам мүддесін қорғайды, ал жекеменшік сектор – алдыңғы қатарлы білім, инновациялық шешімдер мен инвестицияларды ұсынады. Осы екі секторды біріктіре отырып, МЖС мейлінше аз қауіп-қатермен, икемді әрі перспективалы цифрлы трансформацияға серпін бере алады», – деді ол. Сондай-ақ ол сектор аралық ынтымақтастық институционалдық қарсылықтарды еңсеру мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен енгізуді ілгерілетудің «кілті» екенін растайтын аймақтық сауалнама нәтижелерімен таныстырды.

Семинар аясында қатысушылар жасанды интеллектті интеграциялау және цифрлық басқару саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту бойынша ұлттық тәжірибелерімен, ескеретін сабақтар және тәсілдерімен бөлісті. Іс-шара Корея Республикасы озық тәжірибесін көрсетіп, GovTech және цифрлық инвестициялар саласындағы жаһандық трендтер мен бастамалар туралы баяндамалармен бөліскен сарапшылар – Пирет Тёнурист (Бағдарламалар жөніндегі менеджер, ЭЫДҰ) және Винченцо Акваро (Цифрлық үкімет басқармасының басшысы, БҰҰ ЭӘМД) сөз сөйледі.

Талқылаулар заманауи әрі тұрақты мемлекеттік басқаруды қалыптастыруда бірлескен жұмыс пен білімді үнемі жаңартып отырудың шешуші рөл атқаратынын растады. Семинар Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS), Корея Республикасы Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (NIA), Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы және Астана мемлекеттік қызмет хабының бірлескен күш-жігерімен, Өзбекстан Республикасы Цифрлық технологиялар министрлігімен ынтымақтастықта және Өзбекстандағы БҰҰДБ-ның қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында Астана мемлекеттік қызмет хабының Төрағасы мен Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің (MOIS) өкілдері арасында екіжақты кездесу өтті. Тараптар цифрлық даму мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жоба шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады.

_____________

Анықтама үшін: Семинар – Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінің 12 еліндегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамытуға бағытталған БҰҰДБ, MOIS, NIA және Астана мемлекеттік қызмет хабының бірлескен өңіраралық жобасының бір бөлігі. Жоба аясында (2024–2026 жж.) цифрлық трансформация мен тиімді мемлекеттік басқаруға бағытталған семинарлар, зерттеулер және Корея Республикасына сапарлар ұйымдастыру жоспарлануда.

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *