«Неліктен жастар блогер болғысы келеді?»


             
 «Неліктен жастар блогер болғысы келеді?»

Қазіргідей техника мен технология дамыған заманда – әлеуметтік желінің орны маңызды. Жастар арасында блогер болу – трендке айналған саланың бірі. Блогер – тек қана видео жүктеп, пост салумен шектеледі десеңіз қателесесіз. Осы сала арқылы көптеген пайдалы істер атқаруға болады. Блогер болудың қандай артықшылықтары бар екенін атап өтейін.

1. Таныссыз танымал болу. Бірінші кезекте осылай жауап беруге болады. Өйткені әлеуметтік желіде – адам қиялы мен мүмкіндіктеріне шектеу жоқ. Ерекше, қызықты контент салу арқылы миллионнан астам қаралым жинауға болады. Сәйкесінше, сізді өзге ұлттар да тани бастайды. Телебағдарламаларға шақырып, сізден сұхбат алады. Биікке көтерілу үшін – сізге таныстың қажеті болмайды.
2. Туған жерімізді таныту. Блогер болу – туған жерімізді өзге мемлекеттерге таныстырудың бірден бір тиімді жолы. Мәселен, ресейлік  «Орел и Решка» арнасын алайық. Олар әртүрлі елдерге саяхат жасап, әр елдің тыныс-тіршілігі мен мәдениетін, салт-дәстүрін таныстырады. Қарап отырған көрерменге сол жерге баруға қызығушылығы оянады. Біздің елімізде саяхаттауға арналған әсем орындар көп. Бірақ оны бірі білсе, екіншісі біле бермейді. Осы мәселені арқау етіп,халқымызды еліміздің әсем жерлеріне шақырауға болады.
3. Қайырымдылыққа ат салысу. Қазіргі кезде қайырымдылық қорын ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген аға-әпкелеріміз бар. Мәселен, елімізге белгілі «Өнер қырандары» театры «Хареқет қорын» ұйымдастырып, баспанасы жоқ жандарға баспана әперіп, қуаныш сыйлап жатыр. Әлеуметтік желі арқылы да халықты жақсылық жасауға шақырып, сауапқа кенелуге болады.
4. Кәсіпкер бола аласыз. Өз парақшаңыз немесе арнаңызда жарнама беру арқылы кәсібіңізді ілгері жүргізе аласыз. Жарнама құны – тіркелушілердің санына қарай өсіп отырады.

Бірақ, мұнда ескере кететін бір жайт бар! Аудиторияңыздың сенімінен шығып қалмас үшін, адал дүниені жарнамалауыңыз қажет. Табыс үшін халыққа зиян әкелетін заттарды ұсыну– ұзаққа бармайды.

5. Ыңғайлы графикТаңғы 6-да жұмысқа бару үшін оянбайсыз. Өзіңізге ыңғайлы уақытта жұмыс істей аласыз, ең бастысы – өз іс-әрекетіңізді жоспарлай білесіз.

6. Шығармашылық еркіндік. Тақырыпты өзіңіз таңдайсыз, жоспар құрасыз, мазмұнды ұсыну стилін өзгертесіз. Сізде бастық жоқ, алайда аудиторияңызға не қызықты екенін біліп алуыңыз керек.
7. Жақындарыңызды қуанту. Қазіргі таңда атақты блогерлер өз ата-анасына, жақындарына бағалы сыйлықтар әперіп, шетелдерге саяхаттауға жібереді. Осыны көріп отырған жастардың бойында мотивация пайда болады.
8. Клиент жинау. Мысалы сіз – кәсіби тігіншісіз.Бірақ сізде тұрақты клиенттер жоқ, өйткені адамдар сіздің жұмыстарыңызды танымайды. Осындай кезде әлеуметтік желіге өз жұмыстарыңызды жүктеп, таныстырсаңыз– алғашқы клиентті табуға болады.

      Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескерсек, жастардың неліктен            блогер болғысы келетінін білуге болады. Расында, блогер болудың өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бірақзаман ағымына сай, халықтың талғамы өзгеріп отыратынын ұмытпағанымыз жөн. Қолымыздағы ұялы телефонмен бос уақытты өткізгенше, дұрыс бағытты таңдап пайдалы дүние жасайық!

                 Мақала авторы: Исаева Эланора Мұхтарқызы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *