Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік лига» Күз-2018» жарысы мәресіне жетті

«Спорт – денсаулық кепілі», «Дені саудың – жаны сау» демекші спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымына айналғаны жасырын емес.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, сол арқылы халықтың денсаулығын жақсаруына мейлінше ықпал етуге баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастырубағытында нақты тапсырмалар жүктегені осының айғағы.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бекітілген Мемлекеттік қызметтегі әдептілік деңгейін көтеруге бағытталған Кешенді жоспарға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерді ақысыз спорт нысандарымен қамту жолға қойылды. Яғни, ол өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің спортқа деген қызығушылығын, ынтасын оятты.Бүгінгі мәресіне жеткен шағын футбол жарысы соның дәлелі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімімен және Маңғыстау облыстық футбол федерациясымен  бірлесіп, ағымдағы жылғы 27 қазаны мен 17 қараша аралығында «Мемлекеттік Лига» Күз – 2018» атты шағын футболдан ашық турнир ұйымдастырды.

Бұл турнир жылдан жылға қарқын алып келеді. Өткен жылы ұйымдастырылған жарысқа 19 команда қатысқан болса, биылғы біріншілік 31 мемлекеттік мекемеден құралған 23 команданың басын қосты.Бір ерекшелігі, Ережеге сәйкес мемлекеттік мекемелердің ұсыныстары негізінде бір командаға 3 мемлекеттік мекеменің бірігуіне рұқсат берілді.

Бір айға жуық уақытқа созылған турнир әр апта сайын сенбі, жексенбі күндері Т.Жолдыбаев атындағы спорт кешенінде халықаралық футбол ережелеріне сәйкес өтті.

5 топқа бөлінген 23 команданың арасынан үздік шыққан 14 команда жүлдеге таласып, бабы мен бағы қатар келген Бейнеу және Мұнайлы ауданы әкімдіктерінің, Маңғыстау облысы бойынша полиция департаментінің командалары мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясынан құралған «Мемлекеттік қызмет» командасы ақтық финал жолдамасын сарапқа салды.

Қарашаның 17 күні өткен финалдық ойындар қорытындысында, Маңғыстау облысы бойынша полиция департаменті чемпион атанса, Бейнеу ауданының әкімдігі күміс жүлдені місе тұтты. Ал жүлделі үшінші орынды Мұнайлы ауданының әкімдігінің командасы иеленіп, Мемлекеттік қызмет командасы жеңіске деген жігері үшін дипломымен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова марапаттап, Агенттікпен бекітілген Кешенді жоспарды орындау мақсатында осындай ауқымды спорттық шара ұйымдастырылып жатқанын және алдағы уақытта басқада спорт түрлерінен шаралар ұйымдастырылатынын, сонымен қатар мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізілетіндігін атап өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *