Мемлекеттік басқару саласындағы кадрлық мәселелер Астана хабы сессиясында талқыланды

Аймақтың 10 елінен 200-ден астам мемлекеттік орган өкілдері, практиктер мен сарапшылар Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Қазақстандық HR-менеджерлер қауымдастығының «Мемлекеттік басқарудағы кадрлық процестер: қиындықтары мен келешегі» панельдік сессиясына қатысты. Жиын Беларусь Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясы халықаралық конференциясы аясында онлайн форматта өтті.

Панельдік сессия мақсаты  қазіргі жағдайда HR менеджментін дамыту үшін инновациялық шешімдер іздеу, озық тәжірибе мен білім алмасу болды. Мемлекеттік басқару тиімділігін қамтамасыз етудегі адами ресурстарын басқару жүйесінің рөлі де талқыға салынды.

Панельдік сессия ашылуында Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов: «Адами ресурстарды басқару маңыздылығы қазіргі кезде бүкіл адамзат, оның ішінде мемлекеттік қызмет тап болған төтенше жағдайда ерекше мәнге ие», – деді. Ол: «Егер мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың абыройына, еңбегіне, күш-жігері мен уақытына құрмет көрсету барлық деңгейде сіңірілсе, мемлекеттік басқарудың корпоративті мәдениеті мен мемлекеттік аппарат қызметі тиімділігі артады» – деп атап өтті.

Беларусь Президенті жанындағы Басқару академиясы ректоры Вячеслав Данилович мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жолындағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кадр қызметі директоры орынбасары Олег Тaрбинский Астана хабы ұйымдастырған тәжірибе алмасу көрші елдердің, соның ішінде Қырғыз Республикасы дамуында ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.

Қазақстандық HR-менеджерлер қауымдастығының Үйлестіру кеңесінің президенті Гүлмира Раисова Астана хабы жобасы аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе өткізген зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Зерттеуде еліміздің жеке, квазимемлекеттік және мемлекеттік секторларының 113 мекемесінің 5900-ден астам қызметкері қамтылған. Осы зерттеу арқылы кадрлық процестерді жетілу және даму деңгейін анықтайтын кешенді әдістеме сыналды.

Сессия қатысушылары осы зерттеуге аса қызығушылық танытуына байланысты Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов аймақ елдеріндегі HR процестерінің жетілуін бағалау үшін осындай зерттеу жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару бойынша реформалар, HR үдерістерін цифрландыру жөнінде өз елдеріндегі тәжірибемен, осы саладағы өзекті мәселелермен Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Өзбекстан, Қазақстан елдері өкілетті орган өкілдері, жетекші сарапшылар бөлісті. Олар –  Әзербайжан Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Бахрам Халилов, Беларуcь Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас заң департаментінің Еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Ирина Пырко, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы Адам ресурстарын басқару бөлімі басшысы Гванца Беселия, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Стратегиялық әзірлеу және халықаралық бағдарламалар департаменті директоры Азамат Жолманов және Өзбекстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігінің Персоналды басқару бөлімінің меңгерушісі Ильхом Құрбанов.

Талқылау барысында сессияға қатысушылар адами ресурстарды басқарудағы қазіргі қиындықтар мен перспективалар жөнінде, сондай-ақ жаңа стратегиялар мен құралдар туралы өз ойларымен бөлісті.

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *