Маңғыстау өңірі бойынша мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ФБШ-ның 8 оң әсері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» елімізді дамудың жаңа тарихи сатысына шығаруға бағыт алған бастама болып табылады. Ал осы 5 институционалдық реформаның бiрi – кәсiби мемлекеттiк аппаратты құруға бағытталған.

Ауқымды жобалар мен әлеуметтiк маңызы бар бағдарламаларды тиiмдi жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілерге сенім артылды. Елімізде кәсіби мемелекеттік аппаратты құру бағытындағы жұмыстар қарқын алу үшін, мемлекет бар жағдайды жасады. Соның бірі мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік мәселелеріне көңіл аудару, әсіресе айлық жалақыны 2,5 есеге көбейгендігін айтуға болады.

Мәселен, Маңғыстау өңіріндегі еңбек нарығында мемлекеттік қызметтің бәсекелестік қабілеті артып, жеке сектордан мемлекеттік қызметке орналасқандар саны  7 есеге көбейді. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай.

Нәтижесінде Маңғыстау әкімдігінде бос орындар едәуір азайды, 2017 жылдың қорытындысымен штат санының 11,8%-ын құраса, 2018 жыл қорытындысымен  4,4%-ын құрап отыр.

Мемлекеттік қызметтен кеткендер саны да төмендеді. 2017 жылы 101 адам немесе 7,5% болса, 2018 жылы 49 адам немесе 3,6%. Ауыл әкімдіктерінде кадр тапшылығы жойылған десе де болады. Мысалы, ауыл әкімдіктерінде 2017 жыл соңында 28 (штат санынан 10,3%) бос орын  болса, 2018 жылдың қорытындысымен тек 1 (0,4%) орын бос, ол – Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымы.

Сонымен қатар, маңғыстаулықтардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артып келеді. Бір орынға үміткерлер саны орта есеппен 0,9-дан (2017 жыл) 2,6-ға (2018 ж) өскен. Тестілеуге келген үміткерлер саны 54 пайызға өсті – 2017 жылы 3544, 2018 жылы – 5462.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің тиімділігі артқан Мысалы, соңғы екі жылды салыстырғанда, бағалау қорытындысымен «өте жақсы» нәтиже көрсеткендер саны 2 есеге артқан, 7,7 пайыздан 13,4 пайызға.

Елбасы мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысын төлеудің жаңа жүйесін пилоттық режимде іске асыруда тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма орындалуда және ең бастысы нәтижесіз емес. Айта кету керек, бұл бастаманы қолға алмас бұрын дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінуге тура келген. Атап айтқанда АҚШ, Сингапур, Жаңа Зеландия, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы және Азиялық даму банкі сияқты халықаралық ұйымдарды айтуға болады. Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан көрінуге ұмтылған тәуелсіз мемлекет және алдына қойған мақсатына жетіп келеді. Шетелде білім алып, елге келіп еңбек етіп жүргендері қаншама.

Айтпақшы, Маңғыстау облысының әкімдігінде де жыл сайын қатары көбейіп жатқан жоғары білікті мамандар да аз емес. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасымен бітірген түлектер 2017 жылы – 1 адам болса, 2018 жылы 5 түлекке жетті, ҚР Президенті жанындағы  мемлекеттік басқару академиясының түлектері  2017 жылы – 2, 2018 жылы – 6 маманға толықты.

Мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мамандардың да қызметтен өз еркімен кетуі 2 есеге азайған. Әкімдіктерде 2017 жылы 18 маман қызметке орналасқан жылы өз арызымен кеткен болса, 2018 жыл қорытындысы бойынша – 8 адам ғана босатылған.

Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызмет кадрларының 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 3093 бірлікті құрайды (республика бойынша – 98 726 бірлік), оның ішінде: 7-і саяси, 7-і – «А» корпусы,  3079-ы – «Б» корпусының қызметшілері.

Қызметшілердің нақты саны – 2850  адам  немесе 92,1%.  Бос орындар саны – 243, яғни штаттық бірліктің 7,9% құрайды. Әйелдердің саны 1654 немесе 58%, қызметшілердің орташа жасы – 37,6. Мемлекеттік қызметшілердің орташа өтілі – 9 жыл, атқаратын лауазымдағы өтілі – 3 жыл.

Ал жергілікті атқарушы органдар бойынша мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 1347 бірлікті құрайды. Ал қызметшілердің нақты саны – 1288 адам немесе 95,6% құрап отыр. Бос орындар саны – 59, яғни штаттық бірліктің 4,4% құрайды. Әйелдердің саны 720 немесе 55,9% құрайды, қызметшілердің орташа жасы – 35,9, мемлекеттік қызметшілердің орташа өтілі – 8,3 жыл, атқаратын лауазымдағы өтілі – 3,3 жыл.

Өңірдегі мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ФБШ-ның жоғарыда атап өткен 8 оң әсері мемлекеттік қызмет саласына келушілер мен қызығушылардың саны еселеп көбейгендігінің айқын дәлелі десек те болады.

Расында да «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, армансыз адам болмайды және сол арманың түптің түбінде орындалатынына жай сеніп қана қоймай, ұмтылу қажет. Бүгінде мемлекеттік қызмет саласы жаңа деңгейге шықты, сол себепті мемлекеттік қызметші болу әрбір азамат үшін үлкен дәреже және абырой.

Нұргүл Жанназарова Алмасқызы, 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *