Маңғыстаулық делегация «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына барады

Маңғыстау облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХIХ конференциясы өтті.

Алғашқы болып сөз алған Ералы Лұқпанұлы, «Нұр Отан» партиясы құрылған кезден бастап Қазақстан азаматтарының бастамалары мен күш-жігерін, еліміздің жауапкершілігі жоғары саяси күштерін бір арнаға бағыттай отырып, қоғамдағы көшбасшылық тізгінін нық ұстап келе жатқандығын айтып, Елбасының өміршең идеяларының алтын арқауы – Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу, «Мәңгілік ел» болу сияқты өмірлік маңызы зор жасампаздық бағыттарын жүзеге асыруға жұртшылықты жұмылдыруды партия өз міндетіне алды деген болатын.

«Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «…Партия қоғамның қалың топтарын біріктіре отырып, қазақстандықтарды жалпыұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыра алды. «Нұр Отан» қоғамның барлық сұраныстарына шұғыл үн қататын топтастырушы, жауапкершілікті және халықтық саяси ұйымға айналды…», – деп атап көрсеткен болатын деді Е.Тоғжанов және бүгінгі конференция еліміз үшін аса маңызды шара – «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы мен партияның кезекті XVIII съезі қарсаңында өтіп отырғандығын тілге тиек етті. Осыған орай, партияның Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХIХ конференциясы шақырылғанын айтты.

Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының  мүшелері қатысты.

Конференцияның күн тәртібіне 5 мәселе ұсынылды. Атап айтқанда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы». Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» туралы,  Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру барысы, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау, «Партия Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы және «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне делегаттар сайлау.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе туралы «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы және Саяси кеңес Бюросының мүшесі Қайролла Ережеповке сөз берілді.

Партия азаматтық қоғамның жетекшісі ретінде еліміздегі ең ірі Үкіметтік емес ұйымдармен тіл табысып, жалпыұлттық пікірлесу деңгейіне жетіп отыр. Осы және Қазақстанның халықтар Ассамблеясымен әріптестіктің нәтижесінде, елімізде ұлтаралық және конфессияаралық  тыныштық пен келісімнің сақталуына қол жеткізілді деген Қайролла Ережепов, Қоғам және Президент алға қойған барлық міндеттерді орындау үшін «Нұр Отан» шешімді бағдарламалар қабылдап, тиісті  ұйымдарды құрғандығын алға тартты.

«Мысалы, сонау 2008 жылы партия жемқорлықпен күресті жолға қойды. Сол кезде партияның жемқорлықпен  күресі жөнінде бірінші Бағдарламасы  қабылданды, партияның жанынан жемқорлықпен күресетін Республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Партияның жауапкершілігін жоғарылату мақсатында партияның Бақылау Комитеті құрылды. Бұл дегеніңіз  мемлекеттік және салалық бағдарламалардың  уақтылы орындалуын бақылау тиімділігін арттырды. Қазақстан Республикасы Парламентінде және барлық деңгейдегі маслихаттарда партияның сөзсіз басымдығы халықтық бақылауға партиялық қамқорлық жасауда және оның барлық аймақтардағы белсенділігін арттыруда үлкен роль атқарып отырғаны  белгілі. Оның үстіне, 2018 жылдың 29 маусым күні қабылданған, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы»  ҚР Конституциялық заңына  сәйкес, мәслихаттар сайлауына пропорционалдық жүйе енгізу, «Нұр Отанның» қызметін жетілдіруге, еліміздегі саяси-партиялық жүйені одан әрі нығайтуға тиіс», – деді ол.

Екінші мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев сөз сөйледі. Үшінші мәселе жайында «Ұлттық рух» қоғамдық қорының төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Аят Сүгірбай сөйледі.

Ақтау қаласының Құрметті азаматы, партия ардагері Есберген Іңірбайұлы қоғам өмірінің көшбасында жүрген «Нұр Отан» партиясына 20 жыл толып отырғандығын және жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқандығын тілге тиек етті. Партияның  ХҮІІІ съезінде қабылданатын  Партияның жаңа  Бағдарламасында 2030 жылға дейінгі  атқарылатын міндеттеріміздің кешенді бағыттары белгіленіп, съезде Партияның Жарғысына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отырғандығын айтты.

«Негізінен, бүгін облыстық партия конференциясының қарауына ұсынылып отырған Партия Жарғысының 30-ға жуық баптары мен тармақтарына енгізілетін өзгерістерді қолдаймын. Бұл өзгерістер Партиямыздың ел ішіндегі беделін арттыруға,  партия мүшелерінің лауазымды қызметтерге меритократия жолымен баруына, өкілетті органдарға сайлануына ықпал ететін баптармен толықтырылғанын  аңғардық. Мен 20 жылға жуық облыстық филиалдың аппаратында жұмыс атқарып келдім. Осынау жылдар ішінде партиялық жұмыста жинақтаған тәжірибеме сүйене отырып Партия Жарғысына енгізілгелі отырған өзгерістерге қатысты ойларымды ортаға салсам деп отырмын. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында да, Партияның Бағдарламалық құжаттарында да кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді.  Облыстық филиалда кәсіпкерлікті қолдау жөнінде сараптамалық комиссия да бар», – деді партия ардагері.

Ал төртінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова сөз алды, яғни ол «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі қарсаңында партия Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізілгендігі туралы айтты. Оның айтуынша, өзгерістер мен толықтырулар Жарғының 28 тармақтарын қамтыған. Бұл өзгерістер Партияның ел ішіндегі беделін арттыруға, өкілетті органдарға сайлануына ықпал ететін баптар мен толықтырылған және заңдастырылған.

«Атап айтқанда, партияның Саяси кеңесі Бюросының өкілеттіліктері толықтырылған. Нәтижесінде, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы маңызды және өзекті мәселелер бойынша партия ұстанымын айқындайды. Партияның Саяси кеңесіне және оның филиалдарына, саяси лауазымдарға, және жоғары мен жергілікті өкілді органдарға депутаттыққа кандидаттарды ұсыну үшін партиялық кадрлық резервті қалыптастыру тәртібін және партия филиалы конференциясының партияның аумақтық округ бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту тәртібін айқындайды. Партия мүшесін партиялық тәртіпті бұзғаны үшін партиялық жазаға тарту тәртібін бекітіп, Парламент Мәжілісі депутаттарының партиядағы мүшелігін тоқтату мәселесін, сондай-ақ, жоғарыда аталған адамдардың қабылданған шешімге апелляциясын қарайды. Осы өзгерістерге орай аймақтық филиалдардың да өкілеттіліктеріне өзгерістер енгізіледі», – деді ол.

Сонымен қатар, партия филиалы Саяси кеңесінің Бюросы туралы сөз қозғалып, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне енгізілген адамдардың қатарынан депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігі айқындайтындығы айтылды. Бұл ретте шақырту немесе ротация партия Саяси кеңесі Бюросының (филиалының) шешімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарына (мәслихат депутаттарына) қатысты жүзеге асырылмақ. Жобада партияның жылдық қаржылық есеп беруін БАҚ-та жариялау ұсынылды.

Өзгерістердің редакциялық және нақтылау сипатында болады: партия мүшелерін есепке алу тәртібі, партия филиалдарының есептілікті ұсынуы.

Сондай-ақ, партия мүшелерін  есепке алу партия мүшелерінің есепке алу карточкалары мен партия мүшелері деректерінің электрондық базасы негізінде жүзеге асырылып, Жарғыға байланысты өзгертулер мен толықтыруларды барлық қала, аудан филиалдары басшыларымен таныстырылды және талқыланған.

Осылайша конференция делегаттары мен қатысушыларды партияның Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша  баяндам берген Звира Есбергенова, партияның 20-жылдық мерейтойымен құттықтап, барша қатысушыларға бейбіт аспан, Тәуелсіз еліміздің гулденуі мен көркейе беруін тіледі.

Шара соңында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне Маңғыстау өңірінен делегаттар сайланды. Ал делегаттар тізімімен «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова таныстырды. Кезектен тыс ХХIХ конференциясына ұсынылған мәселелер толық қаралған соң, шараға қатысқандарға алғыс айтылды және «Нұр Отан» партиясының Әнұраны орындалды.

 

 

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Ақтау қаласы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *