Маңғыстауда тілдер ахуалы зерттелуде

«Азаматтық құқық» үкіметтік емес ұйымы облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының «Маңғыстау облысы аумағындағы тілдер ахуалына әлеуметтік зерттеу жүргізу» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының жобасын жүзеге асыруды бастап кетті.

Оның аясында тұрғындар арасында қазақ, орын және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеу, жазу және оқу деңгейі анықталмақ. Бұл туралы аталмыш ұйымның директоры Айнагүл Байбатырова мәлімдеді.

Жобаның басты мақсаты – Маңғыстау облысы аумағындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру және тілдер ахуалына әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы, облыс тұрғындарының мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген үлесін анықтау, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдері ең жиі қолданылатын саланы іріктеу және осы тілдердің қажеттілік деңгейін анықтау болып табылады.

Маңғыстау облысы – көп ұлтты аймақ, 60-тан астам халық пен ұлыс өкілдері негізінен облыс орталығы Ақтау қаласында шоғырланған. Аудандарда мемлекеттік тілді қолдану аясы 100% деп айтуға толық негіз бар. Түпқараған және Қарақия аудандарында, сонымен қатар Жаңаөзен қаласындағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал облыс орталығы Ақтау қаласындағы жағдай басқаша, мемлекеттік тілмен қатар көбіне орыс тілі кеңінен қолданылады.

«Шетелдік компанияларда жұмыс жасайтын және шет мемлекеттерден келетін туристердің ағылшын тіліне деген қажеттіліктерін анықтау да маңызды.  Сондықтан да тілдерді қолдану аясын және оның қажеттіліктерін жүйелі зерттеп, анықталған мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қолға алынатын болады. Бұл бастамалардың орындалуын уәкілетті орандар жүзеге асырады», – дейді «Азаматтық құқық» ҮЕҰ директоры Айнагүл Байбатырова. 

Айта кету керек, өңірде аталмыш ұйымның жұмыс жасап жатқанына биыл 5 жыл. 2014 жылдан облыс көлемінде азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.

Ал аймақта тілдердің ахуалын зерттеу жұмыстары өткен жылы да жүзеге асырылған болатын. Ол кезде жүргізілген сауалнама барысында мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін, оқимын және жазамын деген сұрақтарға жауап берген респонденттердің саны 941 болатын.

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *