Мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартуға болмайтындығы бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде, бүгінде өңірде мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу фактілері азайды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті хабарлады.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік бақылау басқармасының тауарларды жеткізу бойынша бақылау бөлімінің жетекші маманы Асылбек Қалмақбай, автоматтандырылған уақытты қадағалау жүйесінің арқасында мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысы айтарлықтай азайғанын айтады.
«Мен 2016 жылы «Yessenov Univercity» оқу орнын «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолымды Маңғыстау облыстық Әділет департаментінде бастадым. Осыдан 2 жыл бұрын облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне ауысқан болатынмын. Бұрындары жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан кейде қалуға немесе демалыс күндері шығуға тура келетін кездер жиі болатын. Ал қазір бұл күндер артта қалды. 8 сағаттық жұмыс уақытынан кейін компьютер автоматты түрде өшіріліп, уақытында үйге қайтамыз», – дейді ол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту деректерін алдын-алу бойынша бірқатар мемлекеттік мекеме басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Аталмыш шараға Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау жасау және бағалау жөніндегі Арнайы мониторингтік топ мүшелері қатыстырылған. Бұрындары үстеме жұмыстарға жиі жол беретін мемлекеттік мекеменің бірі – Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті болатын, бүгінде еңбек тәртібіне байланысты жұмыс регламентін сақтау және қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта болу фактісінің орын алмауы қамтамасыз етілуде. Бұл туралы Маңғыстау облысы мемлекеттік кірістер департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі Дауылбай Оңдасынов айтып берді.
«Шыны керек, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Біздің қызметкерлер уақытында үйлеріне барып жүр. Ал егер шұғыл жұмыстар бола қалса, басшылықтың рұқсатымен ғана жұмыс уақытынан кейін 2 сағаттан артық қалуға рұқсат етілмейді. Себебі мемлекеттік қызметші уақытында демін алуы керек. Ал бос уақытында спорт залға барып шынығуға, кітап оқуға немесе қыдыруға, сонымен қатар киноға, театрға баруға мүмкіндік болады. Ең бастысы өздерінің отбасына барып, бос уақыттарын туыстарының қасында өткізе алады. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзбауға керісінше оларды қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба бермек», – деді ол.
Жасыратыны жоқ, уақтылы үйіне бара алмаған мемлекеттік қызметшілердің үйінде дау туындауы ғажап емес және әріптестері арасында түсінбестік туымдамасына кепіл жоқ. Жалпы жұмыс берушілер заңның орындалысын бақылауда ұстағаны дұрыс, себебі қызметшіні артық еңбекке тарту мекемені әкімшілік шығынға да батырады. Ал бұған дейін орын алған заң бұзушылықтар бойынша, уәкілетті орган мекеме басшыларының жауапкершілігін қарау жөнінде облыстық еңбек басқармасына материалдар жолдаған. Нәтижесінде қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту деректері бойынша Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жауапты тұлғаларына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 89 бабына сәйкес айыппұл салынған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі