Сынаптай сырғып уақыт өтіп жатыр. Кешегі жадыраған жайма шуақ жаздың орнын күрең күз ығыстыруда. Бұл ортаға күздің келгенін оның сұрқай суығы емес, қолына бір құшақ гүл алып мектепке асыққан бүлдіршіндердің қуанышы, үлкен өмірге, тағдырының жаңа белесіне қадам жасап, арман қуған жас жүректердің дүрсілдері ең бірінші болып жеткізгендей.
Уақыттың еншісіндегі алдағы ғұмырымда нақты ненің күтіп тұрғанын білмесем де, болашағыма артқан үкілі үмітіме, аңсаған армандарыма сеніп мен де өз жолымды таңдадым. Бірақ, биылғы алтын күздің арайлы алғашқы таңы мен үшін көңіл толқынындағы тербеліспен басталды.
Иә, мен Сарыарқаның төсіндегі осы бір шаһарды армандаған едім, ерке Есілдің жағасында бой түзеген ұлттық университетті аңсағанмын, ал қоғамның жаршысы болар, халқының қамқоршысы болар журналистика мамандығына ғашық болғанмын. Міне, бұл күн менің өз армандарыммен бетпе-бет келетін күн болмақ.
Бозарып атқан таң да анамның ақ тілегінен басталып ұйқыдан оятты. Өзге студенттердей мен де білім күніне арналған жаңа оқу жылының ашылу салтанатына асығып бет алдым. Құлақтан кіріп бойды алған әсем ән де, көңілге түрлі ой салған құттықтау лебіздері де, қазақтың қос ішек домбырасынан төгілген күй де, сәні мен мәні жарасқан би де, не керек қуанышқа толы бақытты сәттердің бәрі осы жиыннан табылғандай.
Бұл күні төрт жыл бойғы тағдырларымызды бір арнаға тоғыстыратын армандастарыммен де таныстым. Санама білім құйып, мамандығымның қыр-сырын игеруге тәлім берер ұстаздарыммен де жүздестім. Бір ұққаным, бұл жаққа ешкім тегіннен-тегін келе салған жоқ. Әр тағдырдың алдына қойған үлкен мақсаттары мен жоспарларының бар екені бір көргеннен аңғарылады. Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар ұлы Мағжан сенген жастар жиналған бұл оқу орнында.
Иә, жоғарғы сыныптарда оқып жүргенде Еуразия ұлттық университетінің мені қызықтырып, өзіне баурағаны да білім сапасының биіктігі мен беделділігі еді. Тап бір, талабына нұр жауған талпынысы дара, ойы озық, санасы сергек елім деп еңіренген болашақ ел азаматтарын дайындап шығарар жастар фабрикасы дерсіз. Сырттай қарап өткен адам әсем ғимаратының нар тұлғасына жай ғана тамсанып өтсе, ішкі өміріне біте қайнасып қосылған адам ел аузындағы ерек университеттің қайнап жатқан қарбаласқа толы қазанына қалай араласып кеткенін сезбей де қалады.
Бұл ортада арманға жету үшін барлық мүмкіндіктер жасалған, тек адал тер төгіп, еңбек ете білсең болғаны. Оқу жылының басталысымен алғашқы курс студенттерін өз ортасына шақырған әртүрлі клубтар мен ұйымдардың, кастингтер мен байқаулардың легі бір толастамады.
Әркім өз дарыны мен өз қажеттілігіне қарай бақ сынап, бәйге шауып жүргені. Әншілері әуелете ән салып, бишілері мың бұрала би билеп, сөз шебері шешендігі мен тапқырлығын дауға сап, әртістері сахнада дес бермей, жүрегі мейірмге толған жанашыр жандар жарыса қайырымдылқ көрсетпек ниетте. Осындай, студенттік өміріңе ұмытылмас, ескірмес есте қалар естеліктер, жарқын болашақ сыйлайтын аяулы университетімнен айналып-ақ кетейін…
Біз сенімен бақыттымыз, мақтанамыз Еуразиям!…
Көктем ҚАРҚЫН