2022 жылғы 23 мамырда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология басқармасы лингвистикалық сараптамашылар тобына арнап онлайн режимде семинар-кеңес ұйымдастырды.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, бекітуге ұсынылған терминдер «Терминком кз» сайтындағы Алаңда ілінеді. Бұдан бұрын арнаулы мамандардың талқысына түсіп, лингвистикалық сараптамадан өтеді. Сондықтан сараптама орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық және техникалық жағынан сауатты орындалуы талап етіледі. Әдетте, сараптамашылар терминге балама ұсыну барысында 30 томдық салалық және балама терминологиялық сөздіктерді, түсіндірме, синонимдер және т.б. сөздіктерді пайдаланады.
«Жалпы сараптама жасау бір-бірімен тығыз байланысты бес бөлімнен тұрады. Сараптама жасауда үлкен ізденісті қажет ететін нәрсе, ол – терминдердің дефинициясын ашу. Дефиницияны іздегенде, терминді жазған соң міндетті түрде саласын көрсетіп іздеу керек. Өйткені ол термин басқа салада басқа анықтамамен, яғни дефинициямен берілуі мүмкін. Терминнің этимологиясы осы дефинициямен бірге беріледі» деді басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Дәуітбекқызы.
Семинар барысында сараптамашылар тобы өз тәжірибелерімен бөлісті. Ұсыныс-пікірлер айтылды, атап айтқанда, сараптама сапасын арттыру үшін лингвистикалық талдау жұмыстарының құрылымын өзгерту жөнінде мәселе көтерілді. Шара сұрақ-жауап түрінде жалғасты.