Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен 2020 жылғы 20 тамызда «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының кезекті отырысы онлайн жүйесінде өткізілді.
Шараға Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасарлары Кеңесов Болат Нұрланұлы мен Рысжанов Азамат Жақыпбекұлы және тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі, Орфографиялық жұмыс тобының төрағасы Н.Дәуешов жаңа әліпбиді енгізу және осыған сәйкес емле ережелерін жасау мәселелері төңірегінде кіріспе сөз сөйледі.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Фазылжанова жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелері жобасына орфографиялық топ мүшелері мен тәуелсіз сарапшылардың қорытынды сараптамасы бойынша баяндама жасады. Баяндамашы жұмыс тобы мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан айтылған сын-пікірлерге ғылыми дәйекті жауап беріп, олардың орынды ұсыныстарының ескерілген тұстары туралы баяндады. Емле ережелерінің мейілінше екшеліп, ғалымдар сүзгісінен сан мәрте өткізіліп отырғанының мәні – оның халық тұтынуына ыңғайлы да жатық болуына ықпал ету екенін айтты.
Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің және тәуелсіз сарапшылардың емле ережелері бойынша берген ұсыныстары, пікірлері кең түрде талқыланды.
Отырыстың қорытындысында емле ережелер бойынша айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескеру және латыннегізді әліпби бойынша пернетақта жобасын әлі де пысықтау қажет деген шешім қабылданды.