Конкурс-2024: Екінші кезеңге 101 жоба өтті

Ұлттық кино орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу конкурсының бірінші кезеңін қорытындылады.

Атап өту қажет, Кино орталығы конкурстық іріктеудің бірінші кезеңі бойынша құжат қабылдауды 18 сәуірде аяқтады. Биыл анимациялық, деректі және ойын фильмдерінің әртүрлі санаттары бойынша біршама өтінім келіп түсті. Электронды түрде тіркелген сценарийлер мен сценарийлер жоспарларының жалпы саны 465-ті құрады.

Сараптама кеңесінің қарауына 375 сценарий мен сценарий жоспары ұсынылды. Оның ішінде ойын фильмдері бойынша 279 сценарий, анимациялық фильмдер 37 сценарий, деректі фильмдер бойынша  59 сценарий жоспары бар.

Сараптама кеңесі сценарийлер мен сценарий жоспарларының ағымдағы жылдың қаңтар айында жарияланған басым тақырыптарға сәйкестігін, киножобаның сценарийі немесе сценарий жоспарының тұжырымдамасын, сюжет құрылымы мен драматургия принциптерін, сонымен қатар сценарийдің техникалық тұсын, кейіпкерлердің бейнесінің ашылуын ескерді.

Осылайша, Сараптама кеңесінің оң қорытындысына ие болған 101 сценарий мен сценарий жоспары конкурстық іріктеудің екінші кезеңіне өтті.

Дина Ораз

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *