Адамның киім-киісінен, жүріс-тұрысынан оның қандай екенін білуге болады. Әрине, әйел затынан қарағанда ерлердің стилі көбіне қарапайым әрі жеңіл көрінеді. Дегенмен, ерлердің киім үлгісі арқылы мінезін анықтау кейде қиындық туғызып жатады. Мәселен, үнемі костюм-шалбармен жүретін ерлерді классиканың фанаты десек, ол жұмыс бабымен сол стильде жүруге міндетті болуы да мүмкін.
Ал, енді нақты “диагноз” қоя алатын жағдайларды қарастырып көрейік:
Қара, қара-көк, сұр түсті ұнататындар тұйық мінезді болып келеді. Сәйкесінше, ашық түсті киінетін жігіттер – оптимист, тез тіл табысқыш, ашық жандар.
Киімнің көлемі мен пішініне де назар аударыңыз. Кең жейделер мен шалбарларды ұнататын ерлердің өмірге деген көзқарасы жеңіл болады. Жалпы, кең киімдерді жақсы көретін жігіттер өздерін еркін ұстайды.
Егер, киімді қабаттап (жейденің сыртынан жемпір, пиджактың сыртынан плащ) киетін болса, бұл жігіттің жан-жақтылығын, темпераменттілігін білдіреді. Алайда, шектен тыс ұқыпты, гардеробын асқан байыппен таңдайтын ерлерде өз-өзіне сенімсіздік байқалады. Тіпті, өзінің сырт келбетіне қатты мән беретін жігіттер, осындай ұқыптылығымен айналасындағыларға “Менде бәрі жақсы!” деген сигнал таратып, өзін-өзі осылай тыныштандырады екен. Ал, өз орнымен, қарапайым, бірақ талғаммен киінетін ерлер – тәуелсіз, нағыз жаны жайсаң жандар.
Әйелдер ғой, түрлі әшекей-бұйымдармен назар аудартқанды жақсы көреді. Ерлер болса, шағын аксессуарлар арқылы өздерінің сымбаттылығымен қоса кемшілігін де көрсетіп қояды. Цепь, сақина, қапсырмалар(запонки) арқылы өздерін жоғары бағалайтындығын, жақсы күтінетіндігін көрсеткісі келсе, бір жағынан, бұл – өміріне наразы екенін аңғартады..
Тазаланбаған аяқ-киім… Бұл жігіттің өзі не кәсібі туралы ғана ойлайтынын білдіреді. Тек әйелдер туралы емес..
Ал, үнемі киетін шалбарымен, аяқ-киімімен қоштаса алмайтын жігіттер ескі өмірімен де қоштаса алмайды. Олар өміріндегі өзгерістерге, жаңа адамдарға, жаңаша қарым-қатынасқа ұзақ бейімделеді.
Ақерке Берденбекқызы