Таяуда еліміздің әр өңірінен жиналған масс-медиа өкілдері Алматы шаһарында ұйымдастырылған «БАҚ және инклюзивті қоғамды дамыту» атты конференцияда бас қосты. Маңғыстау өңірінен де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Олар – облыстық «Маңғыстау» газетінің бас және мақала авторы Кәмшат Ізбасарова бар. Айта кету керек шараны Қазақстандағы «Фридрих Эберт атындағы қор» өкілдігі ұйымдастырды.
Сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салған қатысушылар сұрақтарына жауап бергендер қатарында Ержан Сүлейменов, Зарина Ахматова, Марат Асипов, Руслан Ербота сияқты елімізге танымал медиа тұлғалар болды. Сонымен қатар спикерлер қатарында экономист, саясаттанушылар мен журналистика факультеттерінің оқытушылары да бар.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Алматы шаһарындағы «Friedrich Ebert Stiftung» қорының басшысы Толғанай Үмбеталиева, қоғам әртүрлілікті қабылдауға дағдылануы тиіс екендігін айтып өтті. Елімізде түрме, жетім балалар үйі мен қарттар үйі сияқты институттар құрылып, халықта оларға деген өзгеше көзқарас қалыптасқан. Бұл ретте инклюзия деген сөзді түсінетін топтар жоқтың қасы десек артық айтпаған болар едік.
Әлеуметтік топтарды бір жерге шоғырландыру үшін инклюзиялық қоғамды дамыту маңыздылығын жоғалтпай отырған өзекті тақырыптың бірі. Қысқасы, елімізде кемсітушілікке жол берілмеуі керек. Бұл ретте қоғамдық ойды жеткізетін, билік пен халық арасындағы байланысты жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан. Өйткені журналистер халықтың мұң-мұқтажын жоқтаса, екінші жағынан түйіні тарқамаған проблеманың шешу жолдарын көрсетуге ықпал ететін күш.
Алматы қаласында өткен конференцияда мына мәселелер талқыланды: БАҚ біздің қоғамымызға инклюзия идеяларын, құндылықтарын енгізуге қалай қатыса алады? Бұқаралық ақпарат құралдары біздің елде сенім ахуалын құруға қалай қатыса алады? Масс-медиа қалай қоғамды дамыту ресурсы бола алады – серіктестік моделін қалыптастыруға көшу, әртүрлілікті қабылдау?
Басқосуда бірқатар спикерлерге сөз берілді. Журналистикаға бет бұрғанына 6 ай болған ақтөбелік Арайлым Бөкенбаева, «Қорқыныш немесе жиіркеніш: ерекше жандардың қоғамдағы орны» тақырыбына қатысты сөз қозғады. Негізінен инклюзивті қоғам дегенді алғашында тек мүгедектермен байланысты проблема деп ойлағанын айтқан ол, бүгінде Ақтөбе өңірінде тіл мен дін мәселесінің өзекті екендігін айтты.
«Журналистикаға келмей тұрып мектепте көп жылдар педагог-психолог болып жұмыс жасағанмын. Әсіресе даун синдромы, аутизм және сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарымен тілдесіп, бірнеше рет жанайқайын тыңдадым. Әсіресе көшеде, жолаушылар көлігінде, емханада және тағы басқа халық көп шоғырланатын жерлерде шеттетулер орын алғандығы туралы жиі айтылатын», – деді ол.
Қоғамда не көп, шешімін таппаған мәселе көп. Қолына қалам алған Арайлым Бөкенбаева инклюзия тақырыбын тереңнен түсінуге тырысып көрген. Өзінің әріптесі «Керек info» газетінің тілшісі Гүлсая Ыбырай туралы дайындалған бейнематериалды конференцияға қатысушылардың назарына ұсынды. Онда сал ауруына шалдыққан Дос Иман есімді ұлы туралы баяндалады. Жергілікті «РИКА-ТВ» телеарнасының «Арайлы таң» хабарының тілшілеріне бірген сұқбатында жас тілші бойында проблемасы бар адамды қоғам құшақ жайып қарсы алмайтынын ашық айтты. Жалпы инклюзивті қоғам құру керек пе? Қазақстанда инклюзия бар ма әлде жоқ па дегенде, бізде тіпті инклюзивті сана сезім оянбаған дейді кейіпкер.
Мысалы инклюзивті қоғамның Еуропада, Скандинавия елдерінде, Швеция, Норвегияда 20-30 жылға алға кеткен, әлде қайда бір жолға қойылғанын көруге болады. Тіпті көршілес Ресейдің өзі бұл мәселеге қатты мән беруде. Біздің елде өкінішке орай дискринимация әлі де болса бар. «Мен өзімнің баламмен көшеге шықсам, базар араласам, тойға барсам немесе саябақта қыдырып жүрсек, менің балама қарап өз баласының қолын қаттырақ қысып жүр былайрақ жүрейік деген сияқты немесе айналып үш рет түкіріп, бетін аулақ қылсын дегендей жағдайлар көз алдымда болды. Менің құлағым ондайлаға үйреніп кеткенімен, кейбір аналарға бұл жағдайларды бастан өткеру психиологиялық соққы.
Нәтижесінде іштей қиналап баланы далаға шығарғысы келмейді, өзі де далаға шығуды азайтады. Тіпті менде осындай бала бар деп айтуға ұялып, іштей қиналады. Бұл жерде айтайын дегенім қоғам алдымен өзін тәрбиелеп алуы керек. Қоғам өзі түсініп, біз сияқты жандарды қабылдауы керек. Жалпы мүгедек балаларға көңіл аудармасақ болмайды, себебі адам бойында қатыгездік пайда болады. Мүгедек баланы бағу белгілі бір спортшыны үлкен жарыстарға дайындағанмен бірдей. Күнделікті жаттығу, массаж, басқа да ем-дом жасап отырмаса болмайды. Түбінде олардың да қатарға қосылуы мүмкін және осыған жағдай жасалуын уәкілетті органдар қадағалауы қажет. Қоғам біз сияқты адамдардан алшақтамай керісінше қатарына шақырса, көңіл аударса деген тілегім бар», дейді жас ана.
Инклюзив дегенді қоғам жалпыхалықтық комфорт деп қабылдауы керек. Яғни, бір-біріне деген құрметін көрсетіп комфортта өмір сүре білсе, онда проблема азаяр еді. Мәселен, аулада отырған кезде дені сау балалардың қасына шақырып бірге ойнаса бұған кім қарсы шығар еді? Өкініштісі сол кемсіту әлі де болса бар, себебі өз көзімізбен көріп жүрміз. Неге баланың басы кішкентай, неге жүрмейді, жасы болса 5-тен кеткен неге балабақшаға апармайсың деген сияқты ыңғайсыз сұрақтар әсіресе 50-60 жастағы буында бұл жағдай көп кездесетін көрінеді. Осындай сөздер кім-кімге де ауыр тиері сөзсіз.
«Біз сияқты, яғни мүгедектігі бар аналар қоғамнан ең алдымен осыны күтеді. Көбіне біз сияқтыларды басқалары аяп жатады, шын мәнісінде бізге аяушылық қажет емес. Баланың басынан сипап, қасынан жақсы тілегін айтып өтсе, осының өзі бізге жетіп жатыр. Ең бастысы кемсіту болмаса екен деген тілегім бар. Ал аяушылық десе, тіпті оны көрсетудің қажеттілігі жоқ. Себебі ана да, бала да сезімтал келеді. Сонымен қатар, бұл мүгедек бала, ал мына бала дені сау деп қарасақ, ол кім-кімге де ауыр тиеді. Жалпы мүгедек деген сөздің өзі ауыр естіледі. Мәселен дамыған елдерде мүгедек деген сөз қолданылмайды. Бір ғана Американың өзі бұл сөзден әлде қашан арылған. Менің айтпағым мүмкіндігі шектеулі жандарға теңдей қарасаңыздар екен», – дейді журналист.
Арайлым Бөкенбаевның айтуынша, Ақтөбе өңірінде 3000-ға жуық түрлі диагнозбен тіркелген балалар бар. Дискриминация сәби дүниеге келген перзентханадан бастау алған. Баладан бас тартуға кеңес берген дәрігерлер болған. Бұған дейін сауалнама жүргізілген, осындай мүгедектігі бар балаларды неге қоғам жылы қабылдамайды деген сұраққа ата-аналардың дені менталитетпен, әсіресе сана сезімнің төмендігі және мейірімнің аздығымен байланыстырған. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде қысқаметраджы фильмдер түсіру қажет және кинотеатрларда көрсетілсе деген ойымен бөлісіп ақтөбеліктер, сонда ғана көзқарас өзгеруі мүмкін деген болжам жасаған.
«Ата-аналар бұл проблемаға ат үсті қарамауы тиіс. Олар көбіне осындай балаларының барын жасырады, көшеге шығарудан ұялады, тойға немесе жұмысқа апаруға ұялатынын білеміз. Біреулерде мансабына кесірі тиеді деген стереотип түсінік қалыптасқан. Мәселен, аутизм тұқым қуалайды. Бір отбасында екі немесе үш баланың белгілі бір ауруларға шалдығуы ғажап емес. Осындай жағдайда кейбір отбасыларда күйеулері әйелдерін тастап кетіп жатады. Айналып келгенде ауыртпалықтың барлығы көбіне әйел адамға түседі. Сол себепті әйелдер бойындағы қорқыныштан арылып, қандай ауыртпалық болмасын өмірдегі күресін әрі қарай жалғастыра беруі керек», – деп қорытындылады өз сөзін спикер.
Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар Темірбекова, қорқыныш және жиіркеніш туралы өз ойын білдірді. Оның айтуынша, расында біз бұл жандарды көргенде неге қорқамыз және не үшін аяушылық білдіреміз деген сұрақты әр адам алдымен өз-өзіне қойғаны дұрыс. Жасыратыны жоқ, осындай проблемаларды көрмеуге тырысамыз. Оларға жағдай жасауға қауқарлы емеспіз. Дені сау адамдар сыртқа шығып серуендегенде, мүгедектігі бар адамдар көп жағдайда үйде отырады. Себебі оларға арнап пандус немесе лифт салмаймыз, қысқасы өзімізге жасаған жағдайды мүмкіндігі шектеулі жандарға жасамаймыз деп ойын ашық айтқан ректор, сананы бүгіннен өзгертпесек ертең кеш болады деп есептейді.
«Шыны керек, қоғамда екі жүзділік ұстаным бар. Жалпы балаларын тастап кеткен аналар жайында мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында бірінен соң бірі жазылып жатады, яғни журналистер осындай мәселелерді жарыса жазғанды ұнатады. Ал түрлі ауруға шалдыққан балаларды дүниеге әкелген аналарға баладан бас тартуға кеңес беретін дәрігерлер немесе қоғамның басқа да өкілдері туралы өткір мақалалар жоқтың қасы. Неге тек бір жақты қараймыз, неге мәселенің екінші жағына үңілмейміз деген сұрақтың жауабын іздегеніміз дұрыс болар», – дейді ректор.
«Медиа ON» республикалық ақпараттық-талдау агенттігінің жауапты редакторы Сағындық Жанысбаев өз сөзін дәстүрі мен салты сақталған қазақтың Оңтүстік, Батыс өңірлері ырым мен тиымға берік мекен деп айтсақ артық айтпағандығымыз болар деп бастады. Қазақта салт-дәстүрлер бар. Солардың бірі – келіннің бетін ашу үшін беташар рәсімі өткізіледі. Жаңа келіннің қолтығын абысындары сүйемелдейді. Бұл жерде көзге оғаш, құлыққа жұтаң естілетін ырым бар. Егер қолтығын сүйейтін абысыны бала көтере алмай жүрген болса, немесе бедеу болатын болса қолтығынан ұстаған былай тұрсын шашу да шашқызбайды.
Оның себебі жаңа түскен келінге кесірі тиіп, бала көтере алмауы мүмкін деп түсіндіріледі. Алып қарасақ бұл таза дәстүрдегі дискриминация. Жалпы барлығы бірдей емес, осындай ырымға сенетіндер де сенбейтіндер де бар. Инклюзиялы қоғамды қалыптастырып, тең дәрежеде өмір сүру үшін мұндай, бір тиынға қажеті жоқ ырымның қазақтың дәстүрінде алатын орны жоқ деп санаймын деген спикер, тілші ретіндегі субъективті көзқарасым деп қабылдауды сұраймын деп ағынан жарылды. Айта кету керек, конференция кезінде бұл пікірге қарсы шыққандар да табылды.
Қазақ қоғамына инклюзия тақырыбы таңсық. Инклюзияның дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бір фактор, орыс тілді баспасөзіне қарағанда қазақ тілді БАҚ дискриминация тақырыбындағы мақалалардың аздығы.
Мойындау керек, бүгінде елімізде ең ықпалды саналған газеттер бірінен соң бірі жабыла бастады. Радиолар мен телеарналар көбіне шоу бизнеске көп көңіл бөлгелі қай заман… Ал сайттар контент жинау үшін қазақ тілді немесе орыс тілді болып бөлінуге көшті. Басқосуда сөз сөйлегендердің дені бүгінгі БАҚ беделі төмендеп бара жатқандығына алаңдаулы екендігін жасырмады және осылай жалғаса беретін болса, оқитын газет, тыңдайтын радио және көретін телеарналарды ғұмыры ұзақ емес екендігін алға тартты. Рас, жеке газеттер мен телеарналар тек жаранаманың күшімен отыр, ал мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыстың арқасында күн көруде. Еліміздегі БАҚ өздерінің аудиториясын жоғалтып алмауы үшін, қандай қадам жасауы керек деген сұрақ қойылған болатын. Бірнеше мысалдар айтылды. Соның бірі халықаралық тәжірибеге сүйену керектігі айтылды.
Мәселен, әлемдегі ең ықпалды басылымдардың бірі саналатын Ұлыбританияның «The Guardian» газетінің таралымы 100.000-нан аспайды. Ал басылымның электронды нұсқасына жазылған оқырмандар саны 1 млн. асып жығылады. Газеттің ерекшелігі әрбір көлемді мақаланың соңғы сөйлемінде оқырмандарды газеттің еңбегін бағалауға шақырады және газетті тегін ұсынады. Есесіне оқырман өзі қалаған қаржыны беруге мүмкіндігі бар екендігі ескеріледі және газетке өзі қалаған қаржыға жазылуға кеңес беретін көрінеді. Конференция отырысында осыны үлгі ретінде алып, елімізде неге жүзеге асырмасқа, сонда ғана тәуелділіктен арылып, отандық журналистика тағы бір қырынан танылар еді деген ұсыныс айтылды.
Бұл ұсыныстан түкте шықпайды деген «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота, ағылшын аудиторисын біздің аудиториямен салыстыруға келмейді деп қысқа қайырып, мысал келтіріп өтті. Оның айтуынша, «Жас Алаш» газетінің оқырмандары барлық мақаланың сайтқа шыққан қалайды. Тілшінің айлық жалақысы, қағаздың шығыны, кеңсені жалға алу, коммуникация, тоқ, су сияқты ай сайын төленуі тиіс шығындарды ескеріп жатқан оқырман жоқ. Газетке жазылатындар бар, бірақ оқырманның басым бөлігі ақпаратты интернеттен тегін оқығысы келеді. Бір жағы ақылы, екінші жағы тегін болуы газет ұжымын шығынға ұшыратпаса, табысқа шығара қоймасы анық. Ойлана келе газеттің творчествалық ұжымы сайтқа газеттің «PDF» форматын енгізген. Мәселен, «Жас Алаш» газетіне 1 жылға жазылу үшін 6500 теңге жұмсасаңыз, «PDF» форматына жазылу бар болғаны 1500 теңгеге шығады. Нәтижесінде интернеттен жаңалық күтетін оқырмандардың ішінде «PDF» форматына жазылғандар саны жоқтың қасы. Спикер қазіргі таңда оқырманның көңілінен шығу қиын болып тұрғанын айтады. Сайтқа күніне 6000-ға жуық адам кіреді. Газетке шығатын материалдардың саны сайтқа салуға шектеу қойылған күннен бастап, қағаз тиражы өзінің деңгейін әзірге сақтап тұр. Сол себепті Ұлыбританияның «The Guardian» газетіне еліктеп, оқырманға тегін газет таратуға қазақстандағы нарық дайын емес.
Ал, Сүлеймен Демирел атындағы университетінің журналистика факультетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Молдияр Ергебеков журналистердің проблемасы бар, әсіресе социологиялық тұрғыдан сауатсыздық байқалады деп кесіп айтты. Алдымен осы мәселеге біраз үңілуге кеңес берді. Медиадағы инклюзияға байланысты зерттеулер туралы сөз қозғаған ол, медиа және коммуникация зерттеулерінде «Инклюзив медиа» кездескенімен, алайда инклюзив медианың теориялық сипаттамасы, анықтамасы немесе өзге де ерекшеліктері жоқ немесе инклюзив медианың теориялық негізі, әлемдік медиа зерттеулерінде әзірге жасалмаған көрінеді.
Десек те, «инклюзия» ұғымы соңғы 30 жыл бойы әлеуметтану мен саясаттану теориялары ішінде ең көп айтылған ұғымдардың бірі. Бұл ұғым, әсіресе қоғамның полюсінде өмір сүретін тұлғалар мен қауымдастықтардың қоғам тарапынан қамту алаңына алынуын алға тартатын ғылыми пікірталастарда қалыптасты. Инклюзив медиа дегеніміз жаңа ұғым, бұл жайында ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Әлем былай тұрсын тіпті орыс немесе ағылшын тілдерінде де таба алмайсыз. Негізінен инклюзияны көбіне социология және педагогика саласында көп кездестіруге болады. Ал медиада екі түрлі ұғым арқылы келген. Біріншісі – халықтық хабар тарату, екіншісі – альтернативті медиа. «Халықтық хабар тарату» ұғымы қазіргі таңда ВВС деп аталып жүрген ағылшын хабар тарату корпорациясының (British Brodcasting Corparation) құрылу жылдарынан бастау алады. Бұл ұғымды ВВС-дің алғышқы Бас директоры болған Джон Рейт қалыптастырған.
«Халықтық хабар тарату» дегеніміз «Халық үшін жасалынатын, халық тарапынан қаржыландырылатын және тарапынан бақылауға алынатын» хабар тарату қызметі дегенді білдіреді. Барлық халықты қамту арқылы, оның ішінде әрбір топты, белгілі бір тұлғаларды қамту арқылы бағдарламалар мен ақпараттардың дайындалуына себеп болған. Сондықтан да, қазіргі таңда жоғарыда айтылған «Public Broatcasting» әлі де біраз зерттеуді қажет етеді.
Ал енді «Альтернативті медиа» дегенді қалай түсінуіміз керек дегенге келетін болсақ, тек қана медиа өнімдерінің өзгеше немесе радикал болуын емес, сонымен қатар өндіріс құрылымы мен үрдістері тұрғысынан да негізі ағымдағы медиа практикасынан оқшаулану болып табылады. Осылайша гегемониялық өндіріс формасына және ағым медианың үстемдігіне қарсы шабуыл жасау, қорғаныс ұйымдастыру және осы бағытта тәуелсіз түрде күресе алу дегенді де білдіреді.
Конференцияны жүргізіп отырған модератор Ольга Каплинаның Қазақстандағы БАҚ инклюзивті болуы үшін журналистер не істей алады деген сұрағына, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота былай деп жауап берді: Журналистер үш тілді болуға ұмтылуы тиіс. Қазіргі таңда қазақ тілді журналистердің ішінде мемлекеттік тілден бөлек орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жаза алатындары көп екендігі жасырын емес. Сол себепті, орыс тілінде жазатын журналистер қазақша үйренгені дұрыс. Яғни, қазақ аудиториясын танып білуі керек.
Ал, Молдияр Ергебектің ойынша, инклюзивті медианы қалыптастыру үшін алдымен медиа құрылымдар арасында тығыз байланыс орнауы тиіс. Яғни телевидение, радио, газет немесе интернет басылымдар өз алдына немесе қазақ тілді және оріс тілді аудиторияға бөлінбей, достық аудиторияны құрып алған жөн. Кез-келген басылымнан немесе мақаладан кемшілік іздеп, сыни көзбен қарауды доғарып, журналистер арасында бір-біріне деген құрмет болуы керек. Қысқасы диалог құрудан тартынбай, бір-бірімізді қолдай білсек, инклюзивті қоғам орнары анық.
Белгілі журналист Марат Асипов, журналистер шенеуніктердің құралы немесе өздерін біреудің алдында қарызы бардай сезінбеуі тиіс екендігін айтты. Журналист тек оқырман, тыңдарман немесе көрермен үшін қызмет етеді. Журналистика – бұл бизнес. Кез-келген медиажоба, мейлі ол телевидение болсын, газета немесе интернет болсын қаржылай жағынан өзін ақтай алатындай болуы керек. Баспасөзде ең қызықты мақалалар жарық көрсе, кез-келген медиа-жоба дағдарысқа ұшырамайды.
Сонымен қатар, журналистердің бірнеше тілде еркін сөйлеп, жазуына жағдай жасау әр адамның өзіне тікелей байланысты. Орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде жаза алсаңыздар тілшілер неғұрылым көп болса, соғұрылым сұранысқа ие болмақ.
«Қанша тілді көп білген сайын, горизонт кеңейе түседі. Бұл ретте бір ғана мысал келтіріп өтуге болады. Эдуард Шеварднадзе Грузия Президенті болып тұрған тұста, негізгі оқулықтан орыс тілін алып тастаған болатын. Ресеймен қарым-қатынас қайта жақсарған кезде, бұрынғы Кеңес дәуірі тұсында бірге көршілес болып тұрған Ресей, Украина және Қазақстан сияқты елдерден көптеген туристер Грузияға ағылды. Алайда тіл барьері өзінің кесірін тигізді, себебі жастар көбіне ағылшын тілінде сөйлейтін және орыс тілінде қызмет көрсете алмаған, сонда туристердің азайып кеткендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Тіл білмеу кез-келген елдің экономикасына кері әсерін тигізетіні рас. Сол себепті, тіл білгеннің артығы жоқ», – деді Марат Асипов.
Конференция барысында мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан екендігі де сөз болды. Бұл ретте «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Кәкімжанов сөз алды. Оның айтуынша, Қостанай өңірінде 830.000 адам тұрады. Оның 330.000 жергілікті халық, яғни – қазақтар. Сол 330.000 қазақтың жартысы орыстілді. Ал газеттің таралымы бар болғаны 9000 тираж. Яғни, мемлекеттік тілде ақпарат алу мүмкіндігіне 150.000-нан астам қазақ ие болып отыр. Мемлекеттік тапсырыстың арқасында жұмыс жасап тұрған газеттің 50 қызметкері бар. Монополиялық мекеме болған соң газет сатылуға шығарылған. Қостанайда шығатын облыстық деңгейдегі газеттердің барлығы бұған дейін сатылып кеткен, алайда кейбірі өзін ақтамастан жұмысын тоқтатқан. Қаржы табуды көздеген басылымдар, штаттық құрылымдарын 50% қысқартыпты, ақпараттардың жартысы мемлекеттік тапсырысқа негізделсе, қалғанын орысша жарнама таратуға негізделіп отыр.
«Біздің аймақ орыс тілді аудиторияға толы. Сол себепті таратылатын ақпараттардың дені ресми тілде жарыққа шығып отыр. Газет 4 жыл қатарына жекешелендіруге жатқызылып, сатылымға шығарылды. Газеттің бағасы 90 млн. теңгеге бағаланып, абырой болғанда сатып алушы табылмады. Біз осыған қуандық. Сонымен қатар, газеттің сайт версиясы жұмыс жасап тұр. Ондағы мақсатымыз, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту болып табылады. Қазіргі уақытта өңірдегі газеттердің рейтингісінде біздің басылымның сайты үшінші орында. Бұл біз үшін үлкен жетістік», – дейді Жұматай Кәкімжанов.
Теңдік иллюзиясы туралы сөз қозғаған Азаттық радиосының тілшісі Аян Қалмұрат, қазақстандық БАҚ үшін әйел кім деген сұраққа жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының статистиканы көз жүгіртсек әйелдер үшін ең қауіпті орын олардың үйі деген мәлімет келтірілген. Әлемде бір күнде 137 әйел өзінің туысының немесе күйеуінің қолынан қаза табатын көрінеді. Мәселен 2017 жылы көз жұмған әйелдер саны 87000-ға жеткен. Жалпы әйел образының БАҚ репрезинтациясына қарайтын болсақ көптеген проблеманың бар екендігін байқауға болады.
Мысалы, википедияның өзінде талаптары бар, онда әйелдер туралы мақаланы қалай жазу керектігі туралы таба аласыз. Ал қазақ басылымдарында әлі мұндай көмек құралы жоқ. Сонымен қатар ағылшыншада мақаланың басында әйел туралы ханым деген мақала мүлдем жазылмайды. Неге? Себебі ол әйелдің тұрмыста немесе тұрмыста еместігі маңызды емес. Ал бізде мүлдем басқаша, мысал ретінде қарасақ Илья Илиьиннің әйелі басты тақырыпта тұруы ғажап емес. Яғни, бізде белгілі бір база қалыптаспаған. Мүгедектігі бар адамдар немесе мүмкіндігі шектеулі жандар дегеніміз дұрыс па? Бұл сұрақтың өзінде Сізге нақты жауап бере алмайсыз, табылғанның өзінде әркім өзінікін дұрыстап шығуы ықтимал.
Екіншіден, бізде салалық журналисткаға мән бергенде экономика, әлеуметтік немесе соттың жұмысы туралы хабар тарататын журналистер іздейміз. Ал адам құқықтары, әйел құқықтары немесе бала құқықтары туралы жазатын журналистерге көңіл аударылуы екіталай. Осыны да салалық журналистика түрі ретінде дамытып, адам құқығын бұзбайтындай етіп мақала жаза алатын, репортаж жасайтын немесе видео түсіре алатын журналистерді дайындауымыз керек және ең бастысы нұсқаулық керек.
Мәселен, үтір немесе тырнақша қай кезде қойылуы керек деген сияқты журналистер үйретілуі тиіс. Тура сол сияқты әйелдер немесе балалар туралы жазатын журналистерге арнайы нұсқаулық дайындау керек. Ал нұсқаулықты дайындау үшін құқық қорғау органдары және басқа да тәжірибелі сала мамандарын тартып, дайын нұсқаулықты барлық жоғарғы оқу орындарында тарату қажет. Мәселен танымал құқық қорғаушы Айман Омарова өз сөзінде былай деген болатын: зорланған бала туралы хабар таратқан кезде көптеген журналистер жерде жатқан ластанған қуыршақтың суретін пайдаланады, бұл баланың ластанғанын білдіреді және бұлай жасауға болмайды.
Тағы бір мысал, егер бір әйел туралы мақала дайындасаңыз оның қасына күйеуімен түскен суретті салудың қажеттілігі жоқ. Себебі материал оның күйеуі емес немесе оның отбасы туралы емес. Мақала тек кейіпкер туралы болуы керек. Осындай нормалар енгізілуі тиіс және мақала авторы журналистиканың этикасын жадынан шығармауы тиіс.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота, тақырыптық қателер немесе ақпараттың берілу кемшіліктердің бар екендігін жоққа шығармады. Әсіресе «Нұр.kz», «El.kz», «Қамшы» сияқты сайттарға қатысты айтылған кемшіліктерді, кез-келген басылымнан табуға болатынын айтты. Сондай-ақ, орыс баспасөзінде еркіндік жоқ, ал қазақ баспасөзсінде еркіндік бар деген пікірге қарсы екендігінде жеткізді. Жасыратыны жоқ, қазақ баспасөзін шенеуніктер аса бір қызығушылықпен оқи бермейді. Елді дүрліктіретін үлкен мәселе көтеріле қалса жетіп жатыр, қазақ баспасөзі мұқият қадағалауға алынады. Шындыққа келетін болсақ бүгінде жазарға тақырып таппай отырған медиа аз емес. Оқырман тарту үшін тақырыбын айқайлатып қоюға тура келіп тұр кейбір ақпарат құралдарына. Сол себепті қазақ тілді сайттар өздеріне контент жинау үшін осылай жасауға мәжбүр.
Осы күнге дейін көптеген орыс тілді сайттар қолдауға ие болды. Олардың әр қайсысының артында демеушілері мен холдингтер тұрды, «Қазақстан Темір Жолы» немесе «Верный капитал» және т.б. Ал, қазақ тілді сайттар қолдау таппады деуге болады. Оларға қаржылық қуаты бар қолдау көрсетіп отырған олигархтың біреуін таппайсыз. Ал бүгінде көш бастап тұрған мемлекеттік тілде ақпарат тарататын сайттар жекелеген журналистердің өз күшімен күн көруде. Бұл жерде реплика тастауға болмайды және тек қазақтілді журналистерде сөз бостандығы бар дегеніміз әділетсіздік.
Сонымен қатар, Қазақстанда инклюзия бар ма деген сұраққа, конференцияға қатысушылардың басым бөлігі «жоқ» деп жауап қатса, Руслан Ерботаның ойынша керісінше біздің елде инклюзия бар. Мысалы, аулаға 4-5 жастағы шығарсаңыздар жетіп жатыр. Кәріс, орыс немесе қазақ болсын, мүгедектігі бар балалар болсын, олар бір-бірін бөлмейді. Өзара тез тіл табысады және кез-келген тілде еркін сөйлесіп кете алады. Яғни бізде, нағыз инклюзия балалар арасында бар. Барлығын жоққа шығарып жүрген өзіміз, яғни бұған ересектер кінәлі. Сондықтан да, алдымен көзқарасты өзгертуді жасы үлкен буын өздерінен бастағаны жөн.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоғамда болып жатқан кез-келген өзгерістерді, әркім өзінен бастауы қажет. Сонда ғана қоғамда инклюзивті сана туралы түсінік қалыптасатыны анық.
Дайындаған: Кәмшат Ізбасарова
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы